Адалдық пен жауапкершілікті жастарға қалай сіңіреміз? Кітап оқу азаматтық ұстанымның қалыптасуына қалай әсер етеді? «Адал азамат» жобасының нәтижесі неден көрінеді? Осы сұрақтарға Қостанай облысында «Адал азамат» және «Оқитын ұлт» қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған жобаны жүзеге асырып жүрген Динара Өтебаева жауап берді.
– Динара Қайырбекқызы, «Адал азамат» ұғымы жиі айтылады. Сіздің түсінігіңізде адал азамат қандай адам?
– Мен үшін «Адал азамат» – әдемі ұран емес, адал еңбек ететін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, елін, заңды және айналасындағы адамдарды құрметтейтін тұлға. Мұндай адамдарды тек танымал тұлғалардың арасынан іздеудің қажеті жоқ. Олар – өз жұмысын адал атқаратын, өзгеге көмектесетін, туған жерінің дамуына үлес қосатын қарапайым жандар. Ең маңыздысы – мемлекеттік деңгейде айтылатын құндылықтарды күнделікті өмірмен байланыстыру. Адам адал азамат болудың өзінен басталатынын түсінуі керек.
– Адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік бұрыннан бар құндылықтар. Ендеше, тұжырымдаманың ерекшелігі неде?
– Бұл құндылықтар ешқашан ескірмейді. Тұжырымдаманың ерекшелігі – оларды бір арнаға тоғыстырып, қазіргі Қазақстанның қандай азаматқа мұқтаж екенін айқындауында. Мұнда отансүйгіштік пен тарихқа құрмет қана емес, білім, кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық та қамтылған. Қазіргі патриот – елін жақсы көретінін сөзбен айтатын адам ғана емес. Ол – сол елі үшін нақты іс атқарып, өз жұмысын сапалы орындайтын азамат.
– «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын жастарға қалай түсіндіруге болады?

– Күнделікті өмірдегі қарапайым мысалдар арқылы. Бағаны өз біліміңмен алдың ба, әлде көшірдің бе? Ақшаны адал еңбегіңмен таптың ба? Қоқысты көргенде елемей өттің бе, әлде жинадың ба? Уәде берсең, орындадың ба?
Жастар жалғандықты жақсы сезеді. Адалдық туралы он лекция оқуға болады, бірақ бала үлкендердің өздері басқа қағидалармен өмір сүретінін көрсе, мұндай тәрбиенің әсері болмайды. Сондықтан «Сен осылай істеуге міндеттісің» дегеннен гөрі, «Осындай жағдайда сен не істер едің?» деп сұраған тиімді. Адам өз таңдауын саралап, шешімінің салдарын түсінгенде ғана жауапкершілікті сезінеді.
– Жастармен кездесулерде осы тәсілді қолданасыздар ма?
– Иә. Қостанай облысының қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Адал азамат» және «Оқитын ұлт» жобасында дайын ақиқатты ұсынудан гөрі, жастарды ойландыруға басымдық береміз. Мысалы, досың теріс қылық жасап, шындықты жасыруды сұрады делік. Мұндайда достық маңызды ма, әлде әділдік пе? Осындай сұрақтар арқылы пікірталас ұйымдастырамыз.
Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасындағы Қожаны алайық. Ол қателеседі, тәртіп бұзады. Бірақ өз қатесін түсініп, түзелуге талпынады. Сонда маңызды сұрақ туындайды: лайықты адам ешқашан қателеспейтін адам ба, әлде қатесін мойындап, әрекетіне жауап бере алатын адам ба?
Аудандарда жастармен кездесулерді көбіне кітапханаларда өткіземіз. Тарихи тұлғалар мен жергілікті азаматтардың өмірін талқылап, олардың қандай ісімен есте қалғанын сұраймыз. Осылайша жастар «Адал азамат» ұғымының мәнін өздері түсінуге ұмтылады.
– Аудандарда бүгінгі заманның адал азаматтары бар ма?
– Әрине. Облыстық Патриоттар форумына дайындық кезінде аудандардан осындай адамдарды іздегенде, көпшілікке кеңінен таныла бермейтін азаматтардың қаншама екенін көрдік. Олардың қатарында дәрігерлер, педагогтер, қоғам белсенділері, волонтерлер мен ауыл тұрғындары бар. Бірі жылдар бойы адамдарға көмектеседі, екіншісі туған ауылын көркейтуге үлес қосады, үшіншісі қоғамдық іске араласады. Мұның бәрін марапат алу үшін жасамайды.
Патриотизмді түсіндіру үшін биік мінберден сөйлеудің қажеті жоқ. Кейде туған жеріңде жылдар бойы адал еңбек етіп, қоғамға пайдаңды тигізудің өзі – отансүйгіштіктің айқын көрінісі. Биыл да анықтап 10-нан аса азаматтарды марапаттадық. Олардың барлығы қоғамға пайдалы болуды өмірлік қағидасына айналдырып, өз позицияларын істері арқылы дәлелдеп жүргендер.

