Дін – сыртқы белгі емес, жауапкершілік. Неке, мәһр, ысырапшылдық және діни радикализм туралы имаммен сұхбат

Қоғамда дінге қатысты сауал аз емес. Діндарлық пен радикалды көзқарастың ара-жігін қалай ажыратамыз? Неке мен мәһрге қатысты шариғатта қандай талаптар бар? Жаназа мен ас беру кезінде ысырапқа жол бермеудің мәні неде? Осы жөнінде қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы Шоқан қажы Әмірхановпен әңгімелестік.

Отбасын құрудағы жауапкершілік

– Исламда неке қандай мәнге ие? Оны жай ғана бірге өмір сүру деп қабылдау дұрыс па?

– Жоқ. Исламда неке – екі адамның жай ғана бірге өмір сүруі емес, жауапкершілікке негізделген қасиетті келісім. Ханафи мәзһабында неке қию үшін ер мен әйелдің некеге тұруына шариғи тұрғыдан кедергі болмауы, екі тараптың өзара келісімі және неке шарттарының орындалуы маңызды. Неке куәгерлердің қатысуымен қиылып, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері сақталуы қажет. Өйткені неке – махаббатпен қатар, аманат және жауапкершілікті талап ететін үлкен институт.

– Соңғы жылдары мәһр туралы да көп айтылады. Оның шариғаттағы орны қандай?

– Мәһр – некеге байланысты әйелге берілетін шариғи ақы. Оны әйелдің қадірін «сатып алу» деп түсінуге болмайды. Керісінше, бұл – әйелдің некедегі материалдық құқығын мойындаудың белгісі. Мәһрдің мөлшері екі жақтың келісімімен белгіленеді. Ханафи мәзһабында оның ең төменгі мөлшеріне қатысты нақты талап бар. Ең бастысы – мәһр адал әрі құнды дүние болуы және әйелдің толық разылығымен белгіленуі.

Сонымен бірге жастарды қарызға батыратын немесе шамадан тыс ауыр талап қою да неке рухына сай емес. Неке адамдарға ауыртпалық түсіру үшін емес, береке мен жауапкершілікке негізделуі керек.

Ысырапшылдық тоқшылдық па?

– Ысырапшылдық мәселесіне де тоқталсақ. Бұл тақырып неге соншалықты маңызды?

– Бұл мәселе мені көптен бері толғандырады. Ысырап – тек тамақты мөлшерден тыс пайдалану емес. Дүние-мүлікті, қаражатты, уақытты орынсыз шашу, Алла Тағала берген әрбір нығметті өз орнымен пайдаланбау да ысырапқа жатады. Қасиетті Құранда: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – деп ескертіледі.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да ысырапшылдық пен дандайсудан сақтандырған өсиеті бар. Сондықтан бұл – тек жеке адамның әдеті емес, қоғам болып ойланатын мәселе.

– Әсіресе жаназа, қырық, жылдық ас кезінде ысырапқа жол беру мәселесі жиі сөз болады. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Өкінішке қарай, кейде қайғы жамылған отбасы «елден қалмайық» деген оймен үлкен шығынға барып жатады. Жылқы немесе ірі қара сою, мейрамханада үлкен дастархан жаю үшін қарыз алатын, тіпті несие рәсімдейтін жағдайлар да кездеседі. Бұл, әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ауыр тиеді. Қара жамылып отырған жанұяға қосымша қаржылық салмақ түсірудің қажеті жоқ.

Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары мешіттерде де жүргізіліп келеді. Өйткені мұндай мәселелерді бір күнде өзгерту мүмкін емес. Халықтың діни сауатын арттырып, дұрыс түсінік қалыптастыру қажет.

Ақиқаты сол…

– Марқұмды жерлемей тұрып қонақасы беру дәстүрі туралы не айтасыз?

