Қостанай қымбатшылықпен қалай күресіп жатыр?

Дүкенге кірген сайын өзгеріп, көзге ұрып тұратын баға халықтың көңіл күйіне де, сатып алу қабілетіне де ықпал етеді. Өкініштісі, тұрғындар тарапынан көңіл көншітпес пікірлер басымырақ.

Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын тұрақтандыру күн тәртібінен түспей келеді. Бұл кейінгі жылдары мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне де айналды. Ал Қостанайдағы бүгінгі ахуал қалай?

Облыс орталығында бұл жұмыс бірнеше бағытта қатар жүргізіліп келеді. Бір жағынан, тұрақтандыру қоры азық-түлік қорын жасақтайды, екінші жағынан, әлеуметтік нан өндіріледі, үшіншіден, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп, делдалсыз сауда ұйымдастырылады. Бұған қоса, кәсіпкерлік бөлімі сауда орындарындағы бағаға тұрақты мониторинг жүргізіп, заң талаптарының сақталуын бақылайды. Мұның бәрі бір ғана мақсатқа – азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеуге бағытталған.
Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19 атаудан 31-ге дейін ұлғайды. Бұл – мемлекет бақылауындағы өнімдердің қатары көбейді деген сөз. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам әлеуметтік осал топтардың азық-түлікке қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік береді. Бірақ тізімді кеңейту өздігінен бағаны түсірмейді. Ол үшін нарықта нақты реттеу тетіктері жұмыс істеуі қажет.

Осындай тетіктің бірі – «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқаратын өңірлік тұрақтандыру қоры. Облыстық бюджеттен оған 5,4 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде қорда жалпы құны 2,9 миллиард теңгені құрайтын 12,5 мың тонна азық-түлік сақтаулы. Бұл қордың ерекшелігі – нарықтағы тапшылық байқалған кезде немесе белгілі бір өнімнің бағасы күрт көтерілгенде резервтегі тауарды сауда желілеріне шығару арқылы бағаны тежей алады. Яғни қордың негізгі міндеті – арзан өнім сату ғана емес, нарықтағы дүрбелеңнің алдын алу.

Қазіргі таңда қор өнімдері қаладағы қырыққа жуық сауда нүктесінде сатылады. Олардың қатарында ірі супермаркеттермен бірге шағын дүкендер де бар. Бұл тұрғындардың әр ауданнан қолжетімді бағадағы азық-түлікті сатып алуына мүмкіндік береді.

Әлеуметтік тұрғыдан ең маңызды өнімнің бірі – нан. Сондықтан оның бағасын тұрақты ұстау әрдайым ерекше назарда болады. Қостанайдағы 11 наубайхана әлеуметтік нан өндіріп, бір бөлкені 90-92 теңгеден сатуда. Бұл нан күн сайын елуге жуық сауда орнына жеткізіледі.

Дегенмен бағаны ұстап тұру бір ғана нанмен немесе тұрақтандыру қорымен шектелмейді. Көктем сайын көкөніс бағасының күрт көтерілуі қалыпты жағдайға айналған. Әсіресе былтырғы қор таусылып, жаңа өнім әлі піспеген кезеңде картоп, сәбіз, қырыққабат секілді тауарлар қымбаттайды. Биыл бұл мәселенің алдын алу үшін мамыр айында Түркістан облысынан қырыққабат жеткізілген.
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкееваның айтуынша, жыл басынан бері тұрақтандыру қорынан 1165 тонна өнім сатылған.

«Былтырмен салыстырғанда биыл картоп пен қырыққабатқа сұраныс жоғары болды. Мамыр айында Түркістан облысынан қырыққабат әкелінді. Тұрақтандыру қоры оның келісін 80 теңгеден ұсынды, ал бөлшек саудадағы бағасы 92 теңгені құрады. Соның нәтижесінде мамыр айында көкөніс бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді», – дейді бөлім басшысы.

Бұл мысал тұрақтандыру қорының нақты жағдайда қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Егер нарыққа арзан өнім уақытылы шығарылмаса, баға әлдеқайда жоғары болуы мүмкін еді.

