Дарынды сазгер Бақытжан Сәуекеновтың есімін мен алғаш рет студент кезімде естідім
Қасымдағы араласатын жігіттердің кейбіреулері киелі Торғай өңірінен болатын. Қайран сол аузын ашса көмейі көрінетін Мылтықбай Ысмағұлов пен Таңатқан Дәркеновтер де бақилық болып кетті. Осы қаламы жүйрік замандастарым қазақ руханиятына қомақты үлесін қосып келе жатқан Бәкең жайлы асқан шабытпен айтқанда еріксіз тыңдап қалатынбыз.
Ұлылар тәлімі
Кейін бұрынғы Торғай облысы жабылып, Қостанайға қосылды. Бұл әрине, мұндағы ағайындарға жеңілге соққан жоқ. Сол жақтағы бауырларымыз елордамыз Астанаға, Арқалыққа қоныс аударса, енді бірқатары біздің астықты өңірдің аудандары мен қалаларына орналасты.
Ал, бүгінгі өнер саңлағы Бақытжан аға көп ойланып жатпастан халықтың бел ортасында болып, оларды сазды да сыршыл әуендерімен сусындатуға белін бекем буды. Әрине, үйренген жерден жаңа ортаға бірден тастай батып, судай сіңіп кету де оңай ма? Алайда, ол адам баласын жатырқау дегенді білмейтін жайсаң мінезімен жұртшылықпен тез тіл табысты.
Қазіргі ширек ғасырға жуық бір жерде табан аудармай мәдениет саласында қызмет атқарып жатқан Меңдіқара оның құтты мекеніне айналды. Бұл күндері өнер тарланының есімін білмейтіндер жоқ шығар. Әу баста аталған орман-тоғайлы, табиғаты көркем, адамдары еңбекқор да дарқан жерге келуіне облыс басшысы Құмар Іргебайұлы аудан әкімі болып тұрған шақта ықпалын тигізген болатын.
Бұл өзіне артылған сенімді іс жүзінде ақтауға барын салды. Содан аталмыш өңірдегі қабілетті жастар мен әріптестерінің басын қосып, ортақ мүдде жолында аянбай тер төкті. Осындай ауызбірлік пен түсіністіктің нәтижесінде «Домбыра сазы» деп аталатын ансамбль дүниеге келді.
Осынау өнер ұжымын қалыптастыру мен шығармашылық деңгейін көтеру жанашыр кісілердің қолдауын қажет ететіндігі белгілі. Биліктегілер де қарап қалмады. Қызметкерлер үнемі тың ізденісте болып, репертуарларын халық талғамынан шығатындай дүниелермен байытты. Өнерпаздардың дарынын ұштап, тәжірибе жинақтату үшін түрлі байқаулар мен фестивальдарға қатыстырды.
Қостанайдағы әріптестері де қол ұшын берді. Дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияны басқарған білікті маман, марқұм Назымбек Молдахметовтың інілік көмегі де аз болмады.
Қарамағындағылардың бәріне де өзі тікелей үлгі болды. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, қаншама бозбала мен бойжеткендердің жарқырап көрінуіне жағдай жасады. Олар жұдырықтай жұмыла отырып, кездескен қиындықтар мен кедергілерді жеңді. Бұрын қол жетпестей көрінген биік асуларды бағындырды.
Ең бастысы, жергілікті жұртшылық пен ән мен жыр сүйер қауым бұлардың еңбегін жоғары бағалап, «Халық ансамблі» атағын алды. Бұл дәреже ұжым мүшелерінің өздеріне деген сенімділігін арттыра түсті. Бір ерекше айта кетер жай, Бақытжан аға ешқашан да қол жеткенге масаттанған емес. Барға тасымады, жоққа жасымады. Адамгершілікті пір тұтты. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы берік ұстанды. Түсінген адамға мұның бәрі де отбасында ата-анадан дарыған тағылымды тәрбиеде жатқандығы даусыз.
Оның өскен ортасы
Әңгімемізге өзек болып отырған Бақытжан Сәуекенов 1951 жылы 13 маусымда қазағы қалың Жангелдин ауданының Торғай селосында көп балалы айрандай ұйып, сыйластығы жарасқан шаңырақта туды. Кішкентайынан зейінді болып өсті. Әкесі Дәурен бұған үнемі «Ұлым, ертең есейгенде елдің мүддесін жоғары қоятын білікті маман бол» деп отыратын.
Әулет басшысының осы өзіне өсиет етіп қалдырған аманаты көкейінде мәңгілік жатталып қалды. Ол жергілікті талай біртуар дарын иелерін түлетіп ұшырған Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтады. Есімі білім ордасында көптің бірі емес, алдыңғы шептегі оқушылардың қатарында аталатын. Көпшілдік қасиетінен де шығар, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты.
Бір ғажабы, әсем ән мен тәтті күй, әуезді үнді естісе елең ете қалатын. Соны зердесіне әбден құйып алғанша асығатын. Оның ең алғаш және сүйікті музыка аспабы аккордеон. Ал баянды тұңғыш рет Сәуекеновтермен көршілес тұрған орыс азаматы үйретті.
