Артында өшпес із қалдырған: ардақты аға, дарынды қаламгер Жанұзақ Аязбеков жөнінде

Талантты сыншы, қаламы қарымды қаламгер Жанұзақ Аязбекұлының дүниеден өткеніне де қырық күн болып қалыпты. Бұл күндері сағынышқа айналған тұлға 1977 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтады

Тағдыр деген де қызық-ау. Арада біраз уақыт өткенде Жәкең екеуміз киелі Қостанайда қауышып, сырлас бауырларға айналдық. Аралас-құралас болған соң әрине, оның өткен өмір жолдарынан да хабардар болатындығың белгілі. Оның үстіне талантты азамат елі мен халқына әбден танылып қалған-ды.

Бір факультеттің түлегіміз

Мен алғаш көрген шақта ол облыстық радиода бас редактордың орынбасары-тын. Замандастары әріптесіміздің Алматыдағы жоғары партия мектебін тәмамдағанын да білсе керек.

Мұндай елімізге мәшһүр азаматтар жайлы әңгіме еткенде оның сонау артта қалған балалық шағына да шолу жасап өткеніміз орынды секілді. Өзі қазағы қалың, ұлтымыздың барлық салт-дәстүрі берік сақталған Жамбыл облысы Талас ауданы ,қазіргі Көшек батыр ауылында дүниеге келді.

Әулеттің басшысы, яғни әкесі Аязбек Айтбайұлы кешегі қанды майданды бастан кешкен Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Бейбіт күндері де колхоз бен кеңшарларда түрлі жауапты қызметтерді атқарған абыз ақсақал-ды.

Шаңырақтың алтын діңгегі Сара Әлшерова да отбасының берекесін келтіріп, төрт ұл мен төрт қызды тәрбиелеп өсірген асыл ана. Ерлі-зайыптылар осы ұрпақтарының қамын ойлап, көздері тірі кезде немере-шөберелерінің қызығын көрді.

Өзімнің пайымдауынша, болашақта жазу-сызуды ғұмырлық серігіне айналдырған қаламгерлердің бойындағы дарын ұшқыны сонау мектеп қабырғасында жүргенде-ақ көрінді. Жанұзақ ағамыз да шығармашылықты мектепте жүргенде өлең, шағын әңгімелер жазудан бастады. Оның қиялынан туған дүниелер республикалық «Қазақстан пионері» газетіне үздіксіз шығып тұрды.

Қаламының желі бар, келешегінен үлкен үміт күттіретін тілші баланы аталмыш басылым ұжымы бойындағы қарым-қабілетін ескеріп, мұны заманында дүрілдеп тұрған Бүкілодақтық Артекке жолдама берді. Сол жақтан дарынды оқушы редакцияға «Артектен сәлем» деген тақырыппен мақала жібергені әлі күнге дейін жұртшылықтың жадында сақтаулы.

Қалың оқырман оның түрлі жанрларда қалам тербегендігін жақсы білсе керек. Ол кішкентайынан ауыз әдебиетімізге қанып өскендіктен болар, сөйлегенде өте шешен. Басқалардан өзіндік сөз саптасымен дараланып тұратын.

Марқұмның сын жанрында жазған тұңғыш мақаласы 10-шы сынып оқушысы кезінде таралымы мол «Жұлдыз» журналында басылды. Сөйтіп, ол қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің дуалы аузына да ілікті.

Журналистикада өзіндік қолтаңбасымен дараланды

Қаламгердің қазақ журналистикасында өзіндік ерекше орны бар. Жоғары партия мектебін тәмамдаған соң, облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы қызметін де абыроймен атқарды. Тынымсыз ізденісі мен көкейтесті тақырыптарды көтере білетіндігі, кәсіби шеберлігінің арқасында Қазақ радиосы мен теледидарының «Қазақстан» және «Хабар» агенттігінің Қостанай облысындағы меншікті тілшілігін де атқарды.

Оның есімі көрермендерге жергілікті теледидардың негізін қалаушылардың бірі қатарында да құрметпен аталады. Өйткені, Қостанай облыстық телерадио компаниясы төрағасының орынбасары-Бас редакторы болды. Кезінде «Заман» телеарнасының директоры ретінде қаншама құнды хабарлар жасауға ықпал етіп, жұртшылыққа терең ой салды.