Бағаның қалыптасуына делдалдардың да ықпалы зор. Өнім өндірушіден тұтынушыға жеткенше бірнеше қолдан өтсе, әр буын өз үстеме бағасын қосады. Соның салдарынан түпкілікті құн өседі. Осы мәселені азайту мақсатында облыс әкімдігі сәуір айында арнайы жұмыс тобын құрды. Оның құрамына бірнеше мемлекеттік органның өкілдері кіріп, көтерме сауда орындарында заң талаптарының сақталуын тексеруде. Кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары бойынша жадынамалар таратылған.
Бағаны тұрақтандырудың тағы бір тиімді жолы – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұнда жергілікті шаруалар өз өнімдерін делдалсыз тікелей халыққа ұсынады. Бір жағынан, фермерлер табысын арттырса, екінші жағынан тұрғындар өнімді дүкен бағасынан арзан сатып алады. Биылдың өзінде қалада 25 жәрмеңке өткізіліп, онда 5,5 мың тоннадан астам өнім сатылған.

Сауда инфрақұрылымын дамыту да нарықтағы бәсекені күшейтудің маңызды тетігі. Биыл қалада «Мистер Апельсин» супермаркетінің бесінші филиалы ашылды. Ал жыл соңына дейін Береке шағын ауданында тағы бір жаңа сауда орны пайдалануға беріледі. Сарапшылардың пікірінше, бәсеке артқан сайын бағаны негізсіз көтеру мүмкіндігі де азаяды. Ал енді бағаның құбылмалылығына байланысты айтар тұтынушылардың пікір-көзқарасы ұқсас.

«Бағаның бір күнде өзгеріп кететіні жасырын емес. Бір апта бұрын алған өнімді келесі жолы қымбатырақ құнмен көріп жатамыз. Сондықтан тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын дүкендерге әдейі баратын кездеріміз бар. Бағасы шынымен қолжетімді. Бірақ ондай өнім барлық дүкенде кездесе бермейді. Егер мұндай сауда нүктелерінің саны көбейсе, тұрғындарға тиімді болар еді. Өйткені қазір отбасы бюджетін үнемдеу көпшілік үшін маңызды мәселеге айналып отыр», – дейді қала тұрғыны Анаргүл Шалғынбайқызы.

Айлығы шайлығынан, жалақысы жолақысынан артылмай, тақыл-тұқыл күн көріп отырған тұрғында үшін азық-түлік бағасының байлаусыздығынан асқан мәселе жоқ екені даусыз. Сондықтан көбі арзандатылған өнім сататын сауда нүктелерін табанынан таусыла іздеуге мәжбүр. Азық-түлік жәрмеңкелері қашан өтеді екен деп те екі көздері төрт болып елеңдеп отырады.

«Кейінгі кезде дүкенге барғанда бағаға ерекше мән беретін болдық. Әсіресе картоп, пияз, қырыққабат сияқты күнделікті тұтынатын өнімдер қымбаттап кетсе, отбасылық бюджетке бірден әсер етеді. Кейінгі уақытта кейбір әлеуметтік дүкендерде көкөністің бағасы арзандағанын байқадым. Әлеуметтік нанды да үнемі сол жерден аламыз. Әрине, барлық тауардың бағасы бірдей төмен деп айта алмаймыз. Дегенмен осындай тұрақтандыру қорының өнімдері көбірек болса, қарапайым халыққа едәуір жеңілдік емес пе. Ең бастысы, бұл өнімдер әр аудандағы дүкендерде жеткілікті көлемде сатылып тұрса екен. Сосын, жәрмеңкелер жиі-жиі өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді тағы бір тұрғын, жалғызбасты ана Сымбат Құрмашева.

Расымен де баға мәселесі қозғай берсең, қоздай беретін күрделі түйткіл. Себебі қымбатшылықты толық тоқтататын әмбебап шешім жоқ. Өнімнің өзіндік құнына жанар-жағармай бағасы, электр энергиясы, логистика, ауа райы, маусымдық факторлар және басқа да бәлен-бәстуән әсер етеді. Соған қарамастан, тұрақтандыру қоры, әлеуметтік нан, жәрмеңкелер, баға мониторингі және сауда нарығын бақылау секілді тетіктер азық-түлік бағасының күрт құбылуына жол бермеуге себесін болып отыр. Ең бастысы, бұл жұмыстардың тиімділігі нақты нәтижемен өлшенуі керек. Өйткені қарапайым тұрғын үшін ресми есептерден гөрі дүкен сөресіндегі бағаның өзгерісі әлдеқайда маңызды.

Жандос ЖҮСІПБЕК,
сурет Лариса БОЖКО

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.