Культура Новости

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған танымдық-музыкалық кеш өтті

Ауқымды шара әнші Гүлмира Саринаның «Абайдың ән әлемі» атты авторлық жобасы аясында ұйымдастырылды

Қаламызда Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған танымдық-музыкалық кеш өтті.

Ауқымды шара ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлмира Саринаның «Абайдың ән әлемі» атты авторлық жобасы аясында ұйымдастырылған.

Жобаның мақсаты – Ұлы ақын мерейтойының өтуіне, шығармашылығының ел арасында насихатталуына үлес қосу, ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған эстафетаны Абайдың ән-күй мұрасын насихаттау арқылы қолдау. Өскелең ұрпаққа Абай заманындағы, оған дейінгі және кейінгі қазақ халқының ұлттық музыкасын, төл өнерін дәріптеу, мемлекет жастарын есті әндермен елжандыққа тәрбиелеу болып табылады.

– Биылғы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай өзімнің авторлық жобамды қолға алған болатынмын. Мәдениет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Абайдың ән әлемі» атты концертімді алғаш Тобыл-Торғай өңірінен бастап отырмын. Қостанай өңіріне атадан қалған мұраны арқалап келген жайым бар. Кеш барысында көбіне Абай атамыздың әндерін орындаймын. Сондай-ақ, тақырып аясында өзімніңде әндерім шырқалады. Осы жоба аясында еліміздің барлық аймақтарын аралайтын боламын, – дейді әнші Гүлмира Сарина.

Өнерпаз Наурыз айының ортасында Талдықорған қаласында, сәуір айында Ақтөбеде және бірнеше аудандарында осы жоба аясында концерттік бағдарламамен болады.

Аймаққа арнайы келген әншіге Қостанай облысы мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов алғысын білдірді.

– Ұлттың ұясы саналатын Семей мен Торғай арасын жалғаған Гүлмира қыздарыңызға алғысымызды жеткізіп, тамаша өнер кешін сыйлағаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Абайдың тойы өткен аптада халықаралық дирижерлер форумымен басталған болатын, осы жолы Гүлмира Саринаның концертімен жалғасын табуда. Алдыда әлі де көптеген шаралар жоспарда бар. Абай атамызға қандай құрмет көрсетсекте артық емес. Бүгінгі кеш осының жарқын айғағы болды деп санаймын. Гүлмира ханымға рахмет, шығармашылық табыс тілейміз, – деді Ерлан Қалмақов.

Шығармашылық кеш Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының ұлт аспатар оркестірінің сүй емелдеуімен өтті.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77