Ел өміріндегі маңызды шешімдердің дені халықтың таңдауымен жүзеге асады. Биыл өткен референдум, Құрылтай сайлауы немесе басқа да қоғамдық маңызы бар саяси науқандар – азаматтардың өз ұстанымын білдіріп, елдің болашақ бағытын айқындау мүмкіндігі.
Сайлаудың нәтижесі оның қалай ұйымдастырылғанына да тікелей байланысты. Дауыс берудің заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өтуі, әр азаматтың өз таңдауын еркін жасауы – сайлау процесінің басты талаптарының бірі. Бұл ретте сайлау комиссияларына жүктелер жауапкершілік аз емес. Өйткені сайлау учаскесіндегі дауыс беруден бастап, бюллетеньдерді санау мен нәтижені рәсімдеуге дейінгі негізгі жұмыстардың барлығы комиссия мүшелерінің қатысуымен жүргізіледі. Осы ретте комиссия мүшелеріне қандай талап қойылады, олардың жұмысы қалай ұйымдастырылады және бұл қызметке кімдер тартылады?
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды. Қазіргі таңда Қостанай қаласында қолданыстағы комиссиялардың өкілеттік мерзімі 2027 жылдың соңына дейінгі кезеңді қамтиды. Сайлау комиссияларының құрамына жаңа мүшелерді қабылдау мәселесі мерзім аяқталғанда немесе комиссия мүшелері өз еркімен шығып, бос орындар пайда болған жағдайда ғана қаралады. Мұндай кезде жергілікті мәслихат өзінің ресми ресурстарында хабарлама жариялайды.

Осы 5 жылдық мерзім ішінде олар өз аумағындағы барлық сайлаулар мен референдумдарды ұйымдастырумен айналысады. Сайлау комиссияларының құрамындағы адам саны оның деңгейіне, сайлау учаскесінің көлеміне және ондағы сайлаушылар санына байланысты әртүрлі болады.
Орталық сайлау комиссиясы, аумақтық сайлау комиссиялары әдетте заңнама аясында және тиісті мәслихаттардың шешімімен 7 мүшеден жасақталады. Округтік сайлау комиссиялары 5 адамнан тұрады, ал учаскелік комиссиялардың құрамындағы адам саны нақты сайлау учаскесінде тіркелген сайлаушылардың санына байланысты. Олардың құрамы негізінен 5-тен 9 мүшеге дейін. Мысалы, кішігірім учаскелерде 5 немесе 7 адам, ірі учаскелерде 9 адамды құрауы мүмкін. Учаскелік комиссияның құрамы тақ санды болуы тиіс, – дейді Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сәния Шарипова.
Сайлау комиссиясына кімдер мүше болады?
Комиссия құрамына қойылатын басты талаптардың бірі – кандидаттың 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы болуы және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұруы.
Сонымен қатар заңда комиссия мүшесі бола алмайтын азаматтарға қатысты бірқатар шектеу қарастырылған. Мәселен, заң бойынша соттылығы өтелмеген, сыбайлас жемқорлық бұзушылықтары үшін кінәлі деп танылған, сондай-ақ сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі деп танылған азаматтар сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайды. Бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар, мәслихат пен әкімдік қызметкерлері, судьялар да комиссия құрамына кірмейді. Сондай-ақ сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың өздері, олардың сенім білдірілген адамдары мен жақын туыстарына да мұндай мүмкіндік берілмейді. Бұдан бөлек, шетелдік қаржыландыруы бар саяси партиялар немесе қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттарға да шектеу қойылған.

Ал комиссия құрамына кіруге ниетті азамат өзін-өзі ұсына ала ма? Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдеуінше, әр азамат мәслихатқа өтініш беріп, өзін-өзі ұсына алады. Одан кейін тиісті тексеру жүргізіледі. Өз кандидатурасын ұсынған азаматтарды мәслихат қарап, талаптарға сәйкес келген жағдайда комиссия құрамына енгізуі мүмкін. Оның айтуынша, сайлау комиссияларының құрамында түрлі сала мамандары мен студенттер, зейнеткерлер, жұмыссыз азаматтар да кездеседі.
– Өңірлік деңгейдегі аумақтық сайлау комиссияларының төрағасы, төраға орынбасары және хатшысы кәсіби тұрақты негізде қызмет атқарады. Ал округтік және учаскелік комиссия мүшелері, негізінен, сайлау немесе референдум науқаны кезінде белсенді жұмысқа тартылады. Оларға еңбегі үшін ақы қарастырылған. Еңбекақы нақты жұмыс істеген уақытқа қарай есептеледі. Ал үстеме жұмысқа, мереке және демалыс күндеріндегі, сондай-ақ түнгі уақыттағы жұмысқа заңнамада белгіленген тәртіппен қосымша ақы төленеді. Егер комиссия мүшесі мемлекеттік қызметші болса, сайлау кезеңінде оның негізгі жалақысы сақталады, – деп түсіндірді Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Гүлзада Асанова.
Жауапты міндет
Сайлау комиссиясының мүшесіне сайлау процесінің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз ету тұрғысынан жоғары міндеттер мен құқықтық жауапкершілік жүктеледі. Комиссия мүшелері сайлау заңнамасын, Конституция талаптарын және қызметтік әдеп нормаларын сақтауға, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ кандидаттарға мен саяси партияларға қатысты жария баға бермеуі, қандай да бір үгіт-насихат жүргізбеуі керек. Сайлау заңнамасын бұзған немесе өз міндетіне салғырт қараған комиссия мүшесі заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

– Жаңадан енген сайлау комиссияларының мүшелері үшін міндетті түрде арнайы семинарлар, тренингтер және дайындық жұмыстары ұйымдастырылады. Оларға сайлау заңнамасының негіздері, сайлаушылар тізімімен жұмыс істеу, дауыс беруді ұйымдастыру, дауыстарды санау және хаттамаларды толтыру тәртібі егжей-тегжейлі үйретіледі. Сондай-ақ дауыс беру күні туындауы ықтимал даулы жағдайларды шешу жолдары да талданады, – деп мәлімдеді Сәния Сәлімғалиқызы.
Сайлау комиссиясының мүшесіне жүктелетін жауапкершілік аз емес. Өйткені сайлау процесінің өзіндік тәртібі бар. Комиссия мүшесінің өз міндетін дұрыс орындауы сайлаудың заң талаптарына сай өтуінің маңызды шарттарының бірі. Бұл жауапкершіліктің ауқымын биыл өткен Құрылтай депутаттарының сайлауынан көруге болады.
2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы кезінде Қостанай қаласында 101 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның 95-і азаматтардың тұрақты тіркелген жері бойынша, ал алтауы уақытша орналасқан жері бойынша қызмет көрсетті. Бұл науқанға өңір бойынша 806 сайлау комиссиясының мүшесі тартылды. Мұндай ауқымды науқанның талапқа сай өтуі комиссия мүшелерінің өз міндетін қаншалықты сауатты орындауына тікелей байланысты.
Ендігі кезекте елде жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау мәселесі күн тәртібіне шықты. 2026 жылғы 24 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Қазақстандағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы өтетінін мәлімдеді.
Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясы сайлау округтерінің шекараларын және округтік комиссиялардың құрамдарын нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар комиссия мүшелерін оқытуға арналған семинарларды ұйымдастыру жоспарлануда.
Сайлау комиссияларының жұмысы көпшілікке көбіне дауыс беру күні ғана көрінгенімен, оған дейін атқарылатын ауқымды дайындық бар. Ал комиссия мүшесінің басты міндеті – осы процестің заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өтуіне үлес қосу.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясы ұсынды
