Жауынгерлік самбодан Азия және Океания чемпионатының алтын жүлдегері атанған Арай Төлеубай ел мерейін үстем етті
ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанты Арай Төлеубай Филиппинде өткен жауынгерлік самбодан Азия және Океания чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның көк туын жеңіс тұғырының ең биігіне көтерді.
Финалдық кездесуде қазақстандық бойжеткен жергілікті спортшы филиппиндік Кристи Эсполонгпен күш сынасты. Оның айтуынша, барлық қарсыласы жоғары деңгейде дайындалғанымен, шешуші белдесуде алтын жүлдеге деген жігері жеңіске жеткізген. Бұл – спортшының көп жылғы тынымсыз еңбегі мен табанды дайындығының жемісі.

– Бұл жарыстағы жеңісімді соңғы үш жылдағы еңбегімнің нәтижесі деп есептеймін. Чемпионат алдында Алматы қаласындағы Жанашар ауылында екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткізіп, содан кейін Филиппинге аттандық. Ақтық сын өте тартысты өтті, жауапкершілік ерекше сезілді. «Күміс қолда, алтын жолда» демекші, бар мақсатым – алтын медаль алу болды. Жеңіс тұғырында Қазақстанның Әнұраны шырқалып, Көк Туымыздың желбірегенін көру – ерекше сезім екен, – дейді құрлықтық додада ел намысын қорғаған курсант.
Спортшы күреспен 7 сыныптан бастап айналысады. Ал жауынгерлік самбоны 2025 жылдан бері кәсіби түрде меңгеріп келеді. Оның спортқа келуіне құрбыларының қызығушылығы себеп болған.
– Құрбыларымның жаттығуға барып жүргенін көріп қызықтым. Атама айтып едім, келесі күні өзі секцияға апарып жаздырды. Содан бері спорт өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды, – дейді ол.
Азия чемпионатына дейін де Арайдың спорттағы жетістіктері аз емес. Ол – ел чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері. Сонымен қатар жоғары спорттық нәтижелерінің арқасында спорт шебері нормативін орындаған.
Академияда білім алып жүріп, кәсіби спортпен айналысу оңай емес. Дегенмен спортшы мұндай өмір ырғағына мектеп кезінен үйренгенін айтады. Бойжеткен өзінің жетістігінде жаттықтырушысының еңбегі ерекше екенін атап өтті.
– Академия басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, жаттықтырушым, Академияның дене шынықтыру даярлығы кафедрасының доценті, полиция подполковнигі Ержан Айтбайұлының еңбегі зор. Ол кісі – ҚР ұлттық құрамасының жауынгерлік самбодан аға жаттықтырушысы, самбодан және белбеу күресінен спорт шебері. Ол менің барлық жарыстарға қатысуыма, оқу-жаттығу жиындарына тұрақты баруыма жағдай жасап, спорттық шеберлігімді шыңдауға үлкен үлес қосып келеді, – дейді чемпион.

Азия чемпионын Академия ұжымы салтанатты түрде қарсы алды. Академия бастығының уақытша міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ерлан Намысов Арай Төлеубайды жарқын жеңісімен құттықтап, бұл табыс қажырлы еңбек пен қайсар мінездің нәтижесі екенін атап өтті. Ол чемпионның жетістігі Академия үшін ғана емес, тұтас қазақстандық спорт үшін үлкен мәртебе екенін айтты.
Қазір болашақ полицей жаңа белестерді бағындыруға дайындалып жатыр. Оның басты арманы – әлемдік аренада үздіктер қатарынан көрініп, Қазақстанның абыройын халықаралық деңгейде асқақтату.
Назгүл Азатқызы
Сурет жеке мұрағаттан
