Жеңіс күні қарсаңында Сейфуллин көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары ҰОС ардагері Қасымқан Алдабергеновтің шаңырағына жиналып, ақ батасын алуға асығады.
Жүз жастың белесіне шыққан қарияны құттықтау – бұл үй тұрғындары үшін тек міндет емес, шынайы көңіл мен зор құрметтің белгісі. Өйткені Қасымқан ата олар үшін соғыс ардагері ғана емес, көпті көрген, өнегесімен жол көрсетіп отырған абыз ақсақал. Ол кісімен өткен әр кездесу үй тұрғындары арасында ерекше бағаланады.
Бұл шаңырақта жиі жайылатын дастарқан да көпшілікті бір арнаға тоғыстыратын игі дәстүрге арналған. Ардагер ата жылда соғымнан сыбаға арнап, айт мейрамында құрбандық шалып, көршілерін қонаққа шақырады.
– Халқымыз қашанда қонақжайлылығымен ерекшеленген. «Қонақ келсе, құт келеді», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деп бекер айтылмайды. Бұл сөздердің астарында терең мән-мағына жатыр. Қонақ күту – қанымызға сіңген қасиет, қашанда бар тәттімізді қонаққа сақтайтын әдетіміз де бар. Бұл халықтың кеңдігі, бір-біріне деген ықыласы. Соны жоғалтпауымыз керек, – дейді Қасымқан ата. – Қонақ – ерекше құрметке ие адам. Қазақ тіпті бұрын сапарға шыққанда, жол азығын алмаған, жолда кездескен үйдің дәм таттыратынына сенімді болатын. Келген мейманды мәртебесіне қарамай, төрін ұсынып, ең дәмдісін алдына қояды. Береке дастарқанда емес, адамдардың ниетінде.
Қарияның бұл сөздері үй жұртшылығы үшін жай ғана ақыл емес, өмірлік ұстанымға айналғандай. Бүгінде бір подъездің тұрғындарын бір үйдің баласындай біріктіріп отырған осы бір қарапайым ғана игі дәстүр – үлкен тәрбиенің, ұлттық құндылықтың көрінісі.

Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның
Күндіз де үйін құлыпта ұстайтын көпқабатты үйлерде көршімен етене араласу сирек кездесетін құбылыс. Бір подъезде тұрып, бір-бірінің есімін білмейтін жандар да аз емес. Осындай ортада үлкеннің өнегелі сөзі мен өмірлік тәжірибесі айрықша маңызға ие.
– Біз соғысты да, жоқшылықты да көрдік. Өткеннен түйген бір сабақ – адам адамға жақын болу керек. Бір үзім нанды бөлісудің өзі көңілдің кеңдігін көрсетеді. Іргеңдегі көршіңмен тату болу – үлкен парыз. «Қонысыңды сайлама, көршіңді сайла» деген қанатты сөз бар. Бұрындары үй иелері бір жаққа жол тартса, көршісіне үйін тапсырып кететін еді – деп өткен күндерді еске алады ақсақал.
Осындай тағылымды сөздерді тыңдай отырып, үй тұрғындары атайдың әрбір әңгімесін ерекше ықыласпен қабылдап, айтқан өнегесін күнделікті өмірде ұстануға тырысады. Ардагермен жүздескен әр сәтті ерекше бағалап, оның айтқан өнегесін жүректеріне түйіп қайтады. Себебі қарияның әр сөзінің астарында өмірден түйген тәжірибе, көрген-білгеннің салмағы жатыр.

– Ол кісімен сағаттап сөйлессең де, жалықпайсың. Өткен күндер, өмір жайлы айтқан ойлары ерекше әсер қалдырