Құрылғыларды беру тәртібі өзгере ме?

Жоба жылдың екінші жартысында ел бойынша іске асапақ

Елімізде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін түбегейлі реформалауды қолға алды. Бұл реформаның өзегі мүгедектер арбасын және өзге де құралдарды қайтарымды негіздегі жүйесін енгізу.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда «инвентарлық модель» жұмыс істеп келді. Мемлекет арбаны сатып алады және оны мұқтаж жанның меншігіне береді. Алайда, бұл жүйеде бірнеше күрделі мәселе бар. Алғашқысы техникалық қызметтің жоқтығы. Яғни, арба бұзылса, оны жөндеу иесінің мойнына жүктеледі. Көп жағдайда қосалқы бөлшектердің қымбаттығынан немесе маманның жоқтығынан арба жарамсыз болып қалады. Мұқтаж адам жаңасын алады. Жаңа үлгі бойынша құралдар істен шықса енді қайтарылады. Одан кейін бірнеше кезеңдерден өтеді. Айталық, қайтарылған құралдардың жағдайы тексеріледі. Құралдар жөндеуге жіберіледі, ауыстырылады, қайта пайдалануға беріледі немесе есептен шығарылады. Жөнделген құралдар қайтадан мұқтаж жандарға беріледі, бұл кезек күту мерзімін едәуір қысқартатын көрінеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаева Үкімет отырысында осы мәселе бойынша өзінің пікірін білдірген болатын.

– Бұрынғы жүйе құралдардың нақты жағдайын, тозу деңгейі мен жөндеу мүмкіндігін толық ескере бермейді. Осыған байланысты жалға беріп, кейін қайтару шарттарына негізделген жаңа тетікті енгізіп отырмыз, – деген болатын министр.

Министрдің сөзінше, қайтарылған техникалық құралдар өз кезегінде сараптамалық тексерістен өткізіледі. Кейін сараптама нәтижесі белгілі болған соң, соған сәйкес оңалту құрылғыларының жөндеуге жарамдылығы, ауыстыру қажеттілігі, қайта пайдалану мүмкіндігі болмаса есептен шығару мәселесі қаралады екен.

– Ақау анықталса, құрал жөндеуге жіберіліп, кейін қайта айналымға енгізіледі. Ал мүлде жарамсыз деп танылса, есептен шығарылып, өтініш берушіге жаңасы беріледі. Қайтарым тетігі қамтамасыз ету мерзімін қысқартып, оңалту құралдарының қолжетімділігін арттырамыз, – деп баяндады ол.

Оның айтуынша, пилоттық жоба биыл маусым айынан бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында іске қосылады. Жоба ел бойынша жылдың екінші жартысында іске аспақ. Министрлік оңалтудың техникалық құралдармен қамтамасыз ету тетігін жетілдіруді де жоспарлап отыр. Енді техникалық құралдарға арбалар, кресло-арбалар, балаларға арналған жүруге көмектесетін таянғыштар, Брайль жүйесі бойынша жазуға арналған құралдар және басқа да көптеген заттар жатады. Енді жүйе толыққанды жұмыс істеп кетуі үшін министрлік бірнеше мәселені шешулері керек тәрізді. Алғашқысы ауылдық жерлердегі адамдарға арбаны жеткізу және жөндеу қызметін ұйымдастыру. Санитарлық талаптарда ескерілуі міндетті. Яғни, құрал бір адамнан екінші адамға өткенде міндетті түрде кәсіби дезинфекциядан өтуі тиіс.

ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ

Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жыл сайын жетілдіріліп келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің басты мақсаты ерекше қажеттілігі бар жандардың өмір сапасын жақсартып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау.

Енді осы тұста жүйенің қалай жұмыс істейтінін білмек үшін Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Динара Қарымсақовамен сөйлескен едік.

– Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы жылы Ғылыми орталық арқылы оңалтудың техникалық құралдарын ұсынудың пилоттық қайтарымды тетігін іске қоспақ. Бұл тетік тек қауіпсіз түрде қайта пайдалануға болатын оңалтудың техникалық құралдары түрлеріне ғана қолданылады тек жеке пайдалануға арналған құралдарға ғана қатысты емес. Яғни, мүгедектік арбалар, протездер тағы басқалары бар, – дейді басқарма басшысы.

Аталған тетік, мысалы, оңалту техникалық құралдары жөндеуде болған кезеңде немесе уақытша қажеттілік туындаған жағдайда, сондай-ақ жаңа құрал жеткізілгенше ұзақ рәсімдерді күтпей-ақ адамды қажетті құралмен жедел қамтамасыз етуге бағытталған екен.

– Сонымен қатар, әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі енгізілуде. Ол оңалту техникалық құралдарының нақты техникалық жағдайы мен адамның жеке қажеттіліктеріне сүйене отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді, яғни тек формалды ауыстыру мерзімдеріне ғана тәуелді болмайды. Мысалы, бөлме ішіне арналған мүгедектер арбасы алынған күннен бастап кемінде 7 жылдан кейін, серуендеуге арналған арба – 4 жылдан кейін, әмбебап арба – 5 жылдан кейін ғана ауыстырылады. Осы уақыт ішінде мұқтаж жан сол уақыт өткенше келесі жаңа құрылғыны күтуге мәжбүр болған еді. Енді мерзімді күтпестен ауыстыруға болады. Бұл қабылданатын шешімдердің негізділігін арттырып, алушылардың мүдделерін қорғауға ықпал етеді, – деп түсіндірді ол.

Осылайша, оңалтудың техникалық құралдарын қайтару тетігін енгізуден күтілетін нәтижелер мол. Алғашқысы қолжетімділігін арттыру және күту мерзімдерін қысқарту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, ресурстарды ұтымды қолдану, ОТҚ пайдалану мерзімін ұзарту, құралдың техникалық жай-күйі мен тиімділігін бақылау жүйесін қалыптастыру және оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын арттыру. Өзгерістердің негізгі мақсаты қолжетімділікті, оңалту сапасын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету.

Қостанай қаласында жалпы алғанда 9 мыңнан астам мүгедек бар екен, ал олардың 500-ге жуығы мүгедектік арбасын пайдаланады. Бұл қызмет көптеген азамат үшін үлкен көмекке айналмақ. Себебі денсаулығына байланысты қозғалысы шектелген адамдар үшін арнайы арба мен сапалы протез күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Әлеуметтік сала мамандарының пікірінше, техникалық оңалту құралдары тек қозғалысты жеңілдетіп қана қоймай, адамның психологиялық жағдайына да оң әсер етеді. Осындай қолдаудың арқасында көптеген мүгедектігі бар азаматтар білім алып, жұмысқа орналасып, спортпен және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алып отыр.

БҰЛ ӨЗГЕРІСКЕ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздері де мұндай өзгеріске деген пікірін білдірді. Олардың айтуынша, арба немесе протез тек техникалық құрал емес, ол – еркіндікке, тәуелсіздікке және жаңа өмірге бастар мүмкіндік. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, техникалық құралдардың сапасын арттыру маңызды болып қала бермек.

Мүгедек арбасының көмегіне жүгінетін жанның бірі Дүйсенғали Оспанов. Ол кісі мүгедек арбасын бірінші адамнан алып, екіншіге беру жүйесімен келіспейтінін жеткізді.

