Біздің Қостанай Социум

Қаламгер Қасымхан Алдабергеновтың мағыналы ғұмыры жөнінде

Қазіргі таңда қолына қалам ұстаған әріптестеріміздің арасында ғасыр жасаған кісілер жоқтың қасы. Қостанайлық Қасымхан Алдабергенов ағамыз осындай сирек кездесетін тұлғалардың бірегейі

Ата-ананың қадірі

Кеудесі алтын сандық қарт әрдайым өмірдегі барлық маңызды кездесулер мен басқосулардың құтты қонағы. «Ақынын сыйлаған ел бақытты» демекші, облыс және қала басшылары да ақсақалдың елге сіңірген еңбегін бағалап, құрмет көрсетіп жатады.

Мен кешегі майдангердің хал-жағдайын біліп, өткен өмір белестерінен толық хабардар болу үшін жақында оның шаһардағы киелі шаңырағына арнайы ат басын бұрдым.
Есікті оның тұңғышы, замандасымыз Ғабит ашты. Назарымды бірден аударғаны оның да мінезі тура әкесіне тартқан. Ақжарқын, кімді болсын жатсынбайтын кең пейілді азамат болып шықты.

Қасымхан аға да жасының ұлғайғанына қарамастан әлі тың да сергек. Бұрыннан көріп жүргендіктен қуана қарсы алды. Қанша дегенмен шығармашылық адамы ғой, әңгімеміз бірден үйлесіп, өрісін тауып жатты.

Өзімнің таңқалғаным, оның есте сақтау қабілеті жақсы. Түр кескініне қарап жүз жасты бере қоймайсыз. Өзі үй ішінде еркін жүріп тұрады. «Адам сөйлескенше, жылқы кісенескенше» демей ме. Ол сұхбатын сонау жарық дүние есігін ашқан шақтан бастады. Мен де оның сөзін бөлмей, келтірген деректері мен дәйектерін қойын дәптеріме жазып үлгеруге тырыстым.

Абыз атаның айтуына қарағанда, өзі сонау 1925 жылдың 11 қыркүйегінде қазіргі облыс орталығынан шалғайда жатқан Жітіқара ауданының Талдыкөл ауылында шыр етіп дүниеге келіпті.

Біздің қазақ ежелден мал шаруашылығымен айналысып, нәпақасын содан тауып күн көрген. Айрандай ұйыған бір шаңырақтың иесі Алдаберген сол аймақтағы қандастары секілді қарапайым еңбек адамы еді. Күннің атысы мен батысына дейін мал соңында жүріп, отбасын асырады.

Ғұмырлық серігі Салжан екеуі жарасып, ел қатарлы тіршілік кешті. Ешкімнің ала жібін аттамай, өмірлерінің мәні мен сәніне айналған перзенттеріне тағылымды тәрбие беруге тырысты. Табан ақы мен маңдай тер ғана адам баласын көздеген мақсатына жеткізетіндігін олардың санасына ес білгеннен сіңірді.

Бір өкініштісі, Қасымхан аға әлі оңы мен солын танымаған әрі бұғанасы қата қоймаған бес жасында аяулы анасы кенеттен мәңгілік көз жұмды. Бұл қайғы бір әулетке қатты соққы болды. Содан кейін отағасы шиеттей бала-шағасының қамын ойлағандықтан екінші рет Шәмшия есімді апамен тағдырын қосты.

Қысқасы, ерлі-зайыптылар алты ұл мен екі қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға соқтырмай өсірді. Кейіпкеріміздің сөзіне қарағанда, бұл күндері сол бауырларынан екі інісі және қос қарындасы бар. Солардың аман-есендігін тілеп отырады.

