Қостанай қаласында сыртқы жарнама құрылымдарын ретке келтіру және заманауи ақпарат құралдарына көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков хабарлады.
Соңғы жылдары қалада 65 жарнама құрылымы демонтаждалған. Оның 16-сы биыл алынған. Жыл басынан бері жарнама агенттіктеріне анықталған талап бұзушылықтар бойынша 51 ескерту берілген.
Қала әкімі өз кезегінде белгіленбеген жерлерге өздігінен жарнама тақтайшаларын қойып, заңға бағынбайтын кәсіпкерлерді сынға алды. Оның үстіне тозығы жеткен баннерлердің де жаңартылуы тиістігіне назар аудартты.
– Біз технология дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Кейбір жарнама нысандарына қатысты тұрғындардан шағымдар түседі. Егер нысан заң талаптарына сәйкес келмесе, қолданыстағы заңнама негізінде тиісті шаралар қабылданады. Бұл жұмыста ең бастысы – қалада тәртіп болуы, – деді Марат Жүндібаев.
Оның айтуынша, жарнама құрылымдарын орналастыру кезінде заң талаптары мен белгіленген тәртіп сақталуы тиіс. Сонымен бірге қолданыстағы нысандардың сыртқы келбетіне, техникалық жағдайына және қауіпсіздігіне де назар аударылады.
– Бұл жұмыстың мақсаты – қаладағы барлық жарнама құрылымдарын алып тастау емес. Біз көрнекі ақпарат құралдарын кезең-кезеңімен жаңғыртып, қалалық кеңістікті көлемді әрі ескірген құрылымдардан тазартуды және оларды LED-экрандар мен заманауи ақпарат құралдарына ауыстыруды көздейміз, – деді қала басшысы.
Қазіргі таңда қала аумағында 2024 жылдан бері 21 LED-экран орнатылған. Жыл соңына дейін Әл-Фараби даңғылы, теміржол вокзалы алаңы және Мауленов – Досжанов көшелерінің қиылысында қосымша экрандар орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жарнама агенттіктеріне қолданыстағы құрылымдарды қыс мезгілі басталғанға дейін ретке келтіру, бетон негіздерін жөндеу, сырлау және түнгі жарықтандыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
– Қаладағы нысандардың барлығы белгіленген талаптарға сай болуы керек. Заң талаптарын сақтап, өз нысандарына уақытылы күтім жасау – жарнама иелерінің де жауапкершілігі, – деді қала әкімі.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Сурет «НК» мұрағатынан
