Өңірде конфессияаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық сақталып отыр. Діни ахуал тұрақты деп бағаланады. Бүгінде облыс аумағында тіркелген 102 діни бірлестік жұмыс істейді. Оның ішінде жиырма алты діни бірлестік ислам бағытында, отыз үш діни бірлестік православие бағытында, төрт діни бірлестік католицизм бағытында, ал отыз тоғыз діни бірлестік протестанттық бағытта қызмет атқарады. Жалпы алғанда, он конфессияға жіктелген.
Мамандардың айтуынша, өңірде діни бірлестіктер арасында ашық қақтығыстар мен қарама-қайшылықтар тіркелмеген. Әртүрлі конфессия өкілдері өзара түсіністік пен сыйластық негізінде жұмыс істеп келеді. Бұл бағытта Дін істері жөніндегі басқарма тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағыты бойынша халық арасында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы мақсатта Дін істері жөніндегі басқарманың жанынан діни мәселелерді түсіндіру бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Оның құрамына қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер, дінтанушылар, теолог мамандар, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары енгізілген. Аталған топ мүшелерінің қатысуымен осы жылдың бүгінгі күніне дейін халықтың әртүрлі санаттары арасында 923 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Бұл жұмыстардың негізгі бағыты – діни-құқықтық сауаттылықты арттыру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу. Өткізілген шаралар барысында облыс бойынша 36 мыңнан астам азамат қамтылды», – дейді облыстық Дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Сапарғали Әбдиев.
Бөлім басшысы «бөлінген орта» деп аталатын санаттармен де арнайы жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Бұл қатарға жұмыссыз азаматтар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, қандастар, әлеуметтік осал топ өкілдері кіреді екен. Дәл осы азаматтар деструктивті діни идеологияның ықпалына бейім болуы мүмкін деген бағытта оларға ерекше назар аударылып отыр. Осы санаттағы азаматтармен 513 іс-шара өткізілген. Жастармен жұмыс та негізгі басым бағыттардың бірі болып табылады. Жалпы 923 ақпараттық-түсіндіру жұмысының аясында 30 мыңға жуық жас қамтылды.
– Атап айтқанда, тоқсан сайын діни бірлестіктердің жетекшілерімен арнайы диалог алаңдары ұйымдастырылады. Кездесулер барысында дін саласындағы мемлекеттік саясат, заңнамадағы өзгерістер, конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері талқыланады. Сонымен қатар діни мерекелер кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау, өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау секілді мәселелерге де ерекше назар аударылады. Бұдан бөлек, діни бірлестіктер арасында ынтымақтастықты арттыру мақсатында түрлі спорттық, мәдени және қайырымдылық шаралары өткізіліп тұрады. Дін өкілдері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып, сенбіліктер ұйымдастыруға атсалысуда. Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларға, балаларға және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету бағытындағы қайырымдылық шаралары да тұрақты түрде өткізіледі. Осы бағытта Білім басқармасымен бірлескен «Ұшқын» жобасы да жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында колледж студенттерінен құралған «Ұшқын жасағы» жастар арасында профилактикалық кездесулер өткізіп, олардың деструктивті идеологиялардың ықпалына түспеуіне бағытталған жұмыстар жүргізуде, – дейді бөлім басшысы.
Маман қазіргі уақытта деструктивті діни идеологиялардың таралуында әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінің рөлі артып отырғанын айтады. Осыған байланысты облыста интернет желілеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Бұл жұмыстарды басқармаға қарасты Діни проблемаларды зерттеу орталығының мамандары жүзеге асырады. Жалпы, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, діни материалдарды әлеуметтік желілерде, қоғамдық орындарда немесе рұқсат етілмеген жерлерде тарату заңға қайшы. Мұндай құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы бойынша жауапкершілікке әкеледі.
«Дін істері жөніндегі басқарма құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заң талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Биылғы жылы дін саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша жетіге жуық әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, сот органдарына жолданды. Сот шешімдерімен құқық бұзушыларға айыппұл салу және ескерту жасау секілді әкімшілік шаралар қолданылды», – дейді ол.
Маманның сөзінше, құқық бұзушылықтар тек діни бірлестіктер тарапынан ғана емес, жекелеген азаматтар арасында да кездеседі. Әсіресе діни әдебиеттерді заңсыз тарату, рұқсат етілмеген орындарда діни рәсімдер өткізу және әлеуметтік желілер арқылы діни материалдарды жариялау фактілері анықталып жатады. Осыған байланысты тиісті мамандар тұрғындарды дін саласындағы заң талаптарын сақтауға шақырады. Өйткені қоғамдық тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді сақтау – баршаға ортақ міндет.
Сералы МЫРЗАБАЙ, суретті ұсынған
кейіпкер
