Онда Ұлы Абайдың мәдениет пен әдебиетке қосқан үлесі туралы кеңінен сөз болды
«Абай күніне» орай, облыс әкімі аппаратында «Абай – пайда ойлама, ар ойла…» атты дөнгелек үстел өтті.
Шара спикерлері мәдениет ардагері, Мемлекеттік қызметшілердің тәлімгерлер кеңесінің мүшесі Римма Ғайсенова және «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жұлдызай Ербатырова Абайдың мәдениет пен әдебиетке, ұлттық сананың дамуына, адами принциптер мен халықтардың бірлігін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ оның әрдайым адамды мәртебесіне қарай емес, талабы мен еңбегіне қарап бағалағаны және «толық адамды» қалыптастыруға шақырған туралы да сөз болды.
Ақын, ойшылдың мұрасының маңызы туралы өткен жылы, Абайдың мерейтойына орай шыққан «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Мемлекет басшысы айтқан болатын.
Модератор, әдеп жөніндегі уәкіл Қайрат Сүйіндіков қазақ халқының ұлы перзентінің қоғамдық сананы түлету, білім маңыздылығы, әлеуметтік жауапкершілік туралы, масылдықтан, жадағай әдеттерден бас тарту керектігі туралы сөздері бүгінде өзекті екенін атап өтті.
-Абай Құнанбайұлы ұлы ғұлама. Оның артында қалған мол мұрасы біз үшін өмірлік азық болса керек. Ақынның кез-келген шығармасын қолға алып, танысатын болсақ, рухани байып, ақ пен қараны ажырата аламыз. Сөздің мәнін түсіну, оның мағынасына жете білу бұл бөлек әңгіме. Ұлы ақынның еңбектерінде қарапайымдылық, білімділік, төзімділік, парасаттылық жайында көп айтылады. Қазіргі біздің қоғамды осы түсініктер қалыс қалып барады. Сондықтан үкімет арнайы «Абай күнін» белгілеп, халықтың Абайдың артында қалған мол мұрасына зер салуын мақсат етіп отыр деп ойлаймын. Кітап оқысаң Абайдың қара сөздеріне зер салу керек. Оның кезінде «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын біле тұра тексермедім» деген өлең жолдарынан-ақ ғылым, білімге ерте зер салу керек екендігін ұқсақ болады. Мен Абай жөнінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде замандастарыма, артымыздан еріп келе жатқан жастарға Абайдан қандай тағылым, баға жетпес рухани байлық алуға болатынын жеткізгім келді, – дейді «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығының басшысы Жұлдызай Ербатырова.
Кездесу барысында ақынның «Қара сөздерінен» үзінділер келтірілді. Оның түпкі мағынасы жан-жақты талқыланды. Шара қатысушылар Ұлы Абайдың даналығына, ғұламалығына, тапқырлығына тәнті болды.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77