Қостанайда «Дерт» картинасының түсірілім жұмыстары жалғасуда. Фильмнің бас режиссері әрі продюссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің және «Дарын» жастар сыйлығының иегері, «Cinema 28» компаниясының жетекшісі Назгүл Қарабалина.
Осы орайда түсірілім алаңына арнайы барып, бас режиссердің өзімен жүздесіп, сұхбаттасып қайттық.
Әңгіме барысында оның өнердегі алғашқы баспалдағы, актрисалықтан продюссерлікке келуі және бүгінгі шығармашылық ұстанымы сөз болды.
— Назгүл ханым, Қостанай өңіріне қош келдіңіз. Сіздің шығармашылық жолыңыз осындағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрынан басталғаны белгілі. Театр табалдырығын алғаш аттаған сәтіңіз есіңізде ме?
– 2000 жылы 4 курста оқып жүргенімізде бізді Қостанайға практикаға жіберді. Сол жылдары Қазақстанның бірқатар қаласында қазақ театрлары ашылып жатты. Оны ашуға ұстазымыз Тұңғышбай Жаманқұловтың курсы таңдалды. Сөйтіп, 22 студент Қостанайға келдік.
Алғашқы ойнаған қойылымдарымыз дипломдық жұмыстарымыз болатын. «Фархад-Шырын» және «Шөп қорыған ит» спектакльдерімен өнер көрсеттік. Кейін, қателеспесем, Петропавл қаласында өткен үлкен театр фестиваліне дайындалып, «Абылай хан» спектаклін сахналадық. Сол жерде Азамат жас Абылайдың рөлін, ал мен оның ғашығын ойнадым.
Жалпы, біздің үлкен өнер жолында тұсауымыз кесілген жер – осы Омаров театры. Сондықтан бұл қаланың біз үшін орны бөлек, өміріміздегі маңызды кезеңдерді өткерген мекен деп айта аламын.

— Тек өнерге емес, сондай-ақ үлкен өмірге де қадам басып, Азамат Сатыбалды екеуіңіз осы қалада отбасын құрдыңыздар. Қостанайда өткен жастық шағыңыздың бір жылын еске алсақ.
– Иә, осындағы мешітте некеміз қиылды. Ол кезде Азамат екеуміз өнер академиясында оқып жүрген қыз бен жігіт едік. Алматыдан келген барлық жас маманға уақытша тұруға арналған пәтерлер берілді, бізге 2 бөлмелі баспана бұйырғаны есімде. Студент болып келген біз үшін ол пәтер зәулім сарайдай көрінетін. КЖБИ деп аталатын аудандағы тоғыз қабатты үйде тұрдық. Жастықтың ең қызық шағының бірі сол үйде, сол ортада өтті.
Ол уақыт – халықтың 90-жылдардың тұрмысынан енді шығып жатқан кезі еді. Шамалы шәкіртақымыз бар, театрдан алатын аз-мұз жалақымыз да болды. Бірақ қала аралап, жан-жақты қыдыратын жағдайымыз бола бермеді. Бір-біріміздің туған күнімізге селедка балық немесе қант тарту ететінбіз. Қазір естіген адамға күлкілі көрінер. Бүгінгі студенттер кофеханада бас қосып, тіпті сабақтарын сонда отырып оқиды ғой. Ал сол уақытта біз өзімізге жақсы көңіл-күйді осылай сыйлап, соған шынымен қуанатын едік. Біреуімізге алыстан ата-анамыз келсе, сол үйге жиналып, бір табақтан ас ішетінбіз. Біздің топ арасындағы жылы аралас-құраластығымыз әлі есімде.
– І.Омаров атындағы театрға соңғы рет қашан бардыңыз?
– Жаңа театрға әлі барған жоқпын. Театр қазір гастрольдік сапарда жүр екен. Оның үстіне Алматыдан Азаматтың түсірілімге келгенін күтіп отырмын. Екеуміз бірге барып, театр ұжымымен жүздесіп шығамыз деген ойдамын. Шығармашылығымызға жол ашқан шаңырағымыз болғандықтан, ол жерге бірге барғанды жөн көріп отырмыз.
«Сахна сырты көбірек ұнайды»
-Алматыда М.Әуезов театрында ұзақ жыл түрлі рөл сомдадыңыз, фильмдерден де көріп жүрдік. Қазір көбіне сахнаның сыртында, камераның бергі жағындасыз. Кино түсіру бұрыннан ойыңызда бар дүние ме еді?
– Бұның барлығы тәжірибемен келеді екен. Бір кездері сахна сыртындағы шығармашылық процесс қызықтыра бастады. Спектакльдерде де ойнап, киноға да түсіп жүрмін ғой. Дегенмен сахнаның өзінен гөрі оның сыртында жүріп жатқан жұмыстың өзіме жақын екенін түсіндім. Біртіндеп «Неге өзім көріп жүрген дүниені жасап көрмеске?» деген ойлар келіп, осы түсіріп жүрген фильмдеріміздің идеялары туындай бастады. Осылайша өзімнің ойымдағы дүниелерді экран арқылы жеткізуге деген қызығушылығым арта түсті. Сондықтан бұл маған біртіндеп келіп, тәжірибемен қалыптасқан жол болды. Қазір, міне, ұжымның төртінші жобасы жүріп жатыр.
