Біздің Қостанай

Өзбекәлі Жәнібековтың шапағатын көрген

Танымал музыка зерттеушісі Еркін Қожахметов жөнінде

Қазақтың талантты ұлы

Мен ол кісіні сырттай білетінмін. Алайда бір көрсем деп жүретін едім. Таяуда осынау сексеннің сеңгіріне көтерілгелі отырған, жүрегі жаздай шуақты, жандүниесі көктемдей жайдары асыл ағамызбен тілдесудің сәті түсті.

Жақсы адаммен сырласудың өзі бір бақыт екен. Ә дегеннен өзінің өмірді терең білетіндігімен, рухани саланың нағыз білгірі екендігімен таңқалдырды.

Өзі бүкіл ғұмырын қазақ өнері мен мәдениетінің өркендеуіне арнаған ардақты тұлға екендігін танытты. Онымен сұхбаттасу барысында көп жайға көзім жетті. Өмірінің мәнді де мағыналы өтіп келе жатқандығына қайран қалдым.

Мынау тіршілікте барға тасымаған, жоққа жасымаған, кездескен ауыртпалықтарды қайсарлығымен жеңе білген азаматпен сөйлескенде оның сонау балалық шағынан бастап осы күнге дейінгі жүріп өткен жолдары кейінгі көкқұрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ұл мен қыздарымызға ғибрат екендігін аңғардым.
Аузын ашса көмейі көрінетін ақсақалдың өзіміздің өңірге қарасты Наурызым ауданындағы Дәмді ауылында өскендігін білдім. Бұрын бұл елді-мекен Жалаңаш деп аталатын.

Өзі 1939 жылы 2 мамырда ұлтымыздың қарапайым ғана адалдық пен бейнетқорлықты пір тұтқан әрі ынтымағы жарасқан киелі шаңырағында дүниеге келіпті.

Оқырман да байқап отырған шығар, оның балалық шағы қиын кезге тап келді. Өйткені, қазақтың кішкентай ғана бүлдіршіні екі жасқа толған кезінде Ұлы Отан соғысы басталып кетті.

Бұл уақыттың халыққа түсірген зардабы, әкелген қайғы-қасіреті де аз болған жоқ. Себебі, ауылдың бетке тұтар әрі іске жарамды азаматтарының бәрі де бірнен кейін бірі майданға аттанып жатты.

Сондықтан бұлар еңбекке ерте араласуға тура келді. Уақытпен санасу дегенді білмеді. Оқу мен жұмысты тығыз байланыстырды.

Әйтеуір қолынан келетін жұмыспен айналысты. Жаз айларында қозы, лақ, бұзау бақса, қақаған қыс айларында шама-шарқылары келгенше мал қораларын тазалап, үлкендерге қолғабыс етті.

Шынында да тіршіліктің кермек дәмін татқан мұндай қара сирақ балалар саналы болып қалыптасатындығы белгілі. Олар әке-шешенің, аға мен әпкенің, іні мен қарындастың қадірін біліп өсті.

Сол атың өшкір сұм соғыс кездері майданнан үш бұрышты қара қағаз келгенде үлкендер жағы ұлдары мен күйеулерін жоғалтқан үйдегілердің қас-қабағынан қарап, оларды барынша жұбатуға тырысатын. Соны көріп, көкіректеріне тоқыған бұлар әлі күнге дейін жер бетінде еш соғыс болмаса екен деп отырады.

Ата-ана өнегесі

Еркін аға көп біледі. Сондықтан айтары да жеткілікті. Кеудесіндегі сыр сандығының кілтін тапқан адамға ақтарылады. Пікірлері кімді болсын еріксіз баурап алады.

Ол да ата-ананың өнегесін алып, өмірде талай биікті бағындыруды көкседі. Бұл орайда ата-ананың үлгісі де аз болған жоқ. Әкесі Қожахмет ағаш пен темірден түйін түйген бесаспап азамат еді.

Сол жастық шағы өткен елді-мекендегілердің бәрі де Қожекеңнің өз саласының нағыз шебері екендігін түгел мойындады. Өйткені, ол кісі егін және мал шаруашылығына қажетті заттарды, арба мен шаналарды дер кезінде жөндеп, ауылдағы қарбалас жұмыстардың жыл он екі ай тоқтамай үздіксіз жалғасуына өзінің тікелей ықпалын тигізді.

Ал анасы Мәкіжан болса өзінің егделік жасына қарамастан ізін басып келе жатқан келін және сіңілілерімен қатар жүріп жұмыс істеді. Сол ауыр жылдарда қол қусырып қарап отыру деген мүлдем болмайтын.

Мүмкіндігі келгенше ерте тұрып, кеш жататын. Колхоздағы қауырт істердің басы-қасында жүрді. Қой мен сиырды сауысып, өзінің еңбекқор жан екендігін айналасындағыларға көрсетті.

