«Әу демейтін қазақ жоқ» десек те әншінің де әншісі бар емес пе
Жақында еліміздің әртістеріне сахнаға мас күйінде шығуға ресми түрде тыйым салынды. Бұл бір қуанарлық жағдай болды десем артық кетпеспін.
Ел алдында ішімдік ішіп, сахнаға шығып, бейпіл әдетке салынуға болмайды. Бұл жайында Мәжілісте депутаттар эстрада шеберлері ұстануға тиіс қатаң нормалар жазылған заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды NUR.KZ сайты.
Әншілердің мас күйінде сахнаға шықпауын концертті ұйымдастырушылар қатаң түрде қадағалайтын болады. Егер өнер иесінің сахнада өнер көрсету талаптарына сай келмейтіні белгілі болса, ол концертке қатыса алмайды.
Киелі сахнаға көтерілген әнші оның құдіретін бағалап, халықтың оған деген құрметін жоғары қоюы керек. Бүгінде сахнада мас күйде тұрмақ түгілі халықтан өзін биік санап, атаққа мастанғандардың әр қылығы көрермендер тарапынан теріс пиғыл тудырып жатады.
Қай заманда болмасын өнер адамын халықтың адамы деп келеміз. Осы ретте «Әншіні өсіретін де халық, өшіретін де халық» деп жатамыз. Сондықтан еліміздегі әнші, әртістерге осындай талаптың қойылып жатқаны әбден орында. Әншілердің қазақи салтымызды сақтап, әдептен озбағандары абзал.
Осы ретте өнер адамдарына қойылып жатқан талаптар жайында өнер майталманы «Алтын дән» мәдениет үйінің әншісі Еркебұлан Белесовтың пікірін білген болатынбыз:
– Өнер адамдары әрдайым халық алдында жүреді. Олардың жүріс-тұрысы түзу, жандүниесі бай болуы керек. Бізге қарап, келешекте әнші болам деген жастар бой түзейді. Әншілердің масаң күйде сахнаға шығып, халық алдында ыңғайсыз күйге түсіп жататыны бар. Бұл дұрыс дүние емес. Әншілердің сахнада өздерін дұрыс ұстауын талап ететін заңның бұдан да ертерек шығуы керек еді деп ойлаймын. Заң жүзінде талап етілетін болса, әншілер киелі сахнаны да өзін қолпаштап, көкке көтеріп отырған қарапайым халықты да сыйлауды үйренеді.
Өнер иелерінің сахнада өздерін дұрыс ұстауын талап ететін заңға көзқарасым өте түзу. Қарыштап дамып келе жатқан елімізде мәдениет саласының өкілдерінің өздерін мәдениетті ұстайтын уақыты жетті деп ойлаймын. Өнер десе ішке асын жерге қоятын халқымызға өнерпаздар үлкен сыйластықпен қарауы тиіс, – деді.
Енді елімізде өнерлі жандардың әрбір аяқ алысы қадағаланатын болады. Міне, осылайша мәдениет саласының өкілдеріне мәдениетті болу міндеттелді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет ашық ақпарат көзінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77