Өз саласының білікті маманы Мәскеуде өткен мәртебелі 4-ші Евразиялық телевизиялық форумына «Қазақ тұлпары» атты авторлық бағдарламасымен қатысты. Басқа да көптеген республикалық деңгейдегі беделді байқауларда топ жарды.

Қостанайда оның көп жылғы еңбегі әділ бағаланып, меценаттар клубының «Қазына», журналистер арасындағы Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлықтармен марапатталды.

Маңдай тер мен үздіксіз талпыныс оның абыройын асқақтатып, күллі елімізге кеңінен танытты. Мемлекет басшысының Жарлығымен кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Қазақстан Журналистер Академиясының академигі атанды. Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақ журналистикасының қайраткері. Омырауындағы Тәуелсіздігіміздің он жылдығы, Бейімбет Майлин, сонан соң Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған медальдар да біраз жайдан хабар берсе керек. Басқа да мерейін өсірген дипломдар мен төс белгілер жетерлік.

Сонау студенттік жылдары есімі Қазақ телевизиясының тарихында алтын әріппен жазылған Совет Масғұтов секілді білімді де білгір ұстаздан дәріс алса, тәжірибесі әбден толысқан жылдары өзі де Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде болашақ журналист кадрларын даярлауға лайықты үлесін қосты.

2014 жылы оған облыстық әкімдік тарапынан үлкен сенім артылып, өңірдегі баспасөздің қара шаңырағы «Қостанай таңы» газетінің директоры-Бас редакторы болып тағайындалды. Алғашқы күннен бастап басылымның мазмұны мен бет-бейнесін өзгерту, оқырмандарға барынша жақындату үшін тынымсыз тер төкті.

Облыстың барлық аудандары мен қалаларында болып, халықпен дидарласты. Онда үлкенді-кішілі қауымның ой–пікірлеріне ерекше ден қойып, оны күнделікті қызмет барысында басшылыққа алды.

Өткен кезеңде газетте орын алған «Қостанай ақшамы» атты қосымшасы да зиялы қауымның тарапынан қолдау тапты. «Шұғаның белгісі» айдары дүниеге келіп, бұрын көрінбей жүрген жас таланттардың көркем шығармаларының жариялануына тікелей ықпал етті.

Сонымен қатар, «Сән мен сымбат», «Тылсым», «Дода» секілді арнаулы беттер де оқырман назарын аудармай қойған жоқ. «Бас редактор әлемі» айдары тұрақты беріліп, өзекті мәселелер қамтылды.

Осы ұмтылыстар мен құлшыныстар еленбей қалған жоқ. Көп өтпей Жәкең еліміз бойынша байқау қорытындысында республикалық Г.Толмачев атындағы «Қазақстандағы ең үздік облыстық газеттің Бас редакторы» жүлдесін жеңіп алды.

Басылымның келешегін ойлаған білікті басшы редакцияға қаламы қарымды жастарды қызметке қабылдап, олардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды. Солардың бірі — Нұрқанат Құлабаев бұл күндері республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі. Аслан Қанғожин «Қостанай таңы» газеті Бас редакторының орынбасары. Басқа да жігіттер мен қыздар өздерін жан-жақты танытып, беделді журналистерге айналды.

Оқырмандардың құрметіне бөленді

Жанұзақ Аязбекұлы қаламын үздіксіз шыңдап, әдебиетке үлкен дайындықпен келгенін оқырмандарға дәлелдеді. Әрине, көркем сөздің шебері атануына сонау сағымдай бұлдырап артта қалған балалық шақта кітапханалардағы көркем шығармалардан мейлінше сусындағаны, студенттік кезеңдерде қазақ және шетел классиктерінің інжу-маржандарын үздіксіз оқып -тоқығаны да өзіндік ықпалын тигізгені хақ.

Рухани әлемі кемел қаламгер артта қалған кезеңде бірқатар сүбелі туындылар жазып, баспалардан шығарды. Негізгі қызметінен бос кездерінің бәрін де жазу мен сызуға арнады. Соның нәтижесінде «Ағайынның арасы», «Тіршілік сауалы», «Кие мен ие», «Ел сөзі» секілді танымдық-тағылымдық жағы мол еңбектері жарық көріп, жұртшылыққа жол тартты.

2019 жыл оның өмірінде ерекше орын алады. Өйткені, оның жастық кезеңдегі асыл арманы орындалып, Қазақстан Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданды.

