Қостанай ауданындағы №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінің бастамасымен «Keleshek Fest» фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты – «Келешек мектептері» арасында бірыңғай білім беру және тәрбие кеңістігін қалыптастыру, оқушылардың көшбасшылық, коммуникативтік және шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ мектептер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту.
Фестивальге Қостанай облысындағы «Келешек мектептері» жобасына қатысатын бес мектептен 5–6 сынып оқушылары келді. Әр білім ордасы 10 оқушы мен жетекші педагогтан құралған команда ұсынды.
Іс-шараның ұйымдастырушысы Ерасыл Манасұлының айтуынша, фестиваль бағдарламасы заманауи жазғы лагерь үлгісінде әзірленген.
— Қатысушыларды қарсы алу және салтанатты ашылу рәсімінен кейін Қостанай облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп «Келешек оқушылары нашақорлыққа қарсы!» атты облыстық флешмоб өткізілді. Бағдарлама заманауи жазғы лагерь форматына негізделген және бірнеше бағытты қамтиды, — дейді Ерасыл.
Рудный қаласындағы №8 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Ақниет Қасымбекқызы мұндай іс-шаралардың жазғы демалыс кезінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Мұндай фестивальдер оқушылардың жазғы уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, балалар жаңа достар тауып, бір-бірімен қарым-қатынас жасап, коммуникативтік дағдыларын дамытады. Біздің мектептен 10 оқушы қатысты. Фестиваль спорттық белсенділіктер арқылы балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, «Келешек мектептері» арасындағы достық пен ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді, – деді ол.
Фестивальге қатысқан Құсмұрын ауылының 6-сынып оқушысы Нұрай Жүніс алған әсерімен бөлісті.
– Маған фестиваль өте ұнады. Әсіресе, KELESHEK TEAM QUEST ойыны қызықты болды. Біз басқа мектептердің оқушыларымен бірге түрлі тапсырмалар орындап, жаңа достар таптық. Фестивальден керемет әсер алдым, – дейді оқушы Нұрай Жүніс.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, өңір мектептері арасындағы байланысты одан әрі нығайта түседі.
Аружан ҚАМБАРОВА,
ҚӨУ 2 курс студенті
