Қостанайда «Айкомек» қызметіне түскен тұрғындардың өтініштері негізінде балалар алаңдарының жағдайы мен жол қауіпсіздігі мәселелері көтерілді. Жалпы, қала тұрғындарынан «Айкомек» арқылы 1422 өтініш түскен. Сол өтініштердің ішінде балалар алаңдарына қатысты шағымдар да бар. Тұрғындар ойын алаңдарының жай-күйіне, олардың қауіпсіздігіне және тиісті деңгейде күтім жасалуына алаңдаушылық білдірген.
Қала әкімі бұл мәселелерді тек өтініштерді орындаумен шектемей, олардың себептерін анықтап, жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті.
— Неге бұлай болып жатыр? Оларды анықтау керек. Бұл – қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан балалар алаңдарының жағдайын бақылауда ұстау қажет, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол белгілеріне қатысты мәселелер де қаралды. Әкім жауапты қызметтерге анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
— Бір аптаның ішінде жаяу жүргіншілер өткелдерінің белгілерін орнату бойынша жұмыс жүргізіңіздер. Қала бойынша жол белгілері дұрыс болуы керек. Бүкіл қала ұқыпты болуы тиіс, жолдар да талапқа сай болуы қажет, – деді қала басшысы.
Осылайша, «Айкомекке» түсетін тұрғындардың өтініштері қаладағы нақты проблемаларды анықтаудың бір тетігіне айналып отыр. Ендігі міндет – тұрғындар көтерген мәселелерді тіркеп қана қоймай, олардың түпкілікті шешілуін қамтамасыз ету.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
сурет «НК» мұрағатынан
