Ai дәуірі: кей мамандықтың күні біте ме?

Жаңа талаптар мен жаңа мүмкіндіктер

Қазақстанда Жасанды интеллект бірқатар мамандықтың орнын басуы мүмкін екені жиі айтыла бастады. Бұл туралы сарапшыларымыз не дейді?

Соңғы жылдары жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып, әлемдік еңбек нарығына айтарлықтай ықпал ете бастады. Бұрын ғылыми фантастика болып көрінген мүмкіндіктер бүгінде күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келеді. Қазақстанда да бұл тақырып жиі талқыланып, жасанды интеллект бірқатар мамандықтардың орнын басуы мүмкін деген пікірлер айтылуда.

Сарапшылардың айтуынша, мәселе адамның толықтай жұмыссыз қалуында емес, еңбек нарығының жаңа талаптарға бейімделуінде.
Бүгінде жасанды интеллект мәтін жазып, аударма жасап, құжаттарды өңдеп, мәліметтерді талдай алады. Банктерде клиенттердің сұрақтарына чат-боттар жауап берсе, мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі автоматтандырылып жатыр. Көптеген компаниялар қайталанатын жұмыстарды орындау үшін цифрлық технологияларды кеңінен қолдануда.

Мамандардың пікірінше, алдағы жылдары есеп жүргізуші, кассир, оператор, диспетчер, деректерді енгізу маманы сияқты бірсарынды жұмыспен айналысатын кәсіптерге сұраныс азаюы мүмкін. Өйткені мұндай міндеттерді алгоритмдер жылдам әрі дәл орындай алады.

Қазақстанда да цифрландыру қарқыны артып келеді. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшірілді. Банктік операциялар, анықтама алу, коммуналдық төлемдерді төлеу сияқты қызметтерді азаматтар смартфон арқылы жүзеге асыра алады. Бұл өз кезегінде кейбір дәстүрлі қызмет түрлерінің маңызын төмендетуде.

Дегенмен жасанды интеллект барлық мамандықтың орнын басады деу асыра сілтеу болар еді. Сарапшылар адамның шығармашылық қабілеті, эмоциялық интеллекті, күрделі шешім қабылдау дағдылары әлі де жоғары бағаланатынын айтады.

Дәрігерлер, мұғалімдер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, журналистер, заңгерлер және басқарушылар сияқты мамандардың қызметінде адаммен тікелей қарым-қатынас пен кәсіби пайым маңызды рөл атқарады.

Мәселен, жасанды интеллект дәрігерге диагноз қоюға көмектескенімен, науқастың жағдайын толық бағалап, емдеу тактикасын таңдауда адам маманының орны бөлек. Сол сияқты мұғалім білім берумен қатар тәрбиелік міндет атқарады, ал бұл міндетті технология толық орындай алмайды.

Керісінше, жаңа технологиялар еңбек нарығында тың мүмкіндіктер қалыптастыруда. Бағдарламашылар, деректер талдаушылары, киберқауіпсіздік мамандары, жасанды интеллект инженерлері, цифрлық маркетинг саласының мамандары сияқты жаңа кәсіптерге сұраныс артып келеді. Сондықтан сарапшылар азаматтарды технологиядан қорықпай, жаңа дағдыларды меңгеруге шақырады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет жасанды интеллектті дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі екенін атап өткен болатын. Елде цифрлық технологияларды дамытуға және осы салаға қажетті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінуде.

Мамандардың пікірінше, болашақта жасанды интеллект адамдарды толық алмастырмайды. Керісінше, оны тиімді пайдалана алатын мамандардың бәсекеге қабілеттілігі артады. Сондықтан бүгінгі басты міндет – жаңа технологияларға бейімделіп, үздіксіз білім алу.

Жасанды интеллект дәуірінде ең үлкен қауіп технологияның өзі емес, өзгерістерге дайын болмау болуы мүмкін. Ал жаңа мүмкіндіктерді дер кезінде игере білген қоғам ғана жаһандық бәсекеде өз орнын сақтап қала алады.

Жасанды интеллект бүгінде тек технологиялық жаңалық қана емес, еңбек нарығын өзгертетін маңызды күшке айналып отыр. Бұрын тек адам орындайтын жұмыстардың бір бөлігін бүгінде нейрожелілер атқаруда: мәтін жазады, аударма жасайды, есеп жүргізеді, ақпарат сараптайды. Бұл үдеріс Қазақстанды да айналып өтпек емес.

ДЕРЕККЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК

Соңғы мәліметке сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы он жылда елімізде 400 мың адам жасанды интеллект әсерінен жұмыссыз қалуы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда шамамен 9,8 миллион адам жұмыспен қамтылған, ал 400 мың адамның қысқаруы жалпы жұмыспен қамтудың 4 пайызына тең болмақ. Министрлік болжамына сүйенсек, алдағы 3–4 жыл көлемінде 14 мамандық жойылу қаупіне ұшырауы ықтимал. Олардың қатарында мәтін теруші, корректор, стенографист, колл-орталық қызметкері, байланыс операторы сынды кәсіптер бар. Қазір бұл салаларда 50 мыңға жуық адам еңбек етеді. Еңбек нарығы бұрын-соңды болмаған өзгерістер алдында тұр.

