Қостанайдағы Е. Өмірзақов атындағы Жастар сарайында XXI халықаралық «Алтын микрофон-2025» әншілер байқауының салтанатты ашылуы өтті
Бұл Қостанай облысының брендіне айналған, талай таланттардың бағын жаққан, 21 жылдық тарихы бар бірегей жоба. Биылғы байқауға қатысушылар саны да жылдағыдан әлдеқайда көп. Еліміздің барлық өңірлерінен және алыс-жақын шетелден келген 84 әнші өнер көрсетуде. Тағы бір айта кететіні байқау тарихында алғаш рет Ұлыбританиядан қатысушы келіп отыр.
Жас таланттардың өнерін халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Қазылар қатарында Армения, Болгария, Қырғызстан, Беларусь, Украина және Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері бар. Ал қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, әнші Жеңіс Сейдоллаұлы.

Салтанатты шарада Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың маңыздылығына тоқталды. Келешекте ауқымын әлі де кеңейтуге күш салынатынын айтты.
«Аталмыш жоба арқылы қаншама таланттар танылды. Бүгін де жаңа есімдер ашылады деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді ол.
Байқау төрт санат бойынша өтуде: кіші топ (7–10 жас), орта топ (11–13 жас), ересектер (14–17 жас) және кәсіби (тәжірибелі орындаушылар, түрлі байқаулардың жеңімпаздары).

Алғашқы болып сахнаға алматылық Тамерлан Абдолда шығып, байқаудың шымылдығын ашты. Бұған дейін де осы жобаға қатысқан ол бірнеше жыл үзілістен кейін Қостанай сахнасына қайта оралды.
– Мен баламмен Қостанайға екінші рет келіп отырмын. Әрине, алғашқы болып шығу оңай емес. Бірінші болып бастап шығамыз деп ойламадық, Кеше жеребе барысында балама осы номер түскенде жүрегіміз алып ұшты, – дейді анасы.
Қатысушылардың өнері 10 балдық жүйемен бағаланады. Биылғы ерекшелік – гала-концерт алғаш рет ашық аспан астында, облыстық әкімдік алдындағы сахнада өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қадам көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлап, байқау атмосферасын жаңа деңгейге көтермек.

Байқау Қостанай облысы мәдениет басқармасы мен Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Ая ӘБДІЛДА, суреттерді облыстық халық шығармашылығы орталығы ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
