Жазғы демалыс басталысымен балалардың бос уақыты көбейіп, олардың қауіпсіздік мәселесі өзекті бола түседі. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүруі жауапты органдардың ерекше бақылауында.
Қостанай қаласында жыл басынан бері түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандардың 604 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіш жасөспірімдердің кешкі кезеңдегі бақылаусыз қалуы әлі де өзекті мәселе екенін аңғартады.
Ювеналды полиция қызметкерлерінің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында кешкі және түнгі мезгілде ересектердің қарауынсыз көшеде жүру, ойын-сауық орындарында болу, қоғамдық тәртіпті бұзу жиі кездеседі.
– Сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ересектердің еріп жүруінсіз көшеде жүрген жасөспірім үшін жауапкершілік баланың өзіне емес, ата-анасына немесе қамқоршысына жүктеледі. Бұл талап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабында көзделген, – деп түсіндірді Қостанай қаласының Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Байтасова.
Егер ата-аналар балаларды тәрбиелеу және бақылау міндеттерін тиісінше орындамаса, профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, ескерту беріледі. Ал заң талаптарын сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мамандардың пікірінше, әдетте түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдер түрлі қауіп-қатерге тап болады. Олар құқық бұзушылықтың құрбанына айналып, жанжалдарға немесе төбелестерге араласуы немесе жол-көлік оқиғалары мен түрлі жарақат алу қаупіне ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар алкоголь мен есірткі қолдануға итермелейтін ортаның ықпалына түсуі де ықтимал.
– Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі ең алдымен отбасы бақылауына байланысты. Ата-ана баласының қайда жүргенін, кімдермен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін білгені абзал, – дейді полиция майоры. – Жастар кешкі уақытта жиналатын қоғамдық орындар полицияның жіті бақылауында. Тәртіп сақшылары тұрақты түрде саябақтарда, аулаларда, су айдындары маңында және сауда-ойын-сауық орталықтарында профилактикалық рейдтер жүргізуде. Бұл шаралар балалардың қараусыз қалуының және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына білім беру ұйымдары да белсенді қатысуда. Білім басқармасының мәліметінше, балалардың жазғы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралармен қатар түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Оқу жылының соңында полиция мен білім беру ұйымдары бірлесіп, барлық мектептерде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, суда, жолда, теміржолда, тұрмыста және интернеттегі қауіпсіздіқ, алкоголь мен есірткінің зияны тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді. Ата-аналар үшін балалар қауіпсіздігі мәселесіне арналған бірыңғай облыстық ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды.
Мамандар жазғы демалыс кезінде ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың жүрген жерін бақылауға және қауіпсіздік ережелерін үнемі еске салып отыруға кеңес береді. Сондай-ақ үйдегі қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлу қажет. Терезелерге арнайы қорғаныш құрылғыларын орнату, балаларды ашық терезесі бар бөлмеде қараусыз қалдырмау секілді қарапайым шаралар қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Баланың қауіпсіздігі – тек жаз мезгілінде ғана емес, әрдайым назарда болуы тиіс маңызды мәселе. Ал демалыс кезеңінде бұл жауапкершілік бұрынғыдан да арта түседі. Сондықтан жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бос уақытын пайдалы өткізуге жағдай жасау және түрлі қауіп-қатердің алдын алу – қоғамның ортақ міндеті.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
сурет ЖИ көмегімен жасалды