Ашаршылықтан тірі қалды

Біздің қазақ солақай саясаттың кесірінен қандай қиындықтар мен зобалаң шақтарды бастан кешпеді дейсіз. Мәселен, сонау қандастарымыздың басына қара бұлт төніп, баудай қырылған 1932 -1933 жылдар небәрі жеті-сегіз жасар бала Қасымханның есінде де мәңгілік ұмытылмастай болып жазылып қалды.
Сол кезде өзге бауырларымыз секілді аштықтың қандай зардап әкелетіндігін өз басынан өткізіп, бір өлім аузынан қалды. Сол уақытта орта кесе сүтпен жүрек жалғамағанда мұның кейінгі өмірі қандай боларын бір Алла ғана біледі.

Ойламаған жерден құрқұлақ дертіне шалдықты. Кәдімгі дәрумендер жетпегендіктен тістерінің еті өсе бастады. Көрер жарығы бар екен, әлгі 1933 жылдың көктеміндегі көк жуаға әрең ілігіп, тірі қалды. Жоғарыда аталған аурудың әлегінен жүре алмай, еңбектейтін халге жетті.

Айналайын аналар перзенті үшін не істемейді? Мұны арқасына арқалап, далаға алып шығатын. Бұл бір үзім нанның қадірін әлі кішкентай болса да жұдырықтай жүрегімен сезінді. Аштықтан адам ісініп, кеуіп кететіндігін көзбен көрді. Бір тамақты тойып ішу үшін кісілер ауыл-ауылды аралап, кезіп кететін. Оның осындай әңгімесін тыңдап отырғанда еріксіз көзіңе жас келеді. Бауырларымыз қазақ халқын сондай қасіретке ұшыратқан Голощекин секілді залымдардың әрекетін тарихтың ақтаңдақтарынан жақсы біледі.

Қалай дегенмен де аталған кезеңдердегі ауыртпалықтар мұның тұстастарын тым ерте есейтті. Өмірге деген құлшыныстарын оятты. Ол кешегі Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылға дейін жеті сыныптық білім алды. Басында бастауышты Шілікті ауылында оқыса, кейін оны Милютин кеңшарында жалғастырды.

Қасымхан аға мектепте көптің бірі болған жоқ. Сабақты үздік оқыды. Әсіресе, математика пәнін меңгеруде алдына жан салмады. Ал, мұндай шәкіртті қайсы ұстаз жек көрсін. Өзін мақтан тұтты. Сол кезде бұларға аталған пәнді қазақ еліне жер аударылып келген латыш азаматы Сергей Мартынович оқытты. Ол мұның алғырлығына тәнті болып, кезінде жергілікті «Житикаринский рабочий» газетіне «Мой лучший математик» деген тақырыппен мақала да жазды.

Сол ұлағатты ұстазы көп жылдарды араға салып, мұнымен жүздескенде бауырына басып, сағынышымен бөлісті. Бұл да болса, мұғалім мен зерделі шәкірттің бір кездердегі өзара түсіністігін айқын дәлелдеп тұрған жоқ па.

1943 жылы қаңтар айында 18 жасқа толмаған бозбала Жітіқара аудандық әскери комиссариатынан шақырту алды. Содан бұлар Златоуст шаһарындағы алты айлық офицерлер дайындайтын пулемет училищесіне қабылданды. Алайда, оны толық аяқтай алмады. Екі ай қалғанда бұларды әуе-десант әскеріне іріктеу жүріп жатқандықтан әлгі жерден алып кетті. Содан Владимир облысында Қызыл Тулы 14 -ші гвардиялық әуе-десанттық бригадасындағы пулеметшілер ротасындағы әскери қызметке бейімделіп, темірдей тәртіпті бойына сіңірді.

