Қалада жол, мектеп және саябақтар үшін жер учаскелерін алу жұмыстары жалғасуда
Қостанайда қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін жер учаскелерін мемлекеттік қажеттілікке алу жұмыстары жалғасып жатыр. Босатылған аумақтарда саябақтар, мектептер мен жолдар салынып, тұрғындарға арналған қоғамдық кеңістіктер құру жоспарланған.
Қалалық жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, жер учаскелерін мемлекеттік қажеттілік үшін алу ҚР Жер кодексіне сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте меншік иесіне төленетін өтемақы мүліктің нарықтық құны негізінде анықталады. Бағалауды лицензиясы бар тәуелсіз компания жүргізеді. Қала әкімі бұл процеске әкімдік араласпайтынын атап өтті.
— Бағалауды лицензиясы бар компания жүргізеді. Олар нарықтық құнға сүйенеді. Біз, билік ретінде, бұл процеске араласпаймыз. Бағалауды конкурс арқылы жеңіп алған жеке компания жүргізеді, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Қызыл Кузнецтен төмен орналасқан шамамен 17 гектар аумақ толық босатылған. Енді бұл жерде тұрғындарға арналған ауқымды саябақ аймағын құру жоспарланып отыр.
— Осы 17 гектар аумақта көп адамға арналған саябақ аймағын құруымыз керек. Онда үлкен іс-шаралар өткізуге мүмкіндік болуы тиіс. Аумақ гүлдермен, бұталармен және ағаштармен көгалдандырылып, жыл бойы жұмыс істейтіндей жоба жасалуы қажет. Бұл жер Шағала және Триатлон саябақтарымен біртұтас кеңістікке айналуы керек, – деді әкім.
Жоба биыл пысықталып, жобалаушыны анықтау жоспарланып отыр. Жобаны әзірлеп, сараптамадан өткізгеннен кейін қаржы бөлу мәселесі қаралады. Қала басшылығының жоспарына сәйкес, келесі жылдың қаңтар-ақпан айларына дейін жобалау жұмыстарын аяқтап, жазда абаттандыруды бастау көзделген.
Қызыл Кузнецтен жоғары орналасқан аумақта да тұрғындар жер мәселесінің шешілуін күтіп отыр. Бұл бағыт бойынша, әкімнің сөзінше, қаржыландыру анықталғаннан кейін жер учаскелерін алу жалғаспақ.
— Триатлон саябағын бес жылдан бері салып келеміз. Енді оны әрі қарай толықтырамыз. Шағала мен стадион да біртұтас кешен болуы керек. Ол үшін жоба әзірлеп, сараптамадан өткізу қажет, – деді қала әкімі.
Қостанайда мектеп құрылысына арналған жерлер де босатылып жатыр. Нариман базары орналасқан аумақтағы жер алу жұмыстары іс жүзінде аяқталған. Алғашында 36 жер учаскесі болса, кейін тағы үш учаске қосылған. Жалпы аумағы шамамен 3 гектар жер 1200 орындық мектеп салуға беріледі. Қазіргі уақытта бұл жерді қалалық баланстан құрылыс басқармасының қарауына беру жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұдан кейін қаржыландыру мәселесі шешіліп, мектеп құрылысына кірісу жоспарланған. Қала әкімінің айтуынша, құрылысқа биыл-ақ кірісуге мүмкіндік бар, ал мектеп екі жыл ішінде пайда болуы тиіс.

«Юбилейный-2» шағынауданында да ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мұнда мектеп, екі балабақша, автомобиль жолы және төрт кірме жол салу жоспарланған. Осы мақсатта 197 жер учаскесін алу рәсімі басталған. Қала әкімі бұл аумақта тұрғын үйлер орналасқан жерлер сатып алынбайтынын нақтылады.
— Юбилейныйда 197 учаске жолдарға, мектепке және екі балабақшаға қажет. Біз ол жерде үйлер орналасқан жерлерді сатып алған жоқпыз. Тек инженерлік-коммуникациялық қажеттіліктер үшін жер телімдерін алып жатырмыз, – деді ол.
Қалада жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын босату жұмыстары да жүргізіліп жатыр. 2025 жылы Шевченко көшесіндегі «Салтанат» нарығы орналасқан 0,4022 гектар жер учаскесі алынып, 350 сауда павильоны бұзылды. Нәтижесінде бұл аумақта көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы қамтамасыз етілген.
— Бұл – бас жоспар бойынша қарастырылған жолдар. Бір кезде олардың бойы нысандармен жабылып қалған. Қазір аумақ босатылып, жақсы жол және жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз аймақ пайда болды, – деді қала әкімі.
Қалада жерді өз бетінше иелену және мақсатсыз пайдалану мәселесі де назарда. Мониторинг барысында түрлі аудандардан 53 сауда павильоны шығарылған. Алдымен жер пайдаланушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады.
Қала әкімі «Меркурий» аумағындағы үш сауда нысанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл жерде мемлекеттік жер бірнеше жылдан бері пайдаланылып келген.
— Алдымен түсіндіреміз, келісуге тырысамыз. Бірақ шаралар қатаң болуы керек. Адамға ескерту жасалды, ал ол сол күйі тұра берсе, бұған жол беруге болмайды. Мемлекеттік жерді өз бетінше иелену әрекеттеріне қатаң қарауға тиіспіз, – деді әкім.
Қала басшысы сөз соңында құзырлы орган басшыларына қаладағы мемлекеттік меншіктегі жер телімдерін өз меншігіндей иемденіп отырған фактілерді жүйелі түрде пысықтауды тапсырды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мемлекеттік қажеттілік үшін жер алу кезінде меншік иелерінің заңды құқықтары сақталуы тиіс. Ал босатылған аумақтарды тиімді пайдалану арқылы қаланың жол, әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылымын дамыту көзделіп отыр.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген автор
