Цифрлық әлемнің тілі. Полицияның жаңа буынын әзірлеу тәсілдері туралы

Алаяқтар жаңа технологияларды меңгеріп, азаматтардың сеніміне кірудің бұрын-соңды болмаған тәсілдерін қолдануда. Мұндай жағдайда құқық қорғау органдарының жұмысы да жаңа сипатқа ие болып, цифрлық сауаттылығы жоғары, аналитикалық ойлауы қалыптасқан кәсіби мамандарға сұраныс артып келеді.

Осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Киберқауіпсіздік және ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушысы Карл Ардақ Маратұлымен әңгімелестік.

Дәстүрден цифрға

– Ардақ Маратұлы, алдымен өзіңіздің кәсіби қызметіңізге тоқталсақ. Киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бағытында мамандар даярлаумен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Менің оқытушылық және ғылыми қызметім жедел-іздестіру қызметі, киберқауіпсіздік, киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бағыттарымен тығыз байланысты. Педагогикалық еңбек өтілім – сегіз жыл. Соңғы жылдары Қостанай академиясының Киберқауіпсіздік және ақпараттық технологиялар кафедрасында қызмет атқарып келемін.

Бүгінгі таңда академияның басты мақсаты – цифрлық технологияларды жетік меңгерген, киберқылмыстар мен интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді іс-қимыл жүргізе алатын кәсіби құқық қорғау мамандарын даярлау. Бұл ретте теориялық біліммен қатар практикалық дайындыққа да ерекше мән беріледі.

Курсанттар цифрлық ақпаратты талдау, ашық дереккөздерден мәлімет жинау (OSINT), жасанды интеллект технологияларын пайдалану және интернет-алаяқтықтың заманауи тәсілдерін анықтау бағыттарын меңгереді. Себебі бүгінгі қоғамда технологияны түсінбей, қылмыстың жаңа түрлеріне қарсы тұру мүмкін емес.

– Демек, дәстүрлі заңгерлік білім қазіргі полиция қызметкеріне жеткіліксіз. Бүгінде бұл сала мамандарына деген сұраныс қалай өзгерді?

– Әрине, қазіргі құқық қорғау саласының мамандарына қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерді. Мемлекетке кәсіби даярланған, білікті полиция қызметкерлері әрдайым қажет. Әсіресе учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция қызметкерлері, тергеушілер мен жедел уәкілдердің қызметінде кәсіби білім мен тәжірибенің маңызы зор.

Алайда қазіргі қылмыстардың басым бөлігі ақпараттық технологиялармен байланысты бола бастағанын ескеруіміз керек. Алаяқтық, азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдалану, әлеуметтік желілер арқылы құқық бұзушылық жасау – мұның бәрі полиция қызметкерінен қосымша білім мен дағдыны талап етеді. Сондықтан заңнаманы білумен шектелуге болмайды. Полиция қызметкері ақпараттық технологияларды меңгеріп, цифрлық дереккөздерден ақпарат жинауды, жасанды интеллект құралдарын заң шеңберінде пайдалануды білуі тиіс. Бүгінгі курсант – ертең ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкері.

Сондықтан біз олардың кәсіби қалыптасуына ерекше жауапкершілікпен қараймыз.

Теориядан тәжірибеге

– Киберқылмыстарды анықтау және тергеу саласына қызығатын курсанттар қандай арнайы пәндерді меңгереді?

– Академияда бұл бағытта бірқатар арнайы пәндер оқытылады. Олардың қатарында «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл», «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері», «Компьютерлік барлау (OSINT)», «Web-қауіпсіздік», «Жедел-іздестіру қызметіндегі ақпараттық технологиялар» және бағдарламалау тілдері бар. Біз үшін ең маңыздысы – білім алушылардың теорияны тәжірибемен ұштастыра білуі. Осы мақсатта дәрістерге тәжірибесі мол қызметкерлер шақырылып, кездесулер, оқу-жаттығулары мен түрлі практикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Теориялық білімді нақты өмірдегі интернет-алаяқтық оқиғаларымен байланыстыру қаншалықты маңызды?