– Он алты құралды жалға беруме, қайтару негізі ме жалпы дұрыс деп санамаймын. Әлемде жоқ практика. Біреудің пайдаланған нәрсесін екінші адамға беру дұрыс емес. Олар ойлайды шет елдерде солай деп. Мүгедектер арбасын алар болсақ, ол жақта жолдары барлығы жақсы. Гигиеналық тұрғыдан да жақсы қарайды. Екінші тұрғыдан мүгедектерді кемсітіп отырған тәрізді. Өйткені, біреуі жаңа арбада жүреді, екінші адам ескі арбамен жүреді. Ойлап қарасақ екеуінің де құқы бірдей. Бірақ жанағыдай жағдайға түседі. Дұрыс емес. Тағы бір айтарым, біздегі арба, протездердің сапасы сын көтермейді. Қытайда жасалған арбаларды қанша жерден жөндесе де көп қызмет етпейді, бұзыла береді. Протездер де солай, – дейді Дүйсенғали Оспанов.

«Үміт-Надежда» ҚБ төрағасының орынбасары Аруна Жақсағұлова оңалтудың техникалық құралдарын қайта пайдалану бастамасына үзілді-кесілді қарсы. Оның пікірінше, протездер мен мүгедектер арбасы жеке адамға ғана арналған құралдар және оларды басқа біреуге беру дұрыс емес.

– Мен әлемнің көптеген елдерінде болдым. Америкаға да, Жапонияға да бардым. Бірақ еш жерде протездер мен арбаларды бір адамнан кейін екіншісіне беретін тәжірибені көрген де, естіген де емеспін. Бұл мүлде ақылға қонымсыз нәрсе. Өйткені мұндай құралдар адамның денсаулығына, дене ерекшелігіне қарай жеке дайындалады. Бір адам жаңа құрал алып, ал екіншісі қолданылғанын пайдалануы әділетсіздік әрі кемсітушілік деп есептеймін. Бұл ешқандай адамгершілік қағидаларына сыймайды. Сондай-ақ, осындай ұсыныстарды министрлік деңгейінде көтеріп отырған адамдар алдымен мәселенің мәніне терең үңілуі керек. Олар мүгедектігі бар жандардың күнделікті өмірінде қандай қиындықтар болатынын түсініп барып қана шешім қабылдағаны дұрыс. Соңғы уақытта жоғарыдан қабылданатын кейбір заңдар мен өзгерістер мүгедектігі бар адамдардың өмірін жеңілдетудің орнына, керісінше қиындатып жіберетін жағдайлар жиі кездеседі, – дейді ол.

Мүмкіндігі шектеулі жанның бірі Светлана Колоскова. Екінші топ мүгедегі. Оған арба қарастырылған, бірақ алып жүретін көмекші жоқ. Жеке оңалту бағдарламасы бойынша жеке көмекші берілмеген. Өзі 1414 колл-орталығында оператор болып жұмыс істейді. Бірақ денсаулығына байланысты жұмыс орнын ауыстырғысы келеді.

– Есту қабілетімнің нашарлауына байланысты қиындап кетті. Қазір естуім төмендеп барады, сондықтан жұмыс істеу қиындау. Өз мүмкіндіктеріме сай басқа бір бос жұмыс орнын тапқым келеді. Арбаға отырғаныма бірнеше ай ғана болды, наурыз айынан бері. Денсаулығымның нашарлауына байланысты осылай болды. Бұрын мұны қабылдау өте қиын еді, бірақ амалсыз көнуге тура келді. Ал арбаларды жалға беру туралы мәселе мүлдем ақылға қонымсыз. Арба жеті жылға жалға беріледі. Үй ішінде ғана қолданатын болса бір жөн. Далаға шығасың, әрине тозбай тұрмайды. Оның үстіне адамдардың дене бітімі әр түрлі. Соған байланысты пайдалану кезінде арбаның тозығы жетеді. Оның нақты шыдас беретін мерзімі үш жыл ғана, – дейді ол.

Жалпы қазіргі таңда қоғамда инклюзивті орта қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Арнайы пандустар орнату, кедергісіз орта құру, қоғамдық көліктерді бейімдеу сияқты жұмыстармен қатар, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету де маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Бұл мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауға және олардың толыққанды өмір сүруіне жасалған нақты қадам.

Сералы МЫРЗАБАЙ,
суреттерді түсірген автор

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.