Есірткіге әуестік қалай қалыптасады және одан арылу үшін не қажет?

26 маусым – Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күні. Есірткі – адамның денсаулығын ғана емес, өмірін, болашағын өзгертетін ауыр дерт.

Оның салдары кейде бір сәттік шешімнен басталып, жылдарға созылатын күреске айналады. Осындай күрестің ішінде жүрген жандардың бірі – 50 жастағы ер адам. Оның есірткімен таныстығы шамамен 20 жыл бұрын басталған. Қазір ол тәуелділіктен арылу мақсатында арнайы орталықта ем қабылдап жатыр. Кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні жарияланбайды.

– Алғаш рет анаша шегіп көргенмін, басында оның соншалықты қауіпті екенін түсінбедім. Кейде ғана қолданатынмын. Бірақ соңғы бес жылда бұл әдетім жиілей бастады, – дейді ол.

Айтуынша, тәуелділікке өміріндегі түрлі қиындықтар себеп болған. Жұмыстағы сәтсіздіктер, күйзеліс, жеке өміріндегі өзгерістер оның психологиялық жағдайына салмақ түсірген.

Бір кездері проблемаларым көбейіп кетті. Оның үстіне 10 жыл бірге тұрған әйелім кетіп қалды. Сол сәттерде бәрін ұмытып, бар ауыртпалықтан қашып кеткім келді. Есірткіні қолданған кезде бір мезетке бәрін ойымнан шығарғандай, жеңілдеп қалатынмын. Бірақ оның менің мәселемді шешпейтінін кеш түсіндім, – деп өкінішін білдірді.

Кейіпкеріміз ең басты қателігі осы жолға түсу болғанын айтады. Ең ауыры – өткен жылдарға өкінішпен қарау.

– Осы жолда жүрген адамдар болса, айтарым, зиянды әдетпен проблемаңды жеңілдете алмайсың. Шыдамды, мықты болыңыздар, қиындық өтеді, ал тәуелділік жылдарға созылуы мүмкін. Уақытты кері қайтара алсам, бұл бәлеге мүлдем жоламас едім. Соның кесірінен дұрыс отбасын құра алмадым, жақындарымнан да айырылдым. Ешкім жоқ, анам да, інім де жер қойнында, – деп күрсінді ем алушы.

Қазір ер адам алғаш рет арнайы орталықта нашақорлықтан арылу үшін ем қабылдап жатыр. Үш айлық емдеу курсынан өтіп, есірткі тәуелділігінен арылуға күш салуда.

– Ол затқа деген бұрынғыдай тартылыс жоқ. Онымен күресу оңай дей алмаймын, дегенмен ойламауға тырысамын. Ендігі бар ойым – осы дерттен арылып, ел қатарлы өмір сүру. Емделіп шыққан соң тұрақты жұмысқа орналасып, қалыпты өмір сүргім келеді, – деп қорытындылады сөзін құпия кейіпкер.

Есірткіге бір қадам – емделуге ұзақ жол

Кейіпкердің тағдыры – есірткіге тәуелділікке тап болған адамдардың бір ғана мысалы. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың артында көбіне адамның психологиялық күйзелісі, әлеуметтік мәселелері немесе қоршаған ортаның әсері жатады. Алайда тәуелділіктен арылуға мүмкіндік бар. Ол үшін ең бастысы – адамның өз мәселесін мойындап, емделуге қадам жасауы. Бұл туралы облыстық психикалық денсаулық орталығының мәжбүрлеп емдеу орталығының дәрігер-наркологы Шалқар Бектемір Күмісбекұлы айтып берді.

Маманның айтуынша, бұл орталыққа пациенттер сот шешімімен түседі. Олардың арасында әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар, туыстарының арызы негізінде жолданғандар немесе ем қабылдағаннан кейін нәтиже болмаған жағдайда қайта бағытталған азаматтар бар.

Емдеу курсы әр адамның жағдайына байланысты үш ай, алты ай, тіпті бір жылға дейін созылуы мүмкін. Басында көптеген пациенттерде абстинентті синдром болады. Себебі олар ұзақ уақыт бойы есірткі қолданғандықтан, ағза психобелсенді заттарға тәуелді болып қалады. Алқашқы кезеңде сол затқа деген қатты құмарлықты басуға уақыт қажет, ол 1 аптадан 1 айға дейін болуы мүмкін, – дейді дәрігер.

