Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов ашылу салтанатына қатысты
Қала орталығында орналасқан Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенттер жатақханасы пайдалауға берілді. Студенттер үйінің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы қатысып, оқытушылар мен студенттерді құттықтады.
Бұл медициналық колледждің іргетасы 1929 жылы қаланған. Содан бері 23 мыңнан астам маман даярлап шығарған. Қазіргі таңда әлемді дүрліктірген індет кезеңінде, медицина сала мамандарының қажеттілігі анық байқалды. Біздің өңір бойынша 6 мыңдай медицина қызметкерлері еңбек етуде, дегенмен де жетіспеушілік әлі де бар.
– Бұл нысан Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен бой көтеріп отырған нысан. Енді міне, жаңа жыл қарсаңында колледж студенттерінің өз баспанасы бар. 250 орынға арналған бұл жатақханаға ең алдымен мұнда көп балалы отбасылардан, жетім балалар, І және ІІ топтағы және кәмелетке толмағандар орналастырылады. Ауылдық жерлерден, әсіресе, өзге өңірлердің шәкірттеріне де арнайы орындар қарастырылып отыр. Барлығымен танысып шықтым, құрылыс жұмыстары сапалы орындалған. Қоныстанып жатқан шәкірттермен жолықтым. Жатақхана заманауи жабдықтармен, ас үй, оқу залы, жуыну бөлмелерімен жарақталған. Қауіпсіздік жағы ерекше қадағалауда. Бұған дейін пәтер жалдап келген шәкірттер енді мұнда тегін тұрады. Ең бастысы, жатақхана колледж ғимаратының дәл іргесінде, – деді Архимед Мұхамбетов.
Айта кету керек, бұдан бөлек Қостанай автомобиль көлігі колледжінің жанынан 500 орындық жатақхана құрылысы басталған болса, жаңа жылда Қостанай жоғары политехникалық колледжі жанынан 500 орынға арналған жатақхананың іргесі қаланбақ.
Колледж директорының айтуынша, 1437 шәкірт білім алуда. 139-ы орта арнаулы оқу орнынан кейін бакалавр болып келіп түскендер, қалғандары бес мамандық, сегіз квалификация бойынша оқып жатыр.
– Шәкірттеріміз бөлмелерге қоныстанып жатыр. Жиырмаға жуық студентіміз Алматы, Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келіп білім алып жатқандар. Шәкірттерді жатақханаға орналастыру жөніндегі арнайы комиссия бар. Ал нысанның өзінде 19 жұмыс орны ашылып отыр. Олар комендант, тәрбиешілер, тіркеушілер, күзетшілер мен тазалықшылар. Барлық жұмыс барысы, тәрбие және қауіпсіздік мәселесі колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен тәрбие жөніндегі бөлім меңгерушісі, педагог-психолог, педагог ұйымдастырушының қадағалауында, – деді Қостанай жоғары медициналық колледжінің директоры Әйгерім Оспанова.
Айта кетейік, сегіз айда салынған тоғыз қабатты студенттер үйінің басты мердігері «Рудныйсоколовстрой» АҚ. 4,5 мың шаршы метр нысанды салуға 700 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77