Жалпы, кейіпкерімнің баяндауына қарағанда, әулет басшысы Қожахмет ағамыз қос рет үйленіпті. Алғашқы жары дүниеден өткен соң шиеттей балаларға ер азаматтың әйел затындай қарай алмайтындығы бесенеден белгілі.

Сол себептен де екінші рет Мәкіжан апамызбен тағдырын қосты. Қазақтың қалың ортасында өскен ерлі-зайыптылар алты баласын ештеңеден тарықтырмай, зарықтырмай жеткізді.

Шаңырақтың кенжесі болса да Еркін аға еркелікке салынған жоқ. Үй ішінің ырыс-берекесін келтіруге барын салған ата-анасының нағыз қолғанаты бола білді.

Уақыт деген бір орында тұрған ба? Кешегі ұзақты күнге үлкендердің айтқанын екі етпей тындыратын елгезек бала да бозбалалық жасқа жетті.

Сол кезде оның көкірегінде шіркін, халқыма пайдамды тигізетін маман болып қалыптассам деген ой туындады. Сөйтіп, үй ішіндегілердің рұқсатын алып, туған жерінен екі мың шақырымдай жерде жатқан оңтүстік өңірдегі Шымкент шаһарына атбасын тіреді.

Қашан да қонақжайлылығымен, жылы да жүрекке жағымды сөздерімен кімді болсын жатсынбайтын шымқаланың азаматтары оны құшақ жая қарсы алды.

Арман асуында

Сөйтіп, білімге ерекше ден қойған жас жігіт аталмыш шаһарда орналасқан әрі кешегі алып Одақтағы беделді оқу орны Химия-технологиялық институтқа түсті.

Осы жерден құрылыс инженері мамандығын алып шығуға бел буды. Оқу орнында беделсіз болған жоқ. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты жоғары оқу орнын тәмәмдай алмады.

Бірақ оның рухы түспеді. Жастайынан ән-күйді қастерлейтін киелі жерде ер жеткендіктен бе, сол үлкен қаладағы музыка училищесіне құжатын тапсырды.

Жігіттің жолы болды. Кейін ел мақтанышына айналған тұлғалармен бірге оқыды. Ерекең бұл күндері Қазақстанның халық әртісі, ұлты грек болса да қазақтың бір баласындай болып кеткен атақты әнші Лаки Кесоглу секілді жігіттермен достасып, сыйласты.

Тіпті осы Лакилермен бірге Оңтүстіктің «Ақ алтыны» аталып кеткен мақта өсіретін аймақтарда жергілікті азаматтар мен студенттерге концерт қойып, олардың рухын көтерді.

Еркін аға өзіміз жиі айтатын сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Сондықтан да оның беделі жоғары-тын. Бірге жүрген өнерпаз достары да сонау Қостанай облысынан келген бозбаланы бөтенсімеді. Қимас бауырларға айналды.

«Ақ алтын» дегеннен шығады. Бұл студенттік жылдары Мақтаарал ауданында ақ ұлпалы мақтаны теріп, оның жергілікті ағайындарға өсіру және жинау оңай соқпайтындығына, олардың бейнеттен қашпайтын жанкештілігіне жаста болса көзі әбден жетті.

Жоғарыда аталған музыкалық училищені де үздіктердің қатарында тәмәмдады. Онда халық аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығын шебер меңгеріп, өзінің келешегінен көп үміт күттіретін қазақтың дарынды азаматы екендігін дәлелдеді.

Себебі, Шымкенттегі әлгі орта арнаулы оқу орнында жүріп, өнер саласында әбден шыңдалған еді. Училищенің директоры Сәнен Әжиева қазақтың аяулы қызы-тын.

Ол кісі Ерекеңдей дарынды бозбалаларды үнемі қолдап отырды. Облыс өміріндегі талай мәдени шараларға қатыстырып, табиғи қабілетін шыңдауға тікелей қамқорлық жасады.

Тумысынан еңбексүйгіш әрі алғыр жігіт сол музыкалық училищемен шектеліп қалмады. Одан ары да оқығысы келді. Сондықтан болар, табиғаты әсем Алматы шаһарындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға студент болып қабылданды.

Мұнда да абыройсыз болған жоқ. Ұлы тұлға, академик Ахмет Жұбановтың тағылымын алды. Осындай қайталанбас қазақ мәдениетінің майталмандарымен қатар жүріп, білім алудың өзі кез- келген бауырларымыздың маңдайына жазыла бермейтін бақыт емес пе.

Онда да Ахмет ағамыздан дәріс алып ғана қоймай, жоғары оқу орнының жанындағы ұлттық қазақ оркестріне белсене қатысып, домбырашы ретінде өзін жан-жақты көрсете білді.