– Бұл да терең ойлануды қажет ететін мәселе. Марқұмды жерлемей тұрып, үлкен дастархан жайып, қонақасы беру – орынсыз шығынға әкелуі мүмкін. Қайғыға ортақтасып келген адамдарды туған-туыстары мен көршілері қолдап, қажет болса тамақтандыруы орынды. Қайтыс болған адамның артында қалған отбасыға ең алдымен қолдау керек. Сол қаражатты дастарханға шашқаннан гөрі, отбасының қажетіне жұмсау немесе мұқтаж жанға көмек беру әлдеқайда мәнді.

Кейбір өңірлерде ас беру рәсімдерін кейінге шегеру тәжірибесі де қолға алынып жатқанын білеміз. Мұндай бастамалар халықты ысыраптан арылтып, қайғы иелеріне түсетін салмақты азайтуға бағытталған.

– Кейде «марқұмға не қалады?» деген сұрақ туындайды. Діни тұрғыдан ең маңыздысы не?

– Адам дүниеден өткен соң оның артында қалған дүние-мүлік емес, жасаған ізгі амалдары мен артында қалдырған жақсы тәрбиесі маңызды. Сондықтан марқұмға арналған шараларда бәсекеге түсіп, елден қалмау үшін бар дүниені шашудың орнына, сауапты істерге мән берген дұрыс. Қалтасы көтеретін азаматтар үлкен қаражатты дастарханға жұмсағанша, тағдырдың жазуымен көмекке мұқтаж болып отырған жетім-жесірге, мүмкіндігі шектеулі жанға, баспанасыз қалған адамға немесе ауыр дертке шалдыққан науқасқа қол ұшын созса, оның пайдасы әлдеқайда мол.

Қайырымдылық – асыл қасиеттердің бірі

– Яғни ысыраппен күресудің бір жолы – қаражатты қайырымдылыққа бағыттау ма?

– Әрине. Жақсылық пен жомарттықты адам тірі кезінде жасағаны дұрыс. Біз кейде адамды көзі тірісінде қадірлемей, дүниеден өткеннен кейін үлкен ас беріп, елден ерекше көрінуге тырысамыз. Оның орнына ата-анамыздың көзі тірісінде қадіріне жетіп, қамқорлығымызды көрсетсек, әлдеқайда дұрыс. Қартайған шағында ата-анасын қараусыз қалдырмау, оларға мейірім көрсету – үлкен жауапкершілік.

– Үнемшілдік тәрбиеден басталады деп айтуға бола ма?

— Отбасы – баланың алғашқы тәрбие мектебі. Үнемшілдікті, қанағатты, адал еңбекті бала ең алдымен ата-анасынан көреді. Мен өзім де ұлағатты ұстаздың отбасында тәрбиелендім. Әкеміз Ғазиз қажы бізге үнемі: «Айналаңдағы кісілерге мейірімді болыңдар, барларыңмен бөлісіңдер, бір үзім нанның қадірін біліңдер», – деп айтып отыратын. Бұл сөздің мәні қазір де өте терең. Өйткені өткен тарихымызда аштық пен жоқшылықты бастан өткерген ұрпақ болды. Бір үзім нанның қадірін білген халық үшін бүгінгі молшылықты орынсыз шашу – ойланатын мәселе.

– Ысырап тек дастарханнан көріне ме?

– Жоқ. Ысыраптың түрі көп. Мысалы, киімге қатысты да шектен шығуға болмайды. Адам өзінің табысы мен жағдайына қарай өмір сүргені жөн. Сән қуып, өзгелерден ерекшеленуге тырысу міндет емес. Үйде суды, электр қуатын орынсыз жұмсамау, азық-түлікті ысырап етпеу, қажетсіз дүниеге ақша шашпау – мұның бәрі күнделікті мәдениетіміздің бір бөлігі болуы керек.

Тіпті уақыттың өзі – үлкен нығмет. Адам өмірі уақыттан тұрады. Сондықтан бос уақытты мәнсіз өткізіп алмай, білім алуға, еңбек етуге, отбасыңа, қоғамға пайда келтіруге жұмсаған жөн.

Дәстүрлі ислам ба, әлде діни экстремизм бе?

