Қостанайда тұрғын үй жағдайын жақсартуды жоспарлаған азаматтарға бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін тұрғын үй сертификатын алуға өтінім қабылдау басталды. Бұл мақсатқа 2026 жылдың соңына дейін жергілікті бюджеттен 50 млн теңге қарастырылған.
Тұрғын үй сертификаты – азаматтарға баспана сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеуге берілетін мемлекеттік қолдау шарасы. Қостанай қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары бөлімінің ресми мәліметінше, 2026 жылдың қыркүйек айына арналған сертификатты алуға өтінімдер 15 қыркүйектен бастап электронды түрде қабылдануда.
Тұрғын үй сертификатының мөлшері тұрғын үй сатып алу кезіндегі бастапқы жарнаның 90 пайызына дейінгі соманы құрайды. Алайда берілетін қолдау көлемі 1,5 млн теңгеден аспайды. Мысалы, бастапқы жарна 1,5 млн теңге болса, азамат сертификат арқылы оның 90 пайызына дейін, яғни 1,35 млн теңгеге дейін көмек ала алады.
– Тұрғын үй сертификатын беру – мемлекеттік қызмет. Өтінімдер тұрақты негізде, бюджетте қаражат болған жағдайда қабылданады. Тұрғын үй сертификаты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеуге бағытталған. Оны алуға құқығы бар азаматтардың санаттары мен сертификат мөлшері Қостанай облыстық мәслихатының 2025 жылғы 25 тамыздағы №239 шешімімен белгіленген, – деп хабарлады мамандар.
Тұрғын үй сертификатын алуға халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар өтінім бере алады. Олардың қатарында жетім балалар, толық емес және көпбалалы отбасылар, жесірлер, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері және жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, жасына байланысты зейнеткерлер мен қандастар да сертификат алуға құқылы.
Бұдан бөлек, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары, тау-кен және ауыл шаруашылығы салаларындағы сұранысқа ие мамандар да тұрғын үй сертификатына өтінім бере алады.
Тұрғын үй сертификаттары тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының бірі саналады. Өтінімдер белгіленген тәртіппен электронды түрде беріледі. Ал сертификаттарды беру бюджетте қаражат болған жағдайда жүзеге асырылады.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Сурет ЖИ