– Кітапханалар жобаның маңызды бөлігіне айналып отыр. Оның себебі неде?
– Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, өңірдің тарихи жадын сақтайтын орталық. Мысалы, жастармен бірге «Менің көшем кімнің есімімен аталады?» деген жоба ұйымдастырып, мұрағат құжаттарын іздеуге, ауыл ақсақалдарымен сөйлесуге, ескі фотосуреттер жинауға болады. Немесе «Ауылымның адал азаматы» жобасы арқылы жергілікті тұрғындардың нақты істерін танытуға болады. Біз кітапханалармен бір реттік кездесу өткізумен шектелгіміз келмейді. Жоба аяқталғаннан кейін де олардың жұмысында жаңа форматтар мен жалғастыруға болатын бастамалар қалса дейміз. Қазір Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлесіп конференция дайындап жатырмыз.
– Кітап оқу адамның азаматтық қасиеттерін қалыптастыра ала ма?
– Әрине. Жақсы әдебиет адамды ойлануға, өзгені түсінуге, дұрыс таңдау жасауға үйретеді. Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсынұлының, Шоқан Уәлихановтың мұрасы арқылы білім, еңбек, ар-намыс және қоғам алдындағы жауапкершілік туралы ойланамыз. Бірақ кітапты көрмеге қойып қою жеткіліксіз. Ол туралы сөйлесу, пікірталас жүргізу, шығармадағы ойларды өмірмен байланыстыру қажет. Сонда кітап оқу адамның ойлау мәдениетін қалыптастырады. Ал әлеуметтік желілер мен жасанды интеллектіні кітапханаға бәсекелес деп қарастырмаймын. Оларды білім алуға пайдалануға болады. Дегенмен жастарға ақпаратты тексеруді, дереккөздерді салыстыруды және экранда көрінгеннің бәрін ақиқат деп қабылдамауды үйрету маңызды.
– Жас көшбасшыларға арналған екі күндік «Адал азамат» лагері қандай нәтиже берді?
– Біз белсенді жастарға пікір алмасуға, қоғамдық мәселелерді талқылауға, командамен жұмыс істеуге және бастама көтеруге мүмкіндік бергіміз келді. Екі күнде көшбасшы тәрбиелеп шығу мүмкін емес. Бірақ жастардың бір-бірімен байланыс орнатып, өз идеяларын жүзеге асыруына жол ашуға болады.
Лагерьден кейін жастар араласуын жалғастырды. Бірі акциялар ұйымдастырса, екіншісі қоғамдық бастамаларға қатысты, тағы бірі өз жобасын қолға алуға шабыттанды.
Мен үшін іс-шараның өзінен гөрі, оның кейінгі нәтижесі маңызды. Жүз шара өткізіп, ештеңені өзгертпеуге болады. Ал егер жас адам өз бастамасын көтерсе, кітапхана жаңа жұмыс форматын енгізсе, бұл – нақты өзгеріс.
– «Адал азаматты» тәрбиелеу кімнің міндеті?
– Бұл жауапкершілікті бір ғана тарапқа жүктеуге болмайды. Бала отбасын, мектепті, қоғамды және айналасындағы ересектердің әрекетін көріп өседі. Үлкендер өздері қоқыс тастап, балаға табиғатты қорғауды үйрету қиын. Заңды айналып өтіп жүріп, оған заңды құрметтеуді түсіндіру де мүмкін емес.
Тәрбие дегеніміз – ең алдымен, жеке үлгі. Сондықтан отбасы, мектеп, кітапхана, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бала біздің жоспарымызды емес, күнделікті әрекетімізді көреді.
– Бірнеше жылдан кейін осы жобаның нәтижесін қалай көргіңіз келеді?
– «Адал азамат» атауымен мыңдаған іс-шара өткізіп, бірақ адамдар оның өз өміріне қандай қатысы бар екенін түсінбейтін жағдайға жеткізгім келмейді. Мен үшін ең маңыздысы – адамның «Менен де бір нәрсе байланысты» деген түсінікке келуі. Өз жұмысыңды адал атқаруға, көршіңе көмектесуге, туған ауылыңды күтіп ұстауға, заңды сақтауға, жаңа білім игеруге болады. Жауапты қоғам осындай қарапайым әрекеттерден құралады. Егер жастар өз бастамаларын жүзеге асырса, кітапханалар жаңа жобаларды жалғастырса, туған жеріне жылдар бойы еңбек сіңірген азаматтардың есімдері кеңінен танылса, жұмысымыздың нәтижесі бар деген сөз.
Мен «Адал азаматтың» кезекті әдемі атау болып қалғанын қаламаймын. Оның артында нақты адам, нақты әрекет тұруы керек. Өйткені адал азамат ұраннан емес, нақты істен басталады.
— Рахмет.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
сурет Динара Өтебаеваның мұрағатынан