Жалпы, музыкаға баулыған ұстазы, аты-жөні Торғайда көпке мәлім, Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның түлегі Болат Хамзин. Ол бұған мектепте өнерден дәріс беріп ғана қойған жоқ. Өзінің қанатының астына алып, кез келген кісіге қона бермейтін сазгерліктің белгісіз қыр-сырына бойлатты. Егер бұл тіршілікте композиторлық мамандықтың шыңына көтерілген болса, әлгі тәлімгерінің қосқан үлесі мол.
Халқының құрметіне бөленген Бәкең 1976 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне түсіп, бұл оқу орнынан «Қазақ халық аспаптары әуесқойлар оркестрінің жетекшісі» мамандығын алып шықты. Содан кейін туған жеріне оралды. Содан бергі мағыналы өмірі таңдаған кәсібімен тығыз байланысты. Кезінде Нұрхан Ахметбеков атындағы облыстық мәдениет үйіндегі автоклубта жауапты қызмет атқарды.
Тәлімгер — ұстазының жасаған қамқорлығын өзінің соңынан ерген інілеріне ерекше бір сағынышпен айтып отырады. Себебі, кезінде жүрегін жарып шыққан туындыларын нотаға түсіруге де оның тигізген септігі зор екендігін тебіреніспен еске алады.
Өнер иесіне өзінің үлкен толғаныспен жазған туындылары төл перзентіндей өте ыстық. Ал, алғаш рет дүниеге келген шығармаларының орны тіпті бөлек. Бұлар — марқұм ақын Бейбіт Әбдікұлының сөзіне жазылған «Анама», «Достар вальсі» әндері. Тіпті оның болашақ сазгерлік қабілетін айналасындағыларға айқын көрсеткен тырнақалды туындысы «Гүлім қайда?» оқушы кездегі талпынысының жемісі екендігін жасырмайды.
Бақытжан Дәуренұлының әрбір көпшілікті тебіреніске түсірген шығармаларының өзіндік тарихы бар. Осындай талғампаз қауымның жүрегіне жол тапқан бірегей ән — «Туған жер- Торғайым» деп аталады. Өткен күндерге көз жіберсек, аталған туындының барша қауымның рухани қазынасына айналғанына қырық жылға жуық уақыт болып қалыпты.
Осы арада оқырманға түсінікті болу үшін артта қалған кезеңге қысқаша шегініс жасағаным жөн болар. Сонау 1990-шы жылдары халықтың ұғымындағы Торғай қаласының 70 жылдығы алдында есте қаларлық мереке өткізілетін болыпты.
Соған әзірлік кезінде ел ардақтысы атанған абыз ағамыз Орекен Алматов мәдени саласы қызметкерлерінің басын қосып, қасиетті мекен хақында қалың жұртшылықтың көңілінен шығатын өміршең ән керектігін айтып, бұларға ой тастады.
Содан жергілікті ақын Ғалымбек Әбілқайыровпен екеуі ақылдасып, бір шешімге келеді. Мәтіні мен әуені әдемі үйлескен туынды көп өтпей қос дарынның арқасында дайын болды. Әнді Бақытжан Сәуекеновтың өзі салтанатты жиында баянның сүйемелдеуімен туған жерге деген ерекше сезіммен қалың жұршылықтың алдында орындап шықты.
Сөйтіп, күллі торғайлықтар мен жан-жақтан келген мәртебелі қонақтар ұзақ қол шапалақтап, бұрын естімеген әнді қуанышпен қарсы алды. Сазгер үшін бұдан артық қандай бақыт болушы еді. Содан бері бұл шығарма Торғай өңіріндегі бауырларымыздың шын мәніндегі ерекше ықыласпен шырқайтын асқақ та сазды әуені болып кетті. Ағайындар басқосқан түрлі мерекелерде, той-томалақтарда әлгі керемет ғажайып туындыны бастаса, мұның кіндік қаны тамып, балалық балдәурен шақтары өткен жерге деген мақтаныш сезімі кеудесін кернейді. Аталған рухыңды көтеретін әнді республикаға танымал қаншама талантты әншілер үлкен сахналарда аса бір шеберлікпен орындап, тыңдаушылардың үлкен қошеметіне бөленіп жүр.
«Ғасырлар пернесі» ансамблі жөнінде
Ән сүйер қауымның есінде болар, 1968-1970 жылдары Торғайда «Ғасырлар пернесі» ансамблінің негізі қаланды. Оған қазақтың музыкалық мұрасын зерттеуші, профессор Болат Сарыбаевтың сіңірген еңбегі де айрықша. Өйткені, бұл саланың білгірі ұлтымыздың көне аспаптарын жаңғыртуда аянбай тер төкті. Көрнекті тұлғаның тікелей ұйытқы болуымен ұжымға сазсырнай, шертер, үскірік, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ сияқты аспаптар алынды.
Осыншама құнды дүниелердің басын қосып, үндестік тапқан ұжымға айтулы музыкант Болат Хамзин басшылық етті. Бақытжан Дәуренұлы бастапқыда мұнда қызметке қабылданғанда қобызда ойнаған.
