Бірқатар қызметкерлер құрмет гармоталарына ие болды
Шаһарымызда Елорда күніне арналған мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылды. Жастар сарайында болған астана күніне арналған мерекелік кешті облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтау сөзімен ашты.
– Бүгінгі маңызды іс-шара еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі елорда күні қарсаңында өткізіліп отыр. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның бас қаласы бүкіл әлем таныған айбыны асқақ шаһарға, беделді жаһандық елордаға айналды. Бас қаламыздың өркендету ісінде тұңғыш президент, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі мен іргелі бастамалары аса маңызды. Елорданың әр жетістігінде бой көтерген әрбір ғимаратында елбасының қолтаңбасы, ерен еңбегі бар.Сондықтан бас қаланың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілуі ұлт көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлына деген елдің құрметін дәлелдейтін орынды шешім. Сондай-ақ, Елорданың экономикалық әлеуеті бас қалада «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы әлемдік іскерлік байланыстың күретамырына, қауіпсіздік пен бітімгершілктің орталығына айналып отыр.Мәдениет пен руханияттың алқалы ордасында әлемнің дін басшылары алты мәрте бас қосып, бейбітшілік байламдарға келді. 2010 жылы елордамызда жоғары деңгейде Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті өтіп, бас қала әлемдік саясатта жасампаздықтың негізгі нышаны ретінде танылды. Ұлы дала елордасы дүниежүзінің сәулетті қаласы бола отырып, жастарымызды болашаққа бастайтын ұлт мақтанышына айналды. Алдағы уақытта да тұрақтылық пен қарыштап даму салтанат құрған елордамыздың дәулеті мен сәулеті келісіп, әлеуеті еселеп артатыны сөзсіз. Елдіктің тірегіне айналған еліміздің бас қаласы көркейе берсін. Еліміздің еңсесі биік жұртымыз тыныш болсын, — деді облыс әкімі Архимед Бегежанұлы.
Аймақ басшысы барлық қазақстандықтар секілді қостанайлықтар да елорданы дамытуға өз үлесін қосып жатқандығын атап өтті. Сондықтан біздің облыста барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде оң үрдіс бар.
Меркелік шарада облыстың қоғамдық дамуына белсене атсалысып жүрген қызметкерлерді аймақ басшысы құрмет грамоталарымен марапаттап, естелік қол сағат пен ықылас гүлдерін табыс етті. Құрметке ие болғандар педагогтар, мемлекеттік қызметкерлер және осы сала ардагерлері, қоғам қайраткерлері болды. Сондай-ақ, құрмет грамотасы «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық қозғалысы» РҚБ Қостанай қалалық филиалының басшысы Дастан Жұмабаевқа да табысталды.
Салтанатты шарада жергілікті өнерпаздар өнерлерін ұсынса, сонымен қатар Алматыдан арнайы келген танымал әншілер Мирас пен Құралай Бекжановтар және эстрадамыздың жарық жұлдызы Ерке Есмахан өз өнерлерін көрсетті.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77