Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері Қанат пен Әсем Ражановтар үшін өнер жолы тек кәсіби бағыт емес, отбасы мен шығармашылықты ұштастырған өмірлік жол. Бүгінде олар – сахнада да, өмірде де бір-бірін толықтыратын отбасылық дуэт.
Қос өнерпаздың таныстығы бала күннен басталған. Оларды жақындастырған да – музыкаға деген ортақ махаббат.

– Екеуміз де Жангелдин ауданының Б.Хамзин атындағы өнер мектебінде білім алып, осы қара шаңырақтың түлегі атандық. Сол кезде-ақ ұстаздарымыз екеуміздің өнерге жақын екенімізді байқайтын. Кейін әр қалаға оқуға түсіп, білімімізді жалғастырдық, – дейді Қанат Ражанов.
Әсем П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде білім алып, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Қазір Назымбек Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы әрі «Ақ желең» ансамблінде жетіген аспабында өнер көрсетеді. Ал Қанат кәсіби білімін шыңдап, әншілік өнер жолында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Облыстық және республикалық байқауларда бақ сынап, бірқатар жүлделерді бағындырып жүр.


2014 жылы шаңырақ көтерген жас жұбайлардың өнер жолдары да осы кезеңде бір арнаға тоғысты.
– Негізі мектеп кезінен-ақ бірге ән айтуды ұсынатын. Бірақ бала кезімізде ұялатынбыз. Кейін отбасылы болған соң кей ағаларымыз «кезінде ұялып ән айтпаушы еді, ұялмай үйленіп алыпты» деп әзілдейтін, – дейді Қанат күлімсіреп.
Бүгінде Ражановтар дуэтінің қоржынында эстрадалық және этно-эстрадалық бағыттағы оннан астам ән бар. Соңғы екі жылда өнерлі отбасы облыстың көптеген аудандарын аралап, «Елім, сенің арқаңда» атты жеке концерттік бағдарламасын ұсынды. Жоба аясында өңір тұрғындарына 10 жылдық шығармашылық еңбектерін таныстырды. Концерттің қорытындысы Қостанай және Астана қалаларында өтті.
Ражановтар соңғы жылдары республикалық деңгейдегі жобаларға да белсенді қатысып келеді. Олар өнерлі жұптар бас қосатын «Махаббат әлемі» концертінің тұрақты қатысушыларының қатарында.

Кейіпкерлеріміз домбыра және жетігеннің сүйемелдеуімен ұлттық нақыштағы шығармаларды да орындап, қазақ өнерін насихаттап келеді. Әсем Ражанова өңірде жетіген өнерін дамытуға үлес қосып, шәкірт тәрбиелеп жүр.
Өнерлі жұптың ең үлкен жетістіктерінің бірі – балаларының да шығармашылыққа жақын болып өсуі. Ата-ана балаларын өнерге өздері бағыттап, баптап келеді. Қазір олардың үш перзенті бар. Тұңғыштары Алинұр – 11 жаста, музыкалық мектепте домбыра сыныбында оқиды. 9 жасар Айзере флейта аспабын меңгеріп жүр. Ал кішкентайлары Хадия биыл дүниеге келіпті.
– «Баланы тәрбиелі еткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деген ұстанымды басшылыққа аламыз. Бала ата-анасына қарап өседі. Сондықтан өзіміздің жүріс-тұрысымызға, сөйлеу мәдениетімізге мән береміз. Балаларымыздың қазақ тілінде таза сөйлеулерін қадағалап отырамыз, – дейді ерлі-зайыптылар.
Әсем Ражанова өнер мен отбасыны қатар алып жүрудің жауапкершілігі мол екенін айтады.

– Қазір кішкентайымыз дүниеге келген соң үйдемін. Ана ретінде баламның қасында болуды алдыңғы орынға қоямын. Әрине, гастрольдер мен концерттерден уақытша қалып жатырмын. Бірақ шығармашылықты тоқтатқан емеспін. Үйде дайындалып, жаңа әндермен жұмыс істеп жүрмін, – дейді ол.
Қанат Ражанов үшін өнермен қатар ұстаздық қызмет те маңызды. Ол бүгінде қаладағы №15 мектепте география пәнінен дәріс оқып, шәкірт тәрбиесіне үлес қосуда.
Бір сахнада үндескен қос жүрек бүгінде үш бала тәрбиелеп, ұлттық өнерді дәріптеп келеді. Қанат пен Әсем үшін өнер – отбасының берік діңгегі, ал музыка – өмір жолындағы ортақ әуен.
Материал Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Жастар арасында қазақ отбасының жағымды имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында дайындалды.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті ұсынған Ражановтар отбасы
