Тұрғындарға өзен жағасында көп шоғырлануға тиым салынады
Тамылжыған тамыз айының ыстығында тұрғындардың өзеннің салқын суына бір сүңгіп алғысы келетіні анық. Бірақ, Қостанай облысында карантин кезінде адамдардың су айдындарында жаппай шомылуы негізгі құқық бұзушылық болып табылатынын ойлап, бұл ойларынан тез қайтып жатады.
Бұл ретте қала тұрғыны Жансая Тұрсынбаева:
– Жақында отбасымызбен Аққабақ су айдынына шомылу үшін барған едік. Алдымыздан полиция қызметкерлері шығып, бізді кері қайтарды. Онда заң қызметкерлері үнемі кезекшілік ететінін байқадым. Әрине, суға шомыла алмағанымызға алғашында көңіліміз түсіп еді. Кейін ойлана келе, өңірімізде ушығып тұрған жұқпалы дертке байланысты осындай шектеулердің жүзеге асып жатқанын құп көрдік. Менің сонда байқағаным, онда баратындар өте көп екен. Автокөліктер бірінен соң бірі келіп, қайтып жатты, – дейді.
Шынанда да өзен жағалауларында адамдар қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Өзен жағасына суға шомылушылар көп жиналып, ішімдік ішіп, көңіл көтеретін шаралар ұйымдастырып жатады. Мұндай жағдайда өңірімізде белең алып отырған жұқпалы дертке байланысты енгізілген карантин режимі бұзылады.
Міне, осындай кемшіліктерге аймақтың полиция қызметкерлері тосқауыл жасауда. Олар адамдардың көп келетін өзен жағалауларын күндіз-түні күзетуде.
Сонымен қатар, ішкі істер органдарының қызметкерлері облыстың 17 елді-мекенінде 21 обсервациялық объектіде қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді.
Қызмет барысында полиция қызметкерлері мынадай жағдайға тап болады, бір су айдынын жауып жатса, адамдар екіншісіне көшеді. Локдаун кезеңінде саяжайда жұмыс істеуге рұқсат етілгеніне қарамастан, көптеген қала тұрғындары бұл мүмкіндікті саяжай қауымдастығының маңында орналасқан су қоймаларында демалу үшін пайдаланады. Олар көбіне ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзатын шаралар ұйымдастырады. Осыған байланысты қазіргі уақытта барлық саяжай қоғамдарын полиция бақылауға алған. Арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Қоғамдық тәртіпті сақтауға күн сайын облыста 1200-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылады, мониторингтік топтар, ТЖ қызметкерлері жұмыс істейді.
Осылайша өңірімізде карантин режимі сақталып отыр. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, барлық шектеу шараларын сақтап, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарағанымыз абзал.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77