Дәл осы жылы ол аталған шығармашылық одақтың Қостанай облыстық филиалына директор болып бекітілді. Содан бері де арада біраз уақыт сынаптай сырғып өте шықты. Әріптестерінің сенімі оған тың серпін беріп, шабытын шарықтата түсті.

Үздіксіз ізденістің нәтижесінде «Бальзак неге жылады?» деп аталатын сараптамалық әдеби-сын кітабы жазылды. Осы туынды тақырыбының өзінен талғампаз қауым біраз жайды айқын ұғары даусыз.

Талантты еңбек Қазақстан Жазушылар Одағы тарапынан да лайықты бағаланып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Шығармашылық адамы бір орында тұрмайтындығы белгілі.

Өңірдегі филиалды басқарғалы бері талапты да дарынды жастарды қамқорлыққа алып, олардың шыңдалуы мен танылуына да септігін тигізді. Осы сөзіміздің жарқын айғағы ретінде тұңғыш рет облыста алты азамат Жазушылар Одағына қабылданды. Олар да жауапкершілік жүгін терең сезініп, жылдан- жылға биіктен көрініп келеді.

Қазақ әдебиетінің классиктері, даңқты жерлестеріміз Сырбай Мәуленов, Төлен Әбдік, Қойшығара Салғарин секілді тұлғалардың мерейтойларын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысты. Сондай-ақ, жас ақын-жазушылардың тырнақ алды жинақтарының тұсаукесер кештерін өткізуге де көңіл бөлді.

Ұрпақтары ғұмырының жалғасы

Әріптесіміз Жанұзақ Аязбеков өмірден көргені мен түйгені мол тұлға еді. Тіршілікте рухани байлықты бәрінен жоғары қойды. Үйінде болған кісінің назары бірден қабырғалардағы сөрелерге қойылған құнды кітаптарға түседі.

Оның мінезі ашық-жарқын болатын. Кез-келген адаммен бұрыннан білетіндей емін-еркін тілдесетін. Сондықтан болар, оған әсіресе, қаламгерлікке бейімі бар жастар өте үйір-ді. Бұл да пендешілікке салынбай, олардың пікірлерін асықпай тыңдап, ойымен бөлісіп, бағыт-бағдар беретін.

Ол да кейбір қаламдастары сияқты ер азамат ең алдымен отбасының ынтымағы мен берекесін келтіріп, тірегі болуға тиіс деп есептейтін. Құдай қосқан қосағы Бақыт жеңгемізбен бірге шаңырақ астында бақытты тіршілік кешті.

Ерлі-зайыптылар үш перзентін жастайынан ізгілікке, адамгершілікке баулыды. «Не ексең, соны орасың» демекші, ұрпақтары да сенімін ақтап, абыройлы қызмет атқарып жатыр.

Тұңғыштары Дәурен бала кезінен темірдей тәртіп пен әділдікті жақсы көретін. Өсе келе заңгерлік мамандықты таңдады. Өңірдегі Алтынсарин аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары. Үлгілі шаңырақ иесі. Келіншегі Гүлшаттың мамандығы — филолог. Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері. Немерелері Айқын мен Айзат, Дастан ата-әжесін қуанышқа бөледі.

Жанұзақ ағаның екінші ұлы Еркін мен қызы Әсел әкелерінің жолын қуып, журналист атанды. Еркін «Қазақстан» телеарнасының облыстық филиалында режиссер. Әсел болса, Алматы қаласында тұрады.

Ол әрдайым өзіне ұлағатты ұстаз болған журналистика факультетіндегі Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов секілді ұлы тұлғалардан тағылым алғандығын үнемі айтып отыратын. Жәкең қолына диплом алған соң, арнайы жолдамамен Қостанай өңіріне табан тіреп, бүкіл саналы ғұмыры осында өтті. Өзінің алдындағы аға буын өкілдерімен сыйласып, кәсібінің нағыз шебері атанды.

Адам баласы өмірге қонақ. Жанұзақ Аязбекұлының мезгілсіз дүниеден өтуі оның ұрпақтарына, тонның ішкі бауындай араласқан достары мен әріптестеріне ауыр тиді. Денесі өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне қойылды.

Марқұмның топырағы торқа, иманы серік болсын! Қаламгердің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет отбасынан алынды

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.