Бастапқы кезеңнің негізгі мақсаты – адамның жалпы жағдайын тұрақтандыру. Емнің алғашқы айы көбіне ағзаны қалпына келтіруге бағытталса, кейінгі кезеңде психологтармен жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар бұрын емделіп шыққандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, нашақорлықты жеңуге болатыны туралы айтып, қазіргі ем қабылдап жатқан азаматтарға қолдау көрсетеді.

Дәрігердің сөзінше, емдік курс тек дәрі-дәрмекпен шектелмейді. Орталықта психологиялық көмекпен қатар еңбек терапиясы да қолданылады. Пациенттер мекеме аумағын тазалау, гүлдерді күту, асхана жұмыстарына көмектесу секілді жұмыстарға тартылады.
Наркологтың айтуынша, нашақорлық – созылмалы аурулардың бірі. Сондықтан бір ғана емдеу курсынан кейін толықтай айығып кету сирек кездеседі. Жыл сайын орталықта шамамен 30-40 адам ем қабылдайды. Олардың ішінде толық оң нәтижеге жететіндердің үлесі шамамен 30 % ғана.

Есірткіге тәуелділік, созылмалы ауру түріне жататындқтан, кампульсивті құмарлық болады. Мысалы, дүкенге барса, қалай ішімдік сатып алып қойғанын білмейді, яғни өз әрекетіне тоқтау қоя алмайды. Сондықтан ондай адамдарды жабық мекемеде бақылауда ұстап, кешенді ем алуға мүмкіндік береміз, – дейді нарколог.

Мамандарды соңғы жылдары синтетикалық есірткілердің таралуы алаңдатып отыр. Ақ халаттылардың айтуынша, олардың қауіптілігі – тәуелділіктің өте жылдам қалыптасуында.

– Өсімдік тәрізді табиғи шикізаттан алынатын есірткі заттарына тәуелділік бірнеше жылдар бойы қалыптасуы мүмкін. Ал синтетикалық психостимуляторларды бір-екі рет қолданғаннан кейін-ақ адам тез арада тәуелді болып қалуы ықтимал. Сондықтан бұл есірткінің ең қауіпті түрлерінің бірі, – дейді Бектемір Күмісбекұлы.

Бұл мәселенің тағы бір өзекті қыры – есірткіге тәуелділіктің жасарып бара жатқаны. Бұрын бұл дерт орта және егде жастағы адамдар арасында кездессе, бүгінде жастар арасында да мұндай жағдай тіркелуде.

Қолдау – оңалудың маңызды бөлігі

Нарколог маманның айтуынша, тәуелділіктен емделудегі ең үлкен қиындықтардың бірі – адамның өз ауруын мойындамауы.

– Көптеген адамдар «мен тәуелді емеспін» деп санайды. Ал бұл дертпен күрестегі алғашқы қадам – адамның өзінің есірткіге құмар екенін, аңсайтынын түсінуі және емделуге дайын болуы,– дейді ол.

Көп жағдайда ең қиыны – адамға осыны ұғындыру екенін айтады дәрігер. Оның сөзінше құмарлықпен күресіп жүрген жанға дұрыс бағытқа жол сілтеу, қолдау көрсету маңызды.

– Біздің қоғамда мұндай адамдарды шеттетіп, туғандары теріс айналып жатады.Бірақ есірткіге тәуелділік те басқа аурулар сияқты емдеуді қажет етеді. Осы жерден шыққан кейін қарсы алатын адамы, барар жері болмауы мүмкін. Егер адам емделгеннен кейін отбасының, жақындарының қолдауын көрмесе, қайтадан күйзеліске түсіп, бұрынғы ортасына оралу қаупі жоғарылайды, – дейді дәрігер-нарколог.

Дәрігерлердің айтуынша, нашақорлықтың алдын алуда ерте профилактика, отбасының қолдауы және адамның өз өмірін өзгертуге деген шешімі маңызды рөл атқарады.

Есірткіден арылу – ұзақ әрі қиын жол. Бірақ уақытында көмекке жүгінген адам үшін жаңа өмір бастауға әрқашан мүмкіндік бар.

Назгүл Азатқызы,
сурет ЖИ көмегімен жасалды,
суретті облыстық психикалық денсаулық орталығы ұсынды

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.