Қостанайлық жас зерттеуші Данияр Ихсан үшінші аталым бойынша ІІ-орын иеленді
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ұлттық байқауының ақтық кезеңі өтті. Байқаудың ұйымдастырылып өтуіне “Ақжол” Демократиялық партиясы тікелей мұрындық болып отыр.
Биылғы байқау – былтырғыдан өзгерек. Екі кезең де онлайн форматта, “Zoom” платформасында болды. Ауқымы да кең болды, яғни, байқау 3 номинация бойынша өтті. Алғашқы номинация – «Қазақ Республикасының 100 жылдығы: Алаш автономиясының Қазақ (Қырғыз) АКСР-іне ұласуы», екінші – «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы: ұлы ақынның шығармашылығын танытудағы Алаш қайраткерлерінің еңбегі», үшінші – «Алаш қозғалысындағы «ақтаңдақтар». Байқау барысында зерттеушілер көтерген тақырыптары бойынша қатысушылар мен қонақтар арасында қызу пікірталас орнады.
Алғашқы кезеңде алаш ұстанымы мен мұрасын насихаттауға 18 бен 35 жас аралығындағы жүзден астам қатысушылар үш номинация бойынша бақ сынады. Олардың ішінен зерттеулері жақсы нәтижие көрсетіп үздік деп талыған 9 қатысушы ақтық кезеңге шығарылды.
Ақтық сынға өткен жас зерттеушілердің жұмыстарын саралап, сараптауға «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Ақ жол» Парламенттік фракциясының Мәжіліс депутаттары Берік Дүйсембинов, Дәния Еспаева, Қазыбек Иса, Айгүл Жұмабаева, Серік Ерубаев, Мақсат Раманқұлов және партияның орталық аппаратының басшылары қатысты.
Жас зерттеушілер ұсынған еңбектерді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Дихан Қамзабекұлы, «Алаш» мәдени және рухани даму институтының директоры, ф.ғ.к. Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы, «Алаш» мәдени және рухани даму институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Сағымбай Жұмағұл, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Қайырбек Кемеңгер сынды қазылар алқасы бағалады.
Нәтижесінде қостанайлық жас зерттеуші, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің 1 курс магистранты Данияр Ихсан үшінші номинация бойынша ІІ орын иеленді. Ол, «Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжан: Өмірінің беймәлім парақтары» атты зерттеу жұмысын ұсынды. Жас зерттеуші, Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанның ғұмырнамасы мен қайраткерлік істеріне қатысты Ташкент пен Берлиндегі кезеңді қамтитын жұмысын қорғады.
– Былтырдан бері Ғазымбек Бірімжанның ғұмырнамасын және шығармашылық мұрасын жинақтап, реттеудемін. Тақырыпты бекітіп, архив құжаттарын бөлісіп, деректерді көрсеткен – “Qyr Balasy” ҚҚ. Одан бөлек Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сейдірәхманұлы сынды ағалардан алған маңызды құжаттарды, Ханбибі Есенқарақызы құрастырған “Ақ жол” жинағын және ф.ғ.д., профессор Амантай Шәріп ағамыз берген деректерді ерекше айтуым қажет. Ғазымбекті зерттеу әрмен қарай жалғаса береді, осымен шектелмейді деп есептеймін, – дейді жеңімпаз Данияр Маратұлы.
Жеңімпаздар ақшалай сыйлық пен арнайы дипломмен, төсбелгімен марапатталды. Жүлдегерлердің зерттеу мақаласы арнайы жинақ болып жарыққа шығатын болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Сурет “Ақжол” Демократиялық партиясының сайтынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77