– Енді қоғам үшін өте маңызды тағы бір мәселеге тоқталсақ. Дәстүрлі ислам мен діни экстремизмнің ара-жігін қалай ажыратуға болады?

– Дәстүрлі исламның негізінде Құран мен сүннет, білім, байыптылық, әділет, адам өмірін құрметтеу және қоғам тыныштығын сақтау жатыр. Ханафи–Матуриди мектебі діни мәтіндерді ақыл мен нақылдың үйлесімі арқылы түсінуге, асығыстық пен шектен шығудан сақтануға үндейді. Ал экстремистік көзқарас дінді тар түсіндірумен, өзгелерді оңай айыптаумен, қоғамнан оқшауланумен және зорлық-зомбылықты ақтауға ұмтылумен сипатталуы мүмкін. Сондықтан жастардың діни білімді кездейсоқ интернет парақшаларынан емес, білікті әрі сенімді дін мамандарынан алғаны маңызды.

– Адамның радикалды көзқарасқа бет бұрып бара жатқанын қандай да бір белгілерден байқауға бола ма?

– Бір ғана белгіге қарап адамға «радикал» деген баға беруге болмайды. Дегенмен адамның біртіндеп отбасынан және қоғамнан оқшаулануы, өзінен өзгеше пікірді жоққа шығаруы, діни мәселеде тек өзін ғана дұрыс санауы, өзгелерді жиі айыптауы немесе зорлық-зомбылықты ақтайтын идеяларға қызығушылық танытуы – назар аударуды қажет ететін белгілер.

Мұндай жағдайда қысым көрсету емес, сабырлы әңгіме жүргізу керек. Оның қандай ақпарат алып жүргенін анықтап, қажет болса сенімді діни мамандардан кеңес алған жөн.

Діндар мен радикалдың айырмашылығы неде?

– Ал діндар адамды радикалды көзқарастағы адамнан қалай ажыратамыз?

– Діндарлық – адамның Аллаға сеніп, құлшылық жасап, көркем мінез бен жауапкершілікті ұстануы. Ал радикалдық дінді шектен шыққан, тар және төзімсіз түрде түсінумен көрінуі мүмкін.

Нағыз діндарлық адамды ата-анасын құрметтеуге, көршісіне жақсылық жасауға, аманатқа адал болуға және қоғамға пайда келтіруге тәрбиелейді. Сондықтан діндарлықтың өлшемін тек сыртқы көрініспен бағалауға болмайды. Оның негізінде иман, білім, жақсы мінез-құлық және жауапкершілік тұруы керек.

– Әлеуметтік желіде діни мазмұндағы ақпарат өте көп. Жастар оның дұрыс-бұрысын қалай ажыратуы керек?

– Ақпараттың көп болуы оның барлығы дұрыс дегенді білдірмейді. Діни мәліметтің қай кітаптан алынғанын, авторының кім екенін, оның діни білімі мен ұстанымын тексеру қажет. Әсіресе бір ғана үзіндіге сүйеніп үкім шығару, контекстен жұлып алынған видеоларға сену және «тек біз ғана ақиқаттамыз» деген мазмұндағы материалдарға сақтықпен қараған жөн. Күмәнді мәселе туындаса, оны мешіт имамынан немесе дәстүрлі діни білім алған маманнан сұраған дұрыс.

– Діни мәселеде әртүрлі пікірдің болуы қалыпты ма?

– Исламда пікір алуандығының өзі араздыққа себеп болмауы керек. Ханафи мәзһабының қалыптасуында ғалымдардың дәлелге сүйеніп, пікір таластыра отырып, бір-біріне құрмет көрсету мәдениеті ерекше орын алады. Сондықтан «менің пікірім – ақиқат, өзгелердің бәрі қате» деген ұстанымнан сақ болған жөн. Дәлелмен сөйлесу, білім иелеріне жүгіну, әдеп сақтау және ортақ құндылықтарды алға қою – қоғам бірлігін сақтаудың маңызды жолы.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.