События

Ақылбек Шаяхметтің 70 жас мерейтойы өңірімізде дүркіреп өтті

Кеште қаламгердің жыр жолдары оқылып, әсем әуен қалықтады

Ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Ақылбек Шаяхметтің 70 жас мерейтойын «Тобыл-Торғай» өңірі дүркіретіп атап өтті.

Қаламгердің мерейтойын атап өту салтанаты өнердің қара шаңырағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрынан бастау алды. Мұнда ақынның «Өкініш» деп аталатын пьесасы сахыналанды. Жастары ұлғайған шағында бала кезінде тәрбиеден кенде қалған санасыз ұлдарының кесірінен «Қарттар үйін» мекендеген қариялардың өмірімен өрбейтін өте құнды дүние көпшілікке терең ой салғандай.

Одан әрі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикамыздың мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, Мухаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби және «Алтын қалам» сыйлықтарының лауреатының мерейтойы қаламыздағы «Жастар сарайында» жалғасын тапты.

Сондай-ақ осынау сән салтанаты келіскен сарайдың кіре берісінде ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда келушілер қаламгердің жыр жинақтарына зер салып, оның ішкі әлеміне саяхат жасағандай әсер алды.

Бұл жолы «Жастар сарайының» сахнасы әдеттегіден ерекше әсем безендіріліпті. Сахна шымылдығы көмбірлеп, жүректерді тербеген домбыраның қоңыр үнімен айқара ашылды. Жиналған қауымның ду қол шапалақтаған құрметімен сахна төріне Ақылбек Қожаұлы шақырылды.

Бұдан соң алғашқы құттықтау сөз Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбеновке берілді. Ол Ақылбек Қожаұлына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, табыс етті. Сондай-ақ, аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің Алғыс хатын, ықылас гүлін табыстап, иығына шапан жапты. Сонымен қатар жазушыны мерейтойымен құттықтаған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың лебіз хаты салтанатты түрде тапсырылды.

Кеш барысында, Қостанай қаласының құрметті азаматы, шабандоз ақынды Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов те мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, иығына шапан жапты.

Мұның сыртында, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Жоғарғы кеңестің экс-депутаты Серікбай Бисетаев, халықаралық «Алаш» сыйлыңының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов және белгілі ақын, мерейтой иесінің досы Әбжан Әбілтайлар сахна төріне көтеріліп, лебіздер легін жалғастырды.

Кеште жырларында үнемі шындықты қалқан еткен қаламгер мерейтойына арнайы келіп, жылы лебіздерін білдіріп, құрметтерін көрсеткен жандарға алғыс айтып, өлең жолдарын арнады. Ақынның әрдайым ала-дүлей болып жататын ішкі жандүниесі, ой-толғамдары көрермендерді бір уақыт биікке қалықтатып алып кеткендей болды. Сонымен қатар кеште ақынның сөзіне жазылған «Қостанай», «Әдемі», «Аға туралы ән», «Ақжолтай», «Көктемгі қар» секілді көптеген әндер мен термелер орындалып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Біз де поэзия тарланы Ақылбек Қожаұлының жасар жасы ұзақ болып, қаламы мұқалмасын деген ізгі тілегімізді білдіреміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77