Бұрынғы астанамыздың өміріндегі айтулы мерекелік кештерге қатысып, аталмыш оркестр күллі қазақтың асыға күтер ұжымына айналды. Мұнда қостанайлық дарынды жігіт Еркін Қожахметовтың қосқан үлесі айтарлықтай еді.

Алайда бұл оқу орнын да аяқтап, диплом алу бұған бұйырмады. Асыл анасының кенеттен сырқаттанып қалуы жүрегі мейірімді, өзінің перзенттік парызына адал бозбаланы бей-жай қалдырмады.

Өзге амал болмағандықтан оның жанына оралды. Сөйтіп, Амангелді ауданына табан тіреді. Осында бірқатар қызметтерді атқарып, бойында табиғи дарыны бар ұлтымыздың жас өрендерін өнерге баулыды.
Олардың бірқатарына осы дүниемізде қысқаша тоқталатын боламыз. Амангелдіде де көп болған жоқ. Өйткені, ол кезде мұндай білікті кадрлар өте аз-ды.

Бұрынғы Торғай облысының орталығы болған, қазіргі таңда өңірдегі өсіп-өркендеп келе жатқан қазағы қалың Арқалық қаласына жауапты қызметке шақырылды. Бірқатар лауазымды әрі басшылық жұмыстарда болды.
Басында осы жердегі музыка мектебіне жұмысқа қабылданып, онда «Музыка білімінің негіздері» деп аталатын пәннен дәріс берді. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, онда жан-жақтан жиналған қабілетті жастардың шеберлігін шыңдауға барынша атсалысты.

Ол жас кезінде отбасылық жағдайына байланысты уақытша кейінгі қалдырған асыл армандарын жүзеге асыруға да барын салды. Алматыдағы нағыз елінің атын шығарған атақты тұлғалар білім алған Чайковский атындағы музыкалық колледжді ойдағыдай тәмәмдады. Онда бұған музыка теориясынан Оскар есімді ұлағатты ұстаз, композитор тәлімгерлік етті.

Талантты шәкірттері жайлы

Қазақ халқының өмірінде көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым әрі этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың орны ерекше. Ол кезінде мемлекеттік тіліміздің және руханиятымыздың өркендеуіне өзінің өшпес ізін қалдырды.
Оның аты-жөні тілге тиек етілсе, Торғай өңіріндегі бауырларымыз да әрқашан да айрықша құрметпен еске алады. Ерекең үшін де оның есімі ардақты.

Себебі, сонау Шымкенттегі музыкалық училищеде жүргенде Өзекең осындағы дарынды жастарды концертке шығармас бұрын көркемдік кеңестен өткізетін. Сол кезде оны алғаш рет көрген-ді.

Кейіпкерімнің пікіріне сүйенетін болсам, Өзбекәлі аға өте сымбатты, шешен, кез-келген кісіні өзіне бірден баурап алатын қайталанбас тұлға. Ол бұрынғы Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған кездері бір алқалы жиында Еркін ағаны көріп қалып, өзінің жадының мықтылығын көрсеткен.

Мұны өңірдің өнері мен мәдениетін өркендетуге ат салысуға шақырды. Оның басқа да шапағатын аз көрген жоқ, Қазіргі уақытта Еркін ағамыз сол уақыттарда Арқалықта жауапты қызмет атқарған ұлтжанды азамат Өзбекәлі Жәнібеков тұрған пәтерде ғұмыр кешіп жатыр.

Еркін Қожахметов әрқашан өзінің әйгілі шәкірттерімен мақтанады. Өзінің жазған еңбектерін, аударған құнды кітаптарын ерекше бағалайды. Өйткені, оларды бұл күндері еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындары мен колледждердің, мектептердің ұстаздары және шәкірттері пайдаланып жүр. Оған өзінің пікірлерін білдірген айтулы ғалымдар мен мамандар да аз емес.

Кешегі оның алдынан дәріс алған жігіттер мен қыздардың арасында шет елдерде, көршілес Ресейде және Қазақстанда ұстаз мәртебесін асқақтатып келе жатқандар да жеткілікті.

Ал өзіміздің елімізде Қалибек Деріпсалдин, Назымбек Молдахметов, Боранбай Әбенов секілді азаматтар тәлімгерлерінің еңбегін ақтап, ұлтымыздың мақтанышына айналды.

Ағамыз отбасында да бақытты. Сүйіп қосылған қазақтың аяулы қызы Рая апамыз екеуінің бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп келе жатқандығына үстіміздегі жылдың қаңтар айында 55 жыл толды.

Олар сыйластықтың арқасында бес балаларын тәрбиелеп, бірнеше немере сүйді. Тұңғыштары Гүлмира әке жолын қуып, Арқалықта музыка саласының білікті маманы атанды.

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77