Социум

«Тұрмыс жүргізу дағдылары, отбасылық міндеттерді бөлу» атты семинар-тренинг өтті

Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Тұрмыс жүргізу дағдылары, отбасылық міндеттерді бөлу (коммуналдық келісімдер, төлемдер, үйдегі төтенше жағдайларда әрекет ету)» атты семинар-тренинг өтті. Шараның спикері психолог Людмила Должикова болды. Ол отбасылық қарым-қатынасқа қатысты өзекті тақырыптарды қозғап, отбасы арасындағы үйлесімділікті сақтауға арналған тәжірибелік кеңестерімен бөлісті.

Семинар барысында Должикова «Отбасы заңын» талқылап, әр адам үшін отбасылық құндылықтардың маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

– Кез келген отбасының құндылықтар тізімі шексіз болуы мүмкін, бірақ берік және тату отбасы құруға көмектесетін негізгі құндылықтарды түсініп, соларды ұстану қажет, – деп атап өтті ол. Психолог моральдық және рухани қағидаттарды білу отбасындағы сенімді нығайтып, әрбір мүшенің бір-біріне деген сенімін арттыратынын түсіндірді. Әсіресе, қазіргі өмір қарқынының артуы мен күйзеліс факторларының көбеюі жағдайында бұл аса маңызды.

Тренингтің тағы бір тақырыбы – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас және бала тәрбиесі болды. Должикова балалармен қарым-қатынас қолдау мен түсіністікке негізделуі керек екенін ерекше атап өтті.

– Баланың пікірін құрметтеп, оны тыңдауды үйрену маңызды, сондай-ақ қиын тақырыптарды талқылаудан қорықпау керек. Бұл балалардың өздерін сенімді әрі қорғалған сезінетін орта құруға септігін тигізеді, – деп атап көрсетті психолог.

Отбасылық ұрыс-керістер мен кикілжіңдерді талқылау семинар қатысушыларының қызығушылығын тудырды. Психолог оларды шешуге арналған тәжірибелік кеңестер беріп, тіпті қарапайым қақтығыстардың өзіне түсіністікпен қарамаса, зиян келтіруі мүмкін екенін түсіндірді.

– Отбасылық ұрыс-керістер кез келген одақтың ажырамас бөлігі, бірақ оларды агрессиясыз еңсеруді үйрену маңызды. Қақтығыс – өкпе жинайтын сәт емес, түсіністікке қол жеткізіп, ымыраға келетін мүмкіндік, – деп толықтырды Должикова.

Тренинг барысында қатысушылар белсенді түрде сұрақ қойып, жеке оқиғаларымен бөлісіп, нақты мысалдарға негізделген нақты ұсыныстар алды.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77