Онда Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты айтылды
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – поэзия әміршісі» атты әдеби кеш өтті. Оған ақын-жазушылар Серікбай Оспанов, Нағашыбай Мұқатов, Әсия Беркенова, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, оқытушылар, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.
Кеш барысында облыстық музей қорынан және Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығынан алынған фотосуреттердің компьютерлік тұсаукесері көрсетілді. «Абай әндері» фильмінен сюжеттер, Абайдың 150 жылдығына арналған айтыстан үзінді тамашаланды. Кеште ақындар Серікбай Оспанов, Нағашыбай Мұқатов және Әсия Беркенова Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты айтып өтті.
Кеш барысында Серікбай Оспанов пен Нағашыбай Мұқатов қазақтың ұлы ақынына арналған өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері С.Әбілев пен М.Қадыров Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Татьянаның хаты» әндерін орындады. Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы Н.Әмірхамзин Абайдың «Торы жорға» күйін шертті. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Аталмыш музейдің экскурсиялық-мәдени ағарту жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Бақытгүл Мұратбекованың сөзге тартқанымызда, ол:
– Биыл Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілуде. Біз музей қызметкерлері де осы атаулы датаға ерекше дайындалдық. Алдағы уақытта да Абай атамызға арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастыратын боламыз. Ұлы тұлғаның артынан қалған баға жетпес дүниелерден біздің алар рухани азығымыз көп. Сондықтан Абайды оқып, оның халқына жазғандарын ой елегінен өткізгеніміз дұрыс, – деді.
Кешке жиналған көпшілік зиялы қауым өкілдерінің келелі ойын тыңдап, Абай Құнанбайұлының өмірімен, шығармашылығымен етене танысты. Абайды таныған адам надан болмайды. Өйткені, «Абай дара – Абай дана қазақта».
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77