— Сіз үшін жақсы фильмнің өлшемі қандай?
– Режиссер – бүкіл процестің басында тұрған адам. Қойылым болсын, кино болсын, оның негізгі мақсаты – көрерменнің жүрегіне жету, оның жанына өзің айтқың келген ойды жеткізу. Осы мақсатқа актердің ойыны да, сценарий де, түсірілім атмосферасы да, декорация мен реквизит те жұмыс істейді. Яғни экранда көрінетін әр бөлшектің өз маңызы бар. Ең бастысы – сенің нақты қандай идеяң бар, не көргің келеді, не айтқың келеді деген мәселе.
– Бүгінгі тәжірибеңізге сүйенсек, жас әртістің, әсіресе, Алматыдан алыс өңірлердегі мамандардың шығармашылықпен айналысу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Өнердегі ең құнды нәрсе – идея. Жақсы идея болса, оны жүзеге асыруға мүмкіндік табылады. Мысалы, біз Қостанайға қанша адамнан тұратын команданы алып келдік. Сол сияқты мұнда да жақсы идеясы бар мамандарға мүмкіндік берілсе, жақсы режиссерлер мен шығармашылық топтар қалыптасады. Негізінде, өңірлерде талантты мамандар бар. Тек соларға мүмкіндік керек.
Мәселен, тапсырыс берілсе, неге түсірмеске?! Шығарашылықпен айналысамын деп ниеттенген адамға мүмкіндік пен қолдау керек. Өнер адамы, әр нәрсені көру керек, мейілінше қызығу керек, танысу керек, іздену керек, оқу керек, талпыну керек. Өзін үнемі ізденісте ұстағаны абзал, адам өзін қамшылап отырса, ол сені кері тартпайды.

«Дерт» – кейіпкердің жан дүниесінің күйі»
-Қаламызда түсіріліп жатқан «Дерт» туындысына тоқталсақ. Фильм атауындағы «Дерт» сөзінің астарында қандай мағына жатыр?
– Бұл картинадағы «Дерт» ауру деген сөзден сәл алысырақ. Ауру – ол адам тәнінің ауыруы, дене жарасы болуы мүмкін. Ал дерт – адамның ішкі толғанысы мен сезімі. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінде» кейіпкердің «Мен шын дерттімін» деген сөзі бар. Ол жерде дене мүшесінің ауырып тұрғанын айтып тұрған жоқ, өзінің жанкүйзелісін, Сырымға деген сезімін айтып тұр. Сондықтан біздің «Дерт» – адамның ішкі жан дүниесінде болып жатқан дүниенің атауы.
— Эпизодтық рөлдерге қала тұрғындары да қатысып жатыр. Жергілікті халықтың бұл процеске деген қызығушылығы қандай? Бұл жақтағы түсірілім қанша күнге жоспарланған?
— Түсірілім толықтай дерлік Қостанай облысында өтеді, жалпы 22 күнге есептелген. Техникалық жағдайларға байланысты тек 1 сахнаны Алматыда түсіретін боламыз.
Қостанай жұртшылығының ықыласын ерекше атап өткім келеді, ризашылығымды жеткізгім келеді. Сіздерде ерекше ілтипат бар. Бұл тек біздің киноға ғана емес, жалпы өнерге деген жылы көзқарас деп қабылдаймын. Команда да мұны байқап жатыр. Кейде түсірілім қасынан өтіп бара жатып, «Не болып жатыр?» деп агрессиялық көңіл-күймен қарайтын кездер де болған. Ал мұнда адамдар ол сұрақты қызығушылықпен, жағымды эмоциямен көрсетеді. Осындай ықыластың өзі бізге көрермен үшін бұдан да қызықты дүниелер жасауға талпыныс береді.
Бүгінгі түсірілім спорт мектебінде өтіп жатқандықтан, кадрда балалар көп бой көрсетеді. Кей көріністі бірнеше рет қайталап, бірнеше дубль жасауға тура кеп жатыр. Көп адам «Келдім, түстім, кеттім» деп ойлайды. Сондықтан басында үлкен ынтамен келгенімен, кейін шаршай бастайды. Бала болған соң, олардың шаршауы да қалыпты жағдай. Біз үшін бұл – күнделікті жұмыс, қалыпты процесс
– Командаңызбен қаламызға келген бетіңізде бұл картинаны Қостанайда түсірудің астық алқабымен байланысты екенін айтқан болатынсыз. Дегенмен бұл қалаға деген ықыласыңыз ерекше тәрізді.
– Келісемін, қазақта «кіндік қаны тамған жер» деген жақсы сөз бар. Бұл қала – біздің өнер жолындағы кіндік қанымыз тамған жер. Адам туған жеріне ерекше тартылады ғой. Сол сияқты біз де өнер жолында әу дегенде тәй-тәй басып, осы жерден қадам басып кеттік. Сондықтан Қостанайдың біз үшін орны ерекше болды, қазір де солай.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбатты жүргізген Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді түсірген автор
