Наурыз мейрамы татулық пен берекенің көрінісі
Бүгін Затобол кентіндегі Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының шағын орталығындағы «Құлыншақ» тобы Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтті.
Бүлдіршіндерді тәрбиелеп, оларға өлең жолдарын жаттатып, үлкен мейірімдері мен сүйіспеншілігін төгіп жүрген тәрбиешілердің ұйымдастырған мерекелік бағдарламасына ата-аналар да бір кісідей атсалысып, үлкен мейрамға айналдырып жіберді.
Әз-Наурыз қашанда ұйымшылдық пен достықтың, татулық пен бауырмалшылдықтың белгісі болып келеді. Сондықтан да бұл мереке қарсаңында бір-бірімен ренжіскен кісілер татуласып, көптен бері бір-бірін көрмегендер табысып, қауышып жатады.
Міне, осындай шығыс халқының жаңа жылы саналатын мейрамда кішкентай балдырғандар ұлттық киімдерін киіп, мың бұрала би билеп, әуеле ән шырқап, ұлттық ойындарымызды ойнап, мәз-мейрам болды.
Осылайша бұл кеште ақ дастархан жайылып, жиналған көпшілікке ұлттық тағамымыз бесбармақ пен Наурыз көже ұсынылды. Сап-сары балбыраған бауырсақ пен тәтті тоқаштар да балғындардың талғамына сай келіп жатты.
Балаларының мерекелік кешіне жиналған ата-аналар қауымының да қуанышында шек болмады. Осындай жоғары көңіл-күй сыйлаған кешті ұйымдастырған аталмыш топтың тәрбиешісі Данагүл жиналғандардың алдында мерекелерде ата-аналардың басын қосып, олардың бір-бірімен танысып-араласып, өздерінің балаларына үлгі көрсетуінің өте маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ балар үшін бұл мейрам, әрдайым ерекше болып, олардың жадына тек бір-біріне деген құрмет пен сыйластық ұялатуы қажет екенін де тілге тиек етті.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77