Қостанайда бес жылда 100 жеміс бағы құрылады

 «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында өңірдің білім беру ұйымдарында үш мыңға жуық жеміс ағашы отырғызылады

 Қостанайда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Менің аулам – менің бағым» облыстық жобасы басталды. 2030 жылға дейін жүзеге асатын бастама білім беру ұйымдарының аумағында жеміс бақтарын құрып, оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Жобаның алғашқы шарасы 10 қазанда №31 жалпы білім беретін мектептің ауласында өтті. Іс-шара барысында 10-11 сынып оқушылары мектеп аумағына “Медовый ранет”, “Мельба”, “Солнцедар”, “Летнее полосатое”, “Богатырь” сынды алма ағаштарының түрлерінен көшеттер отырғызды.

Қостанай облысының 100 білім беру ұйымы – 85 мектеп, 12 колледж және 3 жоғары оқу орны жобаның алғашқы кезеңіне қатысады. Биыл күзде мың көшет отырғызу жоспарланған. Алдағы бес жылда үш мыңға жуық жеміс ағашын отырғызып, 100 бақ құру жоспарланып отыр. Ұзақ мерзімді мақсат – өңірдегі білім беру ұйымдарын көгалдандырумен қатар, балаларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйрету.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Ардақ Бегатаровтың айтуынша, жобаның басты ерекшелігі – ағаш отырғызумен шектелмей, оның әрі қарайғы күтіміне басымдық беру.

– Басты мақсатымыз – балаларға табиғатты қорғауды сөзбен емес, іспен үйрету. Маңыздысы – ағаштың саны емес, оны күту және жауапкершілікпен қарау. Бұл бір күндік акция емес. Балалар ағаштардың өсуін бақылап, зерттеу жүргізіп, өсімдіктерді күтіп-баптауды үйренеді. Бүгін басталған ауқымды шара облыстың әр мектебінде жалғасын табады деп сенемін, – деді Ардақ Бегатаров.

Оның сөзінше, жобаны жүзеге асыруға дайындық барысында облыстық білім басқармасы Қостанай өңірлік университетімен бірлесіп, бастаманың тұжырымдамасын әзірлеген. Өңірдің топырақ-климаттық жағдайына бейімделген жеміс ағаштары таңдалған.

Алғашқы көшеттердің №31 мектеп аумағына отырғызылуы да кездейсоқ емес. Білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи мекемелердің бірі. Енді мектеп ауласындағы бақ оқушылардың экологиялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік бермек.

Жоба аясында әр баққа жауапты оқушылар мен педагогтер бекітіліп, көшеттердің өсуі мен сақталуы тұрақты бақылауға алынады. Алғашқы кезеңнің негізгі көрсеткіштерінің бірі – 2027 жылдың көктеміне қарай отырғызылған көшеттердің кемінде 80 пайызының сақталып, жерсінуі.

Осылайша, «Менің аулам – менің бағым» бастамасы мектеп аулаларын көгалдандырумен қатар, өскелең ұрпақтың еңбекке, қоршаған ортаға және өз еңбегінің нәтижесіне деген жауапкершілігін қалыптастыруды көздейді.

Ұлту ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Лариса БОЖКО

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.