1944 жылдың қоңыр күзіне қарай майданға аттанды. Жорық барысында Белоруссияда аялдады. Содан кейін Будапешт қаласының түбіндегі Сольнок селосында тоқтады. Осы кезде сол маңда қанды соғыс жүріп жатты. Бұларды аталған шаһарды жаудан азат еткен соң, нағыз жан алып, жан беріскен шайқастың алдыңғы шебіне салды.
Талай сынақтан сүрінбей өткен жігіттер әскери бұйрық бойынша әйгілі Болотон көлінің жағасында орналасқан немістің танк қорғанысына тұтқиылдан шабуыл жасады. Сөйтіп, тас қамалдай көрінген қорғаныс бұзылды. Берік орныққан жауды жылы орнынан қуып шықты.

Міне, осылайша қаһармандықтың арқасында Венгрияны да неміс женттерінен азат етті. 1945 жылдың сәуір айының басында бұлар Дунайға келіп табан тіреді. Сол айдың ортасында Вена қаласын да жаудан босатты. Осындағы қанды шайқаста көрсеткен ерлігі үшін ағамыз «Венаны азат еткені үшін» медалімен марапатталды.
Олар жауды бет қаратпай қуа отырып, Чехословакияның шекарасына келіп жетті. Бұл елдің де біраз жерін фашистерден құтқарды. Көп өтпей 9 мамырда бүкіл Кеңес Одағы жеңіс күнін тойлады.

Жалпы, майдангер Венгрия, Австрия, Чехословакия жерлерін немістерден азат етті. Кеудесіне тағылған «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» секілді бірқатар медальдар оның соғыстағы ерлігінің айқын дәлелі.

Туған жермен қауышу

Қанды майданда толарсақтан саз кешкен Қасымхан Алдабергенұлы туған жеріне гвардия старшинасы шенімен 1950 жылы Кострома қаласынан оралды. Сөйтіп, өзінің ата-анасы тұрып жатқан Милютин кеңшарының Ақтасты бөлімшесіне келді.

Оның бала жастан алдына қойған асыл арманы – жоғары оқу орнын тәмамдап, елі мен халқына пайдасы тиетін мамандық иесі атану еді. Енді кешегі жауынгер осы мақсатын жүзеге асыруды ойлады. Бірақ, елдегі қартайған әке-шешесін қараусыз қалдыра алмады. Бір жағынан алыс қалаларда оқуға қаражат тапшылығы да қол байлау болды.

Бұл уақытта соғыстың алдында өзі оқыған мектептің директоры Ердәулет Жаңабаев болатын. Бұл кісі өзінің жақын жездесі еді. Ол да әскерден аман-есен келіп, бұрынғы басшылық қызметін одан әрі жалғастырып жатыр екен.

Ерекең бұның кезінде үздік оқығанын жақсы білетін. Қарым-қабілетін, бастаған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын тиянақтылығын ескерген болар, өзі басқаратын білім ордасына мұғалімдік қызметке шақырды.

Әрине, кәсіби білім мен диплом алуды да бір сәт ұмытқан жоқ. Күнделікті міндетінен қол үзбей жүріп, Қостанай педагогикалық училищесінде сырттай оқыды. Жергілікті мектепте жоғары сынып оқушыларына математикадан дәріс берді. Уақыт өте арманына да қол жеткізді. Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының филология факультетін аяқтады. Бұл жерден қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Кезінде аталмыш оқу орнының беделі елімізде дүрілдеп тұрды. Нағыз педагогтардың алтын ұясына айналды.

Дарынды тұлға сан қырымен танылды

Әңгіме айтудың хас шебері Қасекең сан қырлы дарын иесі. Бүгін соның бірқатары жөнінде таратыңқырап сыр шертеміз. Ол ес білгеннен ән өнеріне шексіз ғашық болды. Сонау мектеп қабырғасында жүрген алты жастан бастап ән салды. Естігенін бірден қағып алатын қағілез бала өз заманындағы тың туындыларды үйренгенше тыным таппайтын.

Ал, қазақтың қара домбырасын он жастан асқан кезде үйренуді қолға алды. Шын ниет болса, алынбайтын асу жоқтығына мұның өмірі дәлел. Әкесінің туған інісі Жаңатай ағасы айналасына танымал домбырашы еді. Соның үйіне барып жүріп, өзінің таудай талабы мен зейінділігінің арқасында оны да бір кісідей игеріп алды.
Сол кезеңдерде халық ақыны, ұлт мақтанышы Кенен Әзірбаевтың «Боз торғай», «Көкшолақ» секілді тыңдаған жанның жүрегін баурап алатын мазмұны терең әндерді өзінің жастығына қарамай тамылжыта орындайтын. Сонымен қатар халық әндері «Сырымбет» және «Шұға» сияқты туындыларды жаны сүйіп, шырқағанда одан рухани ләззат алатын.

Ағаның бойындағы дарынды Алматыда өткен бір айтыста талғампаз тұлғалар қауымы байқап қалса керек. Өйткені, мұның жыраулық, әншілік, өзге де орындаушылық айрықша қабілеттерін, ешкімге ұқсамайтын өзгеше мақамын бағаламау да мүмкін емес-ті.

Міне, осындай ерекшелігінің арқасында әмбебап дарынды 1983 жылы Алматы қаласындағы республикалық телерадио корпорациясындағылар алтын қорға дауысын жазып алу үшін арнайы шақырды.

Осылайша елу минуттық «Халық қазынасы» циклы бойынша жазбаға мұның орындауындағы ұлы Абай Құнанбаевтың «Масғұт» поэмасы, уақ Жұмабайдың термелері, өзінің түрлі деңгейдегі айтыстардан үзінділері және басқа да халықтың жадында қалған толғаулары енді.

Оның бойындағы тағы бір қыры – суырып салма айтыскер екендігі. Ол 1959-1979 жылдары аралығында Қостанай облысындағы ақындар айтысына алты рет қатысып, өзінің суырып салмалығымен дараланған. Оның төртеуінде бірінші орынды иеленіп, топ жарды.

1980 жылы Алматы шаһарында ІІ республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, онда Қостанай-Торғай облыстарының өзі секілді жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ақындары қатысты. Онда әділқазылар алқасына ұлтымыздың аса көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаев төрағалық етті. Бұл елдік деңгейдегі айтысты өміріндегі ең бір ұмытылмас кезеңге балайды.

Ол ұзақ жылдар бойы қазіргі облыстық »Қостанай таңы» газетінің Меңдіқара және Ұзынкөл, уақыт өте қазағы қалың Әулиекөл, Науырзым аудандарындағы меншікті тілшісі болды. Оның көтерген әрі өзекті мәселелерді қозғайтын очерктері мен мақалалары лездемелерде мақталып, кейінгі жас журналистерге өнеге етілді.

Ол құрметті демалысқа шыққан соң облыс орталығына біржола қоныс аударды. Елі мен халқына сіңірген еңбегі де лайықты бағаланды. Бұл сөзімізге оның кеудесіне тағылған «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі» секілді төсбелгілері нақты дәлел.

Сондай-ақ, мәдениет саласындағы көп жылғы қызметі ескеріліп, Қостанай меценаттар клубының «Қазына» сыйлығын да иеленді. Облыстық мәлихаттың арнайы шешімімен оған «Қостанай облысының құрметті азаматы» мәртебелі атағы берілді.

Ғұмырлық серігі Шолпан апа екеуі бір ұл мен төрт қызды жастайынан бейнетқорлыққа, табандылыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулыды. Тұңғыштары Ғабит, одан кейінгі қыздары Жадыра, Жанат, Нәсіл, Нұргүлдер өмірден өз орындарын тапты.

Бұл күндері мәуелі бәйтерекке айналған ұлағатты кісілер осы ұрпақтарынан 13 немере, 6 шөбере сүйді. Олардың алақандарынан су ішкен бақытты ата-әже атанды.

Оразалы ЖАКСАНОВ, сурет кейiпкерден алынды

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77