Оның 5,9 млрд теңгесі жоғары бюджеттен аударылмақ
Қалалық мәслихат сессиясының ағымдағы жылдағы соңғы отырысы өтті. Онда қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау мекемесінің басшысы Марина Теньгаева алдағы үш жылға қарастырылған бюджет қаражатының бағыттарын айқындады.
Білім беру жүйесіне ауқымды қаржы бөлініп отыр. Осының көмегімен аймақтағы бірнеше білім нысандары күрделі жөндеуден өтпек.
– Білім беру жүйесіне қарастырылған қаражат бірнеше бағыттарға жұмсалмақ. Оның ішінде, мұғалімдерге әр түрлі қосымша төлемдер үшін 4,3 млрд теңге қарастырылған. Үш білім беру нысанын күрделі жөндеуге 1,2 млрд теңге, оның ішінде 52,3 млн теңге №3 орта білім беру мектебін, 411,4 млн теңгені №30 орта мектеп үшін жөндеуге, №17 орта мектепке 738,5 млн теңге қарастырып отырмыз. 2021 жылы №6 орта мектеп пен №27 балабақшаны жөндеу жоспарланған, – дейді қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Марина Юрьевна.
Павлов пен Пушкин көшесі қиылысында оналасқан музыка мектебін ағымдағы жөндеуге 17,9 млн теңге бөлу жоспарлануда. Сондай-ақ, №9 және №54 балабақшаны ағымдағы жөндеуге 15,5 млн теңге, онда № 9 бақша үшін 8,5 млн теңге қарастырылса, №54-ші балабақша үшін 6,9 млн теңге бөлінбек. Ал, 2021 жылы №69, №1, №8 балабақша үшін 24,5 млн теңгеге жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған.
– Білім беру мекемелеріне бейнебақылау және жарықтандыру орнату үшін 18,8 млн теңге қарастырылған. 2019 жылы жалпы сомасы 11,3 млн теңгеге 298 камера орнатылды. Қалалық бюджеттен 7 жеке меншік балабақшаға 195 миллион теңге көлемінде мемлекеттік тапсырысты қосымша орналастыруға қаражат қарастырылған, – деді мекеме басшысы.
Сондай-ақ, оқулықтар сатып алуға 225 миллион теңге қарастырылған.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77