– Бұл – оқу үдерісіндегі негізгі бағыттардың бірі. Академияда заман талабына сай компьютерлермен және арнайы бағдарламалармен жабдықталған оқу аудиториялары мен зертханалар жұмыс істейді. Олар курсанттардың заманауи технологияларды меңгеріп, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуіне жағдай жасайды.

Практикалық сабақтар кезінде білім алушылар арнайы бағдарламалармен жұмыс істеуді үйреніп, болашақта қызмет барысында кездесуі мүмкін кәсіби міндеттерді шешуге машықтанады. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың нақты жағдайлары негізінде әзірленген оқу кейстері талданады. Курсанттар қылмыстық схемалардың қалай құрылғанын зерделеп, цифрлық ақпаратты зерттеп, алынған мәліметтерге талдау жасайды.

– Болашақ полиция қызметкерлері цифрлық қылмыстарға тиімді қарсы тұру үшін қандай практикалық дағдыларды меңгеруі керек?

– Ең алдымен, цифрлық іздерді анықтау, ақпаратты талдау, ашық дереккөздермен жұмыс істеу және заманауи ақпараттық технологияларды қолдану дағдылары қажет. Сонымен қатар электрондық хаттармен, файлдармен және өзге де цифрлық ақпарат көздерімен сауатты жұмыс істей білуі тиіс.

Бірақ кәсіби дайындық тек техникалық біліммен шектелмейді. Полиция қызметкері заңнаманы терең білуі, азаматтармен дұрыс қарым-қатынас орнатуы және олардың құқықтарын түсіндіре алуы керек. Егер адам интернет-алаяқтардың құрбаны болса, оған заң талаптарына сәйкес жан-жақты көмек көрсету де – қызметкердің міндеті.

Цифрлық із

– Курсанттар киберқылмыстардың механизмдерін зерттеу кезінде қандай қиындықтарға тап болады?

– Ең күрделі міндеттердің бірі – қылмыскерлердің үнемі өзгеріп отыратын әрекет ету тәсілдерін түсіну және цифрлық іздерді анықтау. Әсіресе жасырын жүзеге асырылатын алаяқтық схемаларды талдау ерекше дайындықты талап етеді. Мысалы, алаяқтар азаматтарға әртүрлі телефон нөмірлерінен хабарласып, дауыстарын өзгертіп, өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе басқа да сенімді мекеменің маманы ретінде таныстыруы мүмкін. Осындай психологиялық айла-тәсілдерге көптеген азамат алданып жатады. Мұндай жағдайда қылмыстың жасалу механизмін толық түсініп, оның цифрлық іздерін анықтау, жиналған дәлелдемелерді заң талаптарына сәйкес зерттеу маңызды. Сондықтан біз курсанттарды өз бетінше ізденуге, сыни ойлауға, әрбір жағдайды жан-жақты талдауға үйретеміз. Болашақ полиция қызметкері кез келген цифрлық сын-қатерге дайын болуы керек.

– Жасанды интеллект, дипфейк және басқа да жаңа технологиялар қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты оқу бағдарламаларын қаншалықты жиі жаңарту қажет?

– Қазір жасанды интеллект – заманның ең маңызды технологиялық жетістіктерінің бірі. Ол білім беру, медицина, құқық қорғау және басқа да көптеген салада кеңінен қолданылып келеді. Сонымен бірге оның мүмкіндіктерін қылмыстық мақсатта пайдаланатындар да бар. Мәселен, дипфейк технологиялары арқылы адамның бейнесі мен дауысын қолдан жасауға болады. Мұндай мүмкіндіктер интернет-алаяқтықтың жаңа түрлеріне жол ашуы ықтимал. Сондықтан болашақ полиция қызметкері технологияның мүмкіндіктерін ғана емес, оның ықтимал қауіптерін де жақсы білуі қажет. Өйткені технология өзгерген сайын қылмыстың да сипаты өзгереді. Ал маманның білімі сол өзгерістерден кейін қалмауы тиіс.

