Қала тұрғындары мен жасөспірімдер үшін ерекше әсер сыйлаған «Музей түні» іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Кеш барысында ұлттық құндылықтар дәріптеліп, келушілер тарихи-танымдық бағдарламаларға белсенді қатысты.
Музей қабырғасында ұйымдастырылған мерекелік кешке оқушылар, ұстаздар, ата-аналар және қала қонақтары жиналды. Іс-шараның басты ерекшелігінің бірі – қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин туралы викториналық сұрақтар болды. Қатысушылар ағартушының өмірі мен еңбектеріне қатысты сауалдарға жауап беріп, білімдерін сынады.

Танымдық ойын жастардың қызығушылығын арттырып, тарихи тұлға мұрасын насихаттауға ықпал етті.
Кеш барысында қаланың жас өнерпаздары ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әуен мен шығармашылық қойылымдар музей ішін ерекше мерекелік атмосфераға бөледі. Жас таланттардың өнеріне жиналған қауым зор қошемет көрсетті.
Сонымен қатар ұлттық ойындар да назардан тыс қалған жоқ. Қонақтар асық ату ойынына қатысып, мергендіктерін байқаса, тоғызқұмалақ алаңында зияткерлік сайыстар ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдер ұлттық ойындарға ерекше қызығушылық танытып, белсенділік көрсетті.

– Біздің басты мақсатымыз музейді тек жәдігер сақталатын орын емес, халықпен етене байланыс орнататын рухани-мәдени орталыққа айналдыру. Бүгінгі «Музей түні» аясында балалар ұлттық ойындарға қатысып, Ыбырай Алтынсарин туралы білімдерін толықтырды, өнер тамашалады. Осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақтың тарихқа, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы арта түседі, – деді Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейдің директоры Марғұлан Оспанов.
Іс-шара аясында заманауи технологиялар да таныстырылды. Балалардың робот техникасымен танысып, қызығушылықпен тамашалауы көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл музейдің тек тарихи орын ғана емес, білім мен ғылым тоғысқан мәдени орталық екенін көрсетті.

Ал Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған «Музей түні» биыл ерекше. Музей ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, мәдени кеш картиналар галереясында ұйымдастырылды. Іс-шараға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болып, келушілерге мазмұнды бағдарлама ұсынылды.
Кеш барысында қонақтар тарих пен заманауи технологияның үйлесіміне куә болды. Ұйымдастырушылар жасанды интеллект көмегімен ескі фотосуреттерге жан бітіріп, тарихи бейнелерді қозғалысқа келтірді. Көпшілік өткен ғасыр адамдарының «тіріліп», қозғалған сәттерін қызығушылықпен тамашалады. Бұл көрініс әсіресе балалар мен жастардың назарын аударды.

Сонымен қатар келушілер үшін ерекше танымдық көрме ұйымдастырылды. Онда жылан, өрмекші, кесіртке секілді экзотикалық жануарлар көрсетіліп, табиғат әлеміне қызығатын балаларға мол әсер сыйлады. Қонақтар бауырымен жорғалаушыларды жақыннан көріп, олардың тіршілігі жайлы мәлімет алды.

Іс-шара барысында сурет салу алаңдары да жұмыс істеді. Жас суретшілер қылқаламмен өз қиялдарын бейнелеп, шығармашылық қабілеттерін шыңдады. Балалардың салған суреттері кештің сәнін келтіріп, көрермендердің ықыласына бөленді.
Мерекелік кешке келген тұрғындар музей қызметкерлері дайындаған түрлі интерактивті бағдарламаларға қатысып, рухани демалыс алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Музей түні» – тек мәдени іс-шара ғана емес, тарихты дәріптеп, қоғамды өнер мен білімге жақындататын маңызды жоба.
– Биылғы «Музей түні» өзгеше форматта өтті. Жөндеу жұмыстарына байланысты іс-шараны картиналар галереясында өткізсек те, келушілердің қызығушылығы жоғары болды. Біз тарихи мұраны жаңа технологиялар арқылы таныстырып, жастардың музейге деген қызығушылығын арттыруды мақсат еттік, – деді ұйымдастырушылар.
«Музей түні» рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды кеш ретінде есте қалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың тарихқа, мәдениетке деген қызығушылығын арттыра түседі.
Сералы Мырзабай
Суретті түсірген автор
