Еріктілер қызметі – ізгілік пен адамгершілікке толы маңызды жұмыс.
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік: әріптестіктен нәтижеге қол жеткізу” атты халықаралық форум – өзекті мәселелерді талқылап, еріктілік қызметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі рөлін жаңа деңгейге шығаруға бағытталған ерекше басқосу болды. Форум барысында Қазақстан, Беларусь және Ресей елдерінің мамандары еріктілік саласындағы ынтымақтастықтың келешегін саралап, өзара тәжірибе мен ең үздік үлгілерді талқылады. Бұл шара сыбайлас жемқорлықпен күрестің қоғамдағы маңызын тереңінен ашып көрсетіп, еріктілердің атқаратын рөлін кеңейтуге басымдық берді.
– Құрметті форум қатысушылары, қадірлі еріктілер! Ең алдымен, сіздерді осындай маңызды форумда көргеніме өте қуаныштымын және көрсетіп жатқан қолдауларыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Біздің елімізде еріктілік туралы заң 2016 жылы қабылданған болатын. Содан бері жыл сайын еріктілер қатарына белсенді жастар қосылып, олар қоғам игілігі үшін көптеген жұмыстар атқарып келеді. Қазіргі таңда біздің елімізде еріктілер түрлі салаларда белсенді қызмет етеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресте еріктілердің қосар үлесі мен атқаратын жұмыстары ерекше мәнге ие, -деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Ұзынжас.
Форумда сөз алған Департамент өкілдері мен антикор еріктілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолындағы нақты шаралар мен қадамдарды талқылады. Сонымен қатар, Ресейден арнайы шақырылған заң ғылымдарының кандидаты, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры Руслан Пузиков өз баяндамасында халықаралық тәжірибе мен сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді әдістеріне тоқталып, қатысушыларға құнды кеңестер ұсынды. Оның айтуынша, “сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдағы әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты және бұл бағытта еріктілік қызметінің үлесі өте зор”.
-Жемқорлық індет – жою міндет. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басты қағидасы. Еріктілердің қажырлы еңбегі көктемгі су тасқыны кезінде ерекше байқалды. Олар су басқан аймақтарда құтқару жұмыстарына қатысып, полиция қызметкерлеріне белсене көмектесті. Сондай-ақ, Аманқарағай орманындағы өрт кезінде де еріктілер нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Олар зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік жеткізіп, мұқтаж жандарға қол ұшын берді. 2023 жылдың 11 желтоқсанында Қызыл Партизанда болған газ қазандығының жарылысы салдарынан үйінді астында қалған 15 адамды құтқару операциясына да еріктілер үлкен үлес қосты. Олар үйінділерді аршуға көмектесіп, зардап шеккендерді эвакуациялауға бар күш-жігерлерін салды,- деп атап өтті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов.
Дильназ Изделюева
Суреттерді ұсынған ұйымдастырушы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77