Идеяшыл жастар

– Оқу процесіне тәжірибелі полиция қызметкерлері, IT-мамандар мен практик-сарапшылар тартыла ма?

– Әрине. Атап айтқанда, киберполиция қызметкерлері, IT саласының мамандары және практик-сарапшылар түрлі тақырыптарда дәрістер өткізіп, өз тәжірибелерімен бөліседі. Олар киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың нақты тәсілдерін, қызмет барысында кездесетін мәселелерді және оларды шешу жолдарын түсіндіреді.

Мұндай кездесулердің пайдасы зор. Себебі курсанттар теориялық білімді тәжірибелі мамандардың әңгімесімен толықтырып, болашақ қызметінің ерекшеліктерін тереңірек түсінеді. Теория мен практиканы қатар меңгерген маманның кәсіби шешім қабылдау қабілеті де жоғары болады деп сенемін.

– Курсанттардың арасынан киберқауіпсіздік пен IT бағыттарын дамытатын болашақ мамандарды көріп жүрсіз бе?

– Академия курсанттары IT жобаларына, хакатондарға және киберқауіпсіздік бағытындағы жарыстарға белсенді қатысады. Бұл олардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеяларды жүзеге асыруына және болашақ мамандығына қажетті дағдыларды қалыптастыруына жол ашады. Меніңше, бүгінгі жастардың мүмкіндігі мол. Ең бастысы – олардың бойындағы қызығушылықты дұрыс бағыттап, білімін тәжірибемен ұштастыру. Жастар – жаңа идеялар мен тың бастамалардың қайнар көзі. Олардың арасынан еліміздің цифрлық қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосатын білікті мамандар шығатынына сенімім мол.

Тілек пен талап

– Интернет-қылмыстарды тергеу бойынша білім алған түлектердің кәсіби өсу мүмкіндіктері қандай?

– Олар киберполиция, жедел-іздестіру, тергеу және ақпараттық қауіпсіздік салаларында қызмет атқара алады. Сонымен қатар болашақта цифрлық криминалистика, киберқылмыстарды талдау және ақпараттық технологиялармен байланысты басқа да бағыттарда кәсіби тұрғыдан дами алады.

Бұл мамандықтың маңызы алдағы уақытта арта түседі деп ойлаймын. Өйткені қоғамның цифрлануы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа кәсіби бағыттарға деген қажеттілікті арттырады. Мұндай мамандар тек құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіріп қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еліміздің киберкеңістіктегі қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосады.

– Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл үшін мамандар даярлау жүйесінде қандай бағыттарды жетілдіру қажет деп санайсыз?

– Цифрлық даму кезеңінде мамандар даярлау жүйесі де заман талабына сай жетілдірілуі қажет. Ең алдымен, білім беру бағдарламаларында теориялық білім мен практикалық сабақтардың арақатынасын күшейткен дұрыс.

Бұдан бөлек, заманауи бағдарламалармен жабдықтауды, IT-компаниялармен және киберполиция бөлімшелерімен ынтымақтастықты дамытуды маңызды деп санаймын. Өйткені сапалы маман даярлау үшін білім беру ұйымы үнемі жаңарып, кәсіби ортадағы өзгерістермен қатар жүруі керек.

Көріп отырғанымыздай, интернет-алаяқтықтың тәсілдері сан алуан. Оларды анықтау және алдын алу үшін үнемі ізденіп, жаңа ақпараттарды меңгеріп отыру керек. Сонымен қатар шет тілдерін білу де маңызды. Өйткені цифрлық кеңістіктегі ақпарат пен технологиялық жаңалықтардың басым бөлігі халықаралық сипатқа ие.

Қазіргі заманғы полиция қызметкері, былайша айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» болуы керек. Ол заңды да, технологияны да меңгеріп, адам психологиясын түсініп, кез келген жағдайда кәсіби шешім қабылдай алуы қажет. Сонда ғана қоғамның сенімін ақтап, жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап бере аламыз.

— Рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суретті академия ұсынды

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.