События

Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмейді

Бүгін Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл

Бүгін менің туған күнім.
Ой бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай!?
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай, – деп жырлаған ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың бүгін туғанына 90 жыл.

Қазақ халқының сүйікті ақыны Мұқағали Мақатаев бала кезінен қаншама қиыншылық көрсе де, мойымай өлең –жырға әуес болған. Ақынның жүрегін жарып шыққан өлеңдері бүгінгі таңда баршаның жадында сақталып қалды. Мұқағалидың өлеңдері қуаныштан, сағыныштан туған. Сондай-ақ ақынның өлеңдерінің басты тақырыбы махаббат. Оның өлеңдерінің әр жолы мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен оқырманын өзіне еріксіз баурап алады және ерекше ой салды.

Осыған қарап Мұқағали Мақатаевтың «Ғасыр ақыны» деген атаққа ие болу да таңданатын дүние емес. Көзінің тірісінде шалқып-тасып ғұмыр кешпесе де, өлеңнен қол үзбеді. Бұл сөзімізге ақынның өзінің «бермесең берме баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды» деген өлең жолдары айғақ болса керек.

Бойындағы ақындық қасиеті оны барша қазақ халқының сүйіктісіне айналдырды. Оның өлеңдерін студент жастар жатқа айтып жарысты. Сүйіктілеріне Мұқағалидың өлеңін арнап, сезімдерін білдірді. Қазақ қоғамында «Мұқағалидың тілі» деген ұғым пайда болды. Ғашықтық сезімді әр өлеңіне арқау еткен лирик ақынның туындылары көпшіліктің қол үзбей оқытын құнды дүниелеріне айналды.

Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені. Мұқағали Мақатаев қай тақырыпқа барса да, не туралы жазса да, шығармаларының астарында адамның ғұмыры мен тағдыры жайында айтады.

Осы ретте Мұқағали Мақатаевтың Фариза Оңғарсыноваға арнаған ғажайып өлеңі ойымызға еріксіз оралады.

Фариза! Фаризажан! Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз…
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз,-деп ақын қызға сыр шертеді.

Мұқағалидің жырын тыңдайтын, сүйіп оқитын ұрпағы бар да , есімі санамызда мәңгіге қалары анық.

Бақытгүл СҮЛЕЙМЕНОВА,
Облыстық тілдерді дамыту
басқармасының бөлім басшысы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77