– Бүгінгі таңда еңбек нарығы бір уақытта бірнеше қуатты факторлардың әсерінде тұр: бұ лжасанды интеллект, автоматтандыру, цифрлық платформалар және дағдылар жүйесінің қарқынды жаңаруы. Мұндай жағдайда мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтар озық әрекет етуі қажет, – деген еді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев кейінгі жиындардың бірінде.

Министрдің айтуынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әсері әрбір екінші мамандыққа қатысты болуы мүмкін. Сонымен қатар 46 мамандық бойынша қызметкерлер саны күрт қысқарады деген болжам бар. Олардың қатарында кеңсе қызметкерлері, есепшілер, несие сарапшылары мен кассирлер кездеседі. Ал кәсіптердің 44 пайызы жаңа бағытта дамуға мәжбүр болады.

Алайда мәселенің екінші қыры да бар. Ведомство өкілдерінің айтуынша, технология кейбір қызметтерді қысқартқанымен, жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашады. Мәселен, AI модельдерінің тренері, AI қауіпсіздік маманы, деректер инженері, AI-дизайнері секілді жаңа кәсіптерге сұраныс артып келеді. Сарапшылар мұның өзі қосымша 100 мың жұмыс орнының ашылуына әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Бірақ жасанды интеллект шынымен адамды алмастыра ала ма? Әсіресе шығармашылық салалар үшін бұл мәселе өзекті. Таяуда Қостанайға сапарлап келген қаламгер, аудармашы Камал Әлпейісоваға осы сұрақты қойып көрген едік. Ол жасанды интеллект қоғам дамуының заңды кезеңі екенін айтады. Дегенмен оның адам ойын, ішкі түйсігін толық алмастыруы екіталай деп есептейді.

– Жасанды интеллектінің пайда болуы – қоғам үшін жақсы құбылыс. Қоғам да, адам да үнемі дамып келеді. Бірақ ол бәрін толық алмастырады деу дұрыс емес. Мысалы, аударма бағдарламалары мәтінді аударады, бірақ оның “жансыз” екенін сезінесің. Қазір жасанды интеллект роман, поэма жазып бере алады. Бірақ шығарманың жаны, эмоциясы, адамның ішкі сезімі толық берілмейді, – дейді жазушы.

Оның айтуынша, қазақ тіліндегі жасанды интеллект жүйелері әлі де жетілдіруді қажет етеді.

– Жасанды интеллект қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуі үшін қазақ тілінің ұлттық корпусы мен бай сөздік қоры енгізілуі қажет. Әсіресе әдеби шығарма жазуда адам ойы мен жүрегін жақын уақытта алмастыра қояды деп ойламаймын, – дейді ол.

Жасанды интеллектінің журналистика саласына да әсер ете бастағаны байқалады. Бірақ оның ықпалы қандай? Танымал журналист Қымбат Досжан қазіргі жас мамандардың арасында жасанды интеллектіге шамадан тыс сүйену тенденциясы барын жасырмайды. Оның пікірінше, AI көмекші құрал бола алады, бірақ журналистің орнын толық алмастыруы қиын.

– Жасанды интеллект кейде мәтінді менен де жақсырақ жазып беруі мүмкін. Бірақ журналист тек мәтін жазбайды. Ол мәселені зерттейді, сұхбат алады, ақпаратты тексереді. Әсіресе ұлттық дүниелер мен қазақы болмысты жеткізуде адам факторы маңызды болып қала береді, – дейді Қымбат Досжан.

Жоғары оқу орындары да бұл өзгерістерге бейімделуге мәжбүр. Әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Нұрылхан Темірбеков кейбір білім беру бағдарламалары өзгеруі мүмкін екенін айтады.

– Қазіргі уақытта жасанды интеллект мәтін құрастырып, есеп шығарып бере алады. Сондықтан кейбір пәннің мазмұны өзгеруі мүмкін. Әсіресе мәтін жазу немесе қарапайым есептеулерге байланысты бағыттар трансформацияға ұшырайды. Бірақ нақты бір мамандық толық жойылады деп айту қиын, – дейді ол.

Бір нәрсе анық: жасанды интеллектіні тоқтату мүмкін емес. Бірақ сарапшылардың ортақ пікірі – жасанды интеллект адамды толық алмастырмайды, алайда оны қолдана алатын маман қолдана алмайтын адамның орнын басуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі қоғам үшін басты міндет – технологиядан қорқу емес, оған бейімделу. Себебі AI – болашақтың емес, бүгіннің шындығы.

Жандос ЖҮСІПБЕК,
суреттерді түсірген Сабина Кеңесбаева,
иллюстрация ЖИ көмегімен жасалды

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.