Ұйымшылдық әрі алдына мақсат қойған жігіттер мен қыздар тынымсыз ізденістің арқасында арада көп өтпей «Халық фольклорлық-этнографиялық ансамбль» атағын иеленді.
Осы шығармашылық табыста кейіпкеріміздің өзіндік қосқан үлесі де қомақты. Кәсіби біліктілігі ескеріліп, 1976-1992 жылдар аралығында осы ұжымның көркемдік жетекшісі атанды. Гастрольдік сапарлармен Ресей мен Украинаны айтпағанның өзінде, Сирия, Иордания, Мозамбика секілді мемлекеттерде болды. Ол жақтардың халқына ұлттың аспаптарымыздың үнін естіртумен қатар қазақ өнерінің өзіндік ешкімге ұқсамайтындығын паш етті.
Оның әншілік талантымен қатар композиторлық қырының өзі бір кітапқа өзек боларлықтай. Дарынын ел мойындаған тұлға жайлы мақаламыздың барысында баяндаған тырнақалды туындыларымен қатар «Қазақ қызы», «Арқалығым менің», «Домбыра», «Туған жерім-Торғайым», «Қазыналы Қостанай», «Қостанай- Торғай бауыр ел», «Ағасы бар бақытты» секілді басқа да әндері жетерлік. Олардың бәрі де тыңдармандарын тапқан, өзіндік айтары бар мазмұны терең туындылар.
Сонау сағымдай бұлдырап артта қалған жылдары Бәкеңнің сазгерлік мүмкіндігі мен бойындағы табиғи дарынын қазақтың көрнекті тұлғалары Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев пен Қазақстанның халық әртісі Әсет Бейсеуов жылы лебізін білдіріп, шығармашылық жолында сәттілік тілеген.
Мерейтойы есте қаларлықтай өтті.
Бақытжан Дәуренұлы достыққа берік те адал. Бұлай дейтінім, көршілес Аманкелді ауданының тумасы, өнерді дүниеден өткенше биік қойған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдинмен жастайынан сыйласты. Екеуі егіз қозыдай жарасып жүретін. Қос майталман рухани үндестік пен достықтың арқасында еліміздің көптеген қалаларында болып, абыз ақсақалдардың батасын алды.
Оның азаматтық тұлғасы, шынайы адами болмысы жөнінде белгілі дін қайраткері Бектұрсын Торғайбайұлы айтады:
— Мен де қазақ халқына қаншама қайталанбас дарындар берген Жангелдин ауданының түлегімін. Бақытжан ағаның туындыларына жастайымнан бір кісідей қанықпын. Жерлестеріміз оның әндерін жоғары бағалайды. Шығармаларының өн бойынан Торғайдың тыныс-тіршілігі, оған деген перзенттік махаббаты мен іңкәрлік сезімі анық сезіліп тұрады.
Сондай-ақ ол өте кішіпейіл. Өткен жылдары рухани салада қандай биік шыңдарға көтерілсе де, өзін қарапайым қалпында ұстайды. Кімге болсын, ашық. Сондықтан халық арасында аса құрметті.
Белгілі әнші-сазгер үлгілі әулеттің тірегі. Жарты ғасырдан астам бір шаңырақтың астында сыйласқан ғұмырлық қосағы Қуаныш Торғайқызы отағасының өмірдегі және өнердегі қолдаушысы. Күміс алқа иегері ұл-қыздарының тәлім-тәрбиесіне ерекше назар аударды. Ұлағатты ұстаз ретінде талай талантты шәкірттерді біліммен қаруландырып, тәуелсіз елдің нағыз патриоты болып қалыптасуына септігін тигізді.
Сіңірген адал еңбек жемісін беріп, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі атанды. Жергілікті жердегі әжелер ансамблінің белді мүшесі. Жалпы, Сәуекеновтер әулетіндегілер ән мен күй десе ішкен асын жерге қояды. Олардың ұлы Жанболат әке жолын қуып, орындаушылық шеберлігімен жүрект ерді жаулады. Немерелері де ата-әжесінен ғибрат алып, руханиятқа ден қойды.
Бақытжан Дәуренұлының 75 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтті. Қостанай шаһарындағы Жастар сарайында ұйымдастырылған «Өнерім – өмірім» деп аталатын шығармашылық кешіне халық көп жиналды. Бұл да болса, жерлестеріміздің оған деген ілтипатын көрсетсе керек.
Жиын алдында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Меңдіқара ауданының құрметті азаматын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қабылдап, өңір басшысының құттықтауын жеткізді. Өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Аталған кеш барысында өзге де зиялы қауым өкілдері қуанышына ортақтасты. Өнерпаздар сахнада әнші-сазгердің жүрек қылын шертетін туындыларын орындады.
Онда елордамыз Астанадан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ өнерін асқақтатып жүрген әнші Досымжан Таңатаров мерейтой иесінің «Даланың ару қызы» әнін әуелете шырқап, қостанайлықтарды бір серпілтіп тастады.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет ғаламтордан алынды
