9 қараша — Дала диқандарының мақтанышы, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның дүниеден өткеніне 9 жыл.
Оның пайым-болмысы мен ерен еңбегі көзін көрген жандардың жүрегінде әлі күнге дейін жаңғырып тұр.
Бұл — бір адамның өмір жолы ғана емес, маңдай терімен ел құрметіне бөленген тұтас бір дәуірдің тынысын еске алатын сәт. Кәмшат апамыздың жастық шағынан бастап, Мәскеу мінберіне дейінгі өмір жолына куә болған қимас құрбысы Құндызай Ибраева жан сырын ақтарған еді.
Ақсуат ауылына алғаш келін болып түскен кезінен бастап, өмірі жанында өткен Кәмшат Дөненбаева жайлы естелік.
Трактор тізгіндеген арулар
— Мен Ақсуат ауылының қызымын, ал Кәмшат осы ауылға келін болып түсті. Ол кезде мен небәрі 17 жастағы, трактор айдап жүрген қыз едім, — деп бастады құрбысы естелігін. — Кәмшаттың өмірлік жары Темірбек аға ауылда агроном болып қызмет істейтін. Тойда танысып, Кәмшат жұмысы туралы сұрағанда, құрбысы «трактористпін» деп жауап береді. Сонда Темірбек аға әзіл-шыны аралас: «Сен де тракторға шық, екеуің серіктес болыңдар», — дейді. Осы бір қалжың сөз Кәмшат Дөненбаеваның тағдырын үлкен еңбек жолына бұрды.
Көп ұзамай ауылда арнайы курс ашылып, екі құрбы ер-азаматтармен қатар механизатор мамандығын оқиды. «Кәмшат бәрін тез ұғып алатын өте алғыр келіншек еді», — дейді құрбысы мақтанышпен. Олар Ақсуатта еңбек жолын бірге бастап, кейіннен Қарабалық ауданында сырттай оқып, агроном дипломын да алып шығады.
Жүрегі таза депутат
Еңбекте алдына жан салмаған Кәмшат апамыз қоғамдық жұмыста да белсенді болды. Екі құрбы облыстық деңгейде депутат болып сайланып, талай алқалы жиындарға бірге барады. Құрбысы Алматыдағы съездерге қатысса, Кәмшат апамыз Мәскеудегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің съездеріне депутат ретінде қатысып, елдің мұңын жоғары мінберлерден қозғады.
— Сондай үлкен атақ пен абыройға ие болса да, Кәмшатта ешқандай менмендік, көкірек керіп мақтану деген болмайтын. Өте қарапайым еді. Екеуміз съездерде көтерілген мәселелерді, елдің жайын үнемі бірге талқылап, ой бөлісетінбіз. Әйел заты, ана болған соң бала тәрбиесі, отбасылық өмір туралы да көп сырласатынбыз, — деп еске алады қимасы Құндызай апа.
Шаңырақтың берекесі, еңбектің ері
Кәмшат Дөненбаева тек дала төсінде ғана емес, отбасында да үлгілі келін, ардақты ана болды. Шаңыраққа келін болып түскенде екі әже мен бір атаның күтімін жасап, келіндік қызметін мінсіз атқарды. Балаларын ел қатарлы өсіріп, тәрбиелеп, оқытты.
— Ауырып жүрсе де жұмысын ешқашан тастамайтын өте еңбекқор жан еді. Маған үнемі жанашырлық танытып, қорған болып жүретін. Жүрегі тап-таза адам болды. Әттең, өмірі қысқа болды, ерте кеткені қабырғамызды қайыстырады, — дейді Құндызай апа еріксіз мұңайып.
Иә, Кәмшат Дөненбаеваның өмірден өткеніне 9 жыл толса да, оның артына қалдырған өнегелі ісі, адами болмысы мен адал еңбегі — келешек ұрпақ үшін ешқашан өшпейтін үлгі.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суретті ұсынған кейіпкер
