Мешіт қызметкерлері ауырып жатқан жандар үшін жасанды тыныс алу аппаратын алуға қаржы жинауда
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде 13 шілде күнін – Ұлттық аза құту күні деп жариялады. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті пандемия құрбандарын үнсіз еске алу рәсіміне қатысты. Індет құрбандарын үнсіз еске алу рәсімі республиканың барлық аймағында өтті.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қаза болғандарға арналып, ел бойынша барлық мешіттерде хатым құраны оқылады.
Қостанай облыстық мешітінің имамдары әлемге төнген қауіптен сақтасын деп және дүние салған марқұмдарға бағыштап құран оқыды.
– Жалпы, баршамыз білеміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13-шілде күнін дерттен қайтыс болған кісілердің көп болуына байланысты – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сол себепті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да барлық дін қызметкерлеріне мішіттен бірнеше рет хатым құран шығарып, қайтыс болған кісілерге бағышталуды ұсынған болатын. Ол да болса дүние салған жандарға біздің қолымыздан келетін, тигізетін септігіміз. Себебі, бақилық болған адамға жететін нәрсе сауапты амал, артынан бағыштанған құран аяттары. Алла таға ол кісілерді жарылқауына алсын дейміз, – деді Қостанай облыстық мешітінің найб имамы Дархан Сыздықов.
Дұға барысында имамдар халықтың амандығын тілеп, ауырып жатқан адамдарға шипа сұрайды.
– Хатым дұғасында қайтқан кісілерге ғана дұға етілмейді, сонымен қоса дертке шалдығып жатқан, жазыла алмай жүрген жандарға демдеріне шипа берсін деп сұралады. Дертті беруші Алла болғандықтан, яғни емін де беруші Алла болып табылады. Біздің міндетіміз шалдыққан дертімізге шипа сұрау, қол қусырып отыра бермей, дерттен айығудын жолын іздеу. Мұның сыртында, әлемде болып жатқан алапаттардан сақта деп, елімізге амандық тілегін де тілейміз. Барша қазақстандықтарды Алладан үміт үзбей, керісінше болашақтан үміт күтіп, жақсы шын ниетті, дұғада болайық дегім келеді, – деді Дархан Сыздықов.
ҚМДБ жанынан құрылған «Зекет» қорының бастамасымен науқастарға жәрдем ретінде, жасанды тыныс беру аппараттарын алу үшін қаражат жиналуда. Қостанай облыстық мешітінің имамдары да акцияны қолдап, барынша ел арасына үндеп жариялап демеушілерді, кәсіпкерлерді игі іске себепші болуға шақыруда.
– Бәріміз білеміз бұл дерт көбіне тыныс алу жолдарына кесірін тигізіп жатыр. Ал, жасанды тыныс беру аппараттары науқастардың тым көптігінен еліміздегі емханаларда жетіспеуде. Осыны ескере келе, ҚМДБ жанынан құрылған «Зекет» қорының ұйымдастыруы бойынша барлық мешіттерде акция жүргізіліп жатыр. Халықтың демеуші болып берген қаражатының арқасында осы тыныс алуға мүмкіндік беретін құрылғыларды сатып алу қолға алынуда. Қостанай облысындағы барлық кәсіпкер, демеуші азаматтар одан қалды халық болып, әркім өзінің жағдайының жеткенінше көмектессе дейміз. Біздің жоспар бойынша облыс бойынша 10-ның үстінде алсақ деп отырмыз, ал, қаражат жақсы жиналған жағдайда 20-ға дейін аламыз аламыз. Қазіргі таңда 600 мыңнан тастап қаржы жиналды. Қостанай облысының тұрғындарын осы акцияға ат салысуға шақырамын. Алла сауаптан жазсын, – деп атап өтті Қостанай облыстық мешітінің найб имамы Дархан Сыздықов.
Найб имам Дархан манарбекұлының айтуынша, тиісті қаражат жиналған тұста білікті дәрігерлермен ақылдаса отырып тыныс алуға арналған аппараттарды алады екен.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77