Жер қатынастары, мемлекеттік қолдау тетіктері мен салықтық әкімшілендіру – Қостанай облысы кәсіпкерлерінің ең өзекті мәселелері болып отыр. Бұл түйткілдер өңірлік Кәсіпкерлер палатасының салалық кеңестерінде жиі көтерілетін тақырыптардың қатарында.
Биылғы алғашқы жартыжылдықта Палата жанындағы салалық кеңестер 80-нен астам отырыс өткізіп, кәсіпкерлер көтерген 141 мәселені қарады. Оның 41-і жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ұйымдастырылып, мемлекеттік органдардың шешімін қажет ететін 54 мәселе жан-жақты талқыланды.
Бүгінде Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы жанында агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп және сауда, құрылыс пен көлік, әлеуметтік сала, қызмет көрсету, шағын бизнес және әйелдер кәсіпкерлігі бағыттарын қамтитын сегіз салалық кеңес жұмыс істейді. Олардың құрамына кәсіпкерлер, салалық қауымдастық жетекшілері мен тәуелсіз сарапшылардан құралған 124 тұрақты мүше енген.

– Осындай сындарлы өзара іс-қимылдың арқасында бизнестің нақты өтініштерін жедел қарап қана қоймай, заңнаманы, мемлекеттік қолдау тетіктерін және құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша жүйелі ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік туды, – деп атап өтті Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Давлетпаев.
Кәсіпкерлердің мәселесі тек облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да тұрақты талқыланып келеді. Өңірде 19 аудандық және қалалық кеңес жұмыс істейді. Құрамында 136 мүшесі бар бұл кеңестер жыл басынан бері 26 отырыс өткізіп, 49 мәселені қараған. Бұл әсіресе моноқалалар мен шалғай ауылдардағы кәсіпкерлердің проблемаларын жедел көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

Палата өкілдерінің айтуынша, салалық кеңестердің басты міндеті – бизнестің ұсыныстарын жинақтап қана қоймай, оларды өңірлік және республикалық деңгейде шешім қабылдауға негіз болатын нақты бастамаларға айналдыру.
Жандос Жүсіпбек
Фотолар — облыстық Кәсіпкерлер палатысынан
