«Smart Qostanai» платформасы, «iKomek-109» ахуалдық орталығы, дауыстық көмекшілер мен цифрлық сервистер. Қалаға жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары қай деңгейде? Оның тұрғындарға қандай пайдасы бар?
Цифрлық даму, жаңа технологиялар және дербес деректердің қауіпсіздігі туралы Қостанай облысы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Азамат Совхозбайұлымен сұхбаттасқан едік.
Цифрлық басқарудың жаңа мүмкіндіктері
– Қостанайда жасанды интеллектіні енгізу бағытында қандай нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Бүгінде жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі IT-шешімдерді дамыту – басым бағыттардың бірі. Мәселен, жергілікті «Aitomaton» IT-компаниясы «ЭПК-forfait» ЖШС-мен бірлесіп, электр энергиясын тұтынушылармен байланысты автоматтандыруға арналған дауыстық ЖИ-көмекшіні енгізді. Ол абоненттердің өтініштерін қабылдап, өңдеуге, анықтамалық ақпарат беруге және операторларға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «iKomek-109» ахуалдық орталығын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазір қоғамдық көлік, бағдаршамдар, бейнебақылау камералары, жылы аялдамалар мен балалар алаңқайларын бақылаудың цифрлық құралдары жетілдірілуде. Алдағы уақытта тұрғындардың өтініштерін өңдеу мен қызмет көрсету сапасын арттыру үшін ЖИ-көмекшіні енгізу көзделіп отыр.
– «Smart Qostanai» мен «iKomek-109» жүйелерінің бүгінгі мүмкіндіктері қандай? Жасанды интеллект қалалық басқарудың қай салаларында қолданылып жүр?
– «Smart Qostanai» платформасы тұрғындарға арналған 78 қызметті біріктірсе, «iKomek-109» азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеуді қамтамасыз етеді. Дегенмен цифрландыру мен жасанды интеллектінің аражігін ажырата білу қажет. Өйткені әрбір электронды қызметті ЖИ технологиясына жатқызуға болмайды. Қазіргі уақытта қалалық инфрақұрылымды бақылауға арналған интеллектуалды құралдар сынақтан өткізу кезеңінде.
Бұдан бөлек, коммуналдық салада қоңырауларды қабылдау, өтініштерді тіркеу және анықтамалық ақпарат ұсыну қызметтерін автоматтандыратын дауыстық шешімдер енгізілуде. Мұндай технологиялар операторлардың жұмысын жеңілдетіп, тұрғындармен байланысты жеделдетуге мүмкіндік береді.
Тұрғындардың тілегі
– Азаматтардың өтініштерін қарау кезінде жасанды интеллект қандай рөл атқарады? Ол мәселелерді автоматты түрде саралап, тиісті органдарға бағыттай ала ма?
– «eOtinish» жүйесіне 2025 жылдан бастап азаматтардың өтініштерін қысқаша мазмұндауға, тақырыбын анықтауға және жауаптардың алдын ала жобаларын дайындауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект құралдары енгізілуде. Бүгінгі таңда ЖИ көмегімен 2,8 миллион өтініш өңделді. Алайда түпкілікті шешім қабылдау және берілген жауап үшін жауапкершілік мемлекеттік орган қызметкерінде қалады.
Қала тіршілігін технологиямен бақылау
– Жолдардың жай-күйі, көшелерді жарықтандыру, қоқыс шығару, қоғамдық көлік пен аулаларды күтіп-ұстау салаларында ЖИ қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма?
– Қазіргі уақытта Қостанай облысында жасанды интеллект технологиялары автомобиль жолдарын диагностикалау саласында қолданылуда. Осы мақсатта жылжымалы жол зертханасы жаңғыртылып, «SRDS» бағдарламалық жасақтамасы енгізілді. Ол тексеру нәтижелерін өңдеуді автоматтандырып, талдау дәлдігін арттырады.
Ал көшелерді жарықтандыру, қоқыс шығару, қоғамдық көлік және аула аумақтарын күтіп-ұстау бағыттарында жасанды интеллект негізіндегі тиімді шешімдерді іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте әр технологияның практикалық тиімділігі мен оны енгізу мүмкіндіктері ескеріледі.
– Қалалық инфрақұрылымға жасанды интеллектіні енгізуге қанша қаражат қарастырылған? Жобалар қандай көздерден қаржыландырылады?
– Бүгінде тек жасанды интеллект жобаларын қаржыландыруға арналған жеке бюджеттік бағдарлама қалыптаспаған. Мұндай бастамалар қолданыстағы және жоспарланған цифрландыру жобалары аясында жүзеге асырылады. Қаржыландыруға жергілікті бюджет қаражаты, бюджеттен тыс көздер мен жеке инвестициялар тартылуы мүмкін. Әр жобаның қаржыландыру көлемі техникалық шешімдері мен қаржы-экономикалық негіздемесі әзірленгеннен кейін жеке анықталады.
Нәтиже тиімділікпен өлшенеді
– Жасанды интеллектіні енгізудің тиімділігі қандай көрсеткіштер арқылы бағаланады? Тұрғындар қандай өзгерістерді сезінуі тиіс?
– Басты өлшем – жаңа технологияны қолдану фактісінің өзі емес, оның тұрғындар мен қалалық қызметтер үшін беретін нақты нәтижесі.
Жобалардың тиімділігін бағалау кезінде өтініштерді өңдеу уақытын қысқарту, бір мәселе бойынша қайталанатын өтініштер санын азайту, ақауларды анықтау және жою жылдамдығын арттыру, қызметкерлердің еңбек шығындарын төмендету, инфрақұрылымды бақылау дәлдігін жақсарту сияқты көрсеткіштер ескеріледі. Мысалы, энергетика саласындағы дауыстық көмекшінің тиімділігі өңделген қоңыраулар саны, оператордың қатысуынсыз қабылданған өтініштердің үлесі және жауап күту уақыты арқылы бағаланады.
Ал қалалық ортаны бақылау жүйелерінде мәселені анықтау дәлдігі мен оны жоюға кеткен уақыт маңызды.
Нақты мақсатты көрсеткіштер бастапқы мәліметтер анықталып, пилоттық сынақтар өткізілгеннен кейін әр жоба бойынша жеке бекітіледі.
Қазақша цифрлық көмекші бола ма?
– Тұрғындарға мемлекеттік қызметтер мен қалалық мәселелер бойынша кеңес беретін ЖИ-чат-бот немесе цифрлық көмекші құру жоспарланып отыр ма?
– Цифрлық көмекшілерді дамыту – болашағы зор бағыт. Мұндай шешімдер тұрғындарға қалалық қызметтер туралы кеңес беріп, қажетті анықтамалық ақпаратты ұсына алады. Сондай-ақ қолжетімді сервистерді табуға көмектесіп, қажет болған жағдайда өтінішті операторға бағыттайды.
Өңірде жергілікті IT-компаниялардың дауыстық және мәтіндік ЖИ-ассистенттер әзірлеу бағытындағы әлеуеті дамып келеді. Соның бірі – клиенттермен байланысты автоматтандыру және өтініштерді өңдеу шешімдерін әзірлейтін «Aitomaton» компаниясы.
Болашақта Қостанай тұрғындарына арналған цифрлық көмекші әзірленсе, оның қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеуі, ақпараттың шынайылығы және күрделі сұрақтар туындаған жағдайда маманға ауысу мүмкіндігі маңызды. Алайда мұндай жеке қалалық ЖИ-көмекшіні іске қосу мерзімі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Деректердің қауіпсіздігі – басты талап
– Жасанды интеллектіні қолдану кезінде тұрғындардың жеке мәліметтерін қорғау қалай қамтамасыз етіледі? Олардың деректері үшінші тарап әзірлеушілеріне беріле ме?
– Жасанды интеллектіні енгізу кезінде дербес деректерді қорғау міндетті шарт болуы тиіс. Жаңа технологияларды қолдану Қазақстан Республикасының дербес деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік және ақпараттық жүйелерді қорғау саласындағы заңнама талаптарын жоққа шығармайды.
Әрбір шешімді іске қосар алдында қандай деректер өңделетіні, олардың қайда сақталатыны, кімдердің қол жеткізе алатыны және қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетіні нақты анықталуы қажет.
Ал деректерді үшінші тарап әзірлеушілеріне немесе коммерциялық платформаларға беру тек тиісті құқықтық негіздер болған жағдайда және белгіленген талаптар қатаң сақталған кезде ғана жүзеге асырылуы тиіс.
— Белгілі болғандай, жақында Сіздің маманыңыз Қытайға барып, жасанды интеллектіні одан әрі дамытуға арналған іс-шараға қатысты. Осы сапар туралы толығырақ айтып берсеңіз.
— Халықаралық ынтымақтастық аясында өңір өкілдері цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізудің озық тәжірибесін зерделеу мақсатында Ханчжоу, Гонконг және Шэньчжэнь қалаларында болды. Кездесулер қорытындысы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылып, бұдан былайғы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары айқындалды.
Сапар барысында Meituan компаниясының пилотсыз жеткізу саласындағы технологиялық шешімдері, Dongfang компаниясының энергетика және электр қосалқы станциялары саласындағы әзірлемелері, DEC 40 пен 01.AI компаниясының шешімдері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері зерделенді.
Бұдан бөлек, Қостанай қаласының CityNet халықаралық альянсымен өзара іс-қимыл жасау перспективалары қарастырылуда.
Алдағы жұмыс зерделенген шешімдерді өңірдің қажеттіліктері мен олардың практикалық тиімділігін ескере отырып қолдану мүмкіндігін бағалауға бағытталатын болады.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суретті ұсынған
баспасөз-қызметі
