События

Журналист болуды армандаған жастарға диплом табыс етілді

Биыл өңіріміздегі журналистика және коммуникациялық менеджменті кафедрасына 25 жыл толып отыр

Биыл А.Байтұрсынов атындағы өңірлік университетінде журналистика және коммуникациялық кафедрасының ашылғанына 25 жыл толып отыр. Осы уақыт шінде мұндағы оқытушылар қауымы арман қуып журналист боламын деген жастардың үмітін үкілеп, мамандықтың қыр-сырын үйретіп келеді.

Міне, биыл бұл мамандықты 32 түлек бакалавриат, 4-уі магистратура бойынша тәмамдап жатыр. Қазақ бөлімінде 16, орыс бөлімінде де 16 жас журналист маманы деген дипломға ие болды. Сонымен қатар магистратура білімін қазақ тілінде 3, орыс тілінде 1 жас маман бітіріп отыр.

Ашық аспан астында өткен оқу орнының түлектеріне дипломды табыс ету салтанатында ҚРУ ректоры Алма Дощанова бұл жоғары оқу орнының дипломы бірінші кезекте сапалы білімнің кепілі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ білікті маман даярлауда тынбай еңбек етіп жүрген оқытушылар қауымына да алғысын білдірді. Жүректері лүпілдеп, дипломға иу болған жас мамандарға болашақта мамандықтары бойынша жұмыс істеп, үлкен биіктерге жетулеріне тілектес екенін жеткізді.

Жоғары көңіл-күй мен шаттыққа толы салтанатты шара барысында ҚРУ ректоры оқу орнын бітіруші түлектерге дипломды салтанатты түрде табыс етті.

– Біздің кафедра 25 жыл қатарынан білікті де, білімді журналистерді дайындап келеді. Мұнда білім алған жастар қазір еліміздің түкпір-түкпірінде елеулі еңбек етіп жатыр. Тілге шешен, қаламы қарымды журналистер тәрбиелеп шығардық. Биылғы журналистика мамандығын меңгеріп шыққан жастардың да талабы зор. Олардың 70 пайызы қазірдің өзінде мамандық бойынша еңбек етіп жүр. Білімді адам қай ортада болмасын өз орнын табады. Әсіресе, журналистика мамандығын игерген жастардың алар асуы алда деп білемін, – деді журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шөрентаев.

Төрт жыл қатарынан университет қабырғасында журналистика мамандығын игерген талаптары таудай жастардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі Жамиля Сүндетбайды сөзге тартқанымызда, ол:

– Мен журналист болуды бала кезден армандадым. 5-ші сыныпта оқып жүргенде болашақта журналист боламын деп шешіп қойған едім. Кейін мектеп бітіретін кезде таңдауымды ата-анама айтқанымда, мені бірден қолдады. Өзім Жангелдин ауданының тумасымын. Журналист боламын деген арман жетелеп, А.Байтұрсынов атындағы өңірлік университетіне оқуға түстім.

Міне, студенттік 4 жыл зырлап өте шықты. Дипломды маман атандым. Болашақта мамандығым бойынша еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істесем деген талабым бар, – деді.

Осынау білімді жастарды үлкен өмірге қанаттандырып келе жатқан оқу орнын тәмамдаған түлектердің бірі Әйгерім Төлепова да өз пікірімен бөлісті.

– Мен университетті қызыл дипломмен аяқтап отырмын. Журналист болу басты арманым. Осы мамандықты үйреткен осындағы оқытушылар қауымына алғысымды білдіремін.

Біз мұнда Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов сынды еліміздің бір туар тұлғаларынан тәлім алдық. Аменгелді Шөрентаев, Гүлшат Марқабаева есімді тәлімгерлердің арқасында журналистің қандай болу керек екендігін білдік. Ол кісілерден дәріс алып, тәжірибе де жинақтадық, – деді.

«Талаптыға нұр жауап» демекші, алдарына айқын мақсат қойған жастарға біз де сәттілік серік болсын. Жалынды жастардың ел таныған сөзі өтімді, қаламы қарымды журналист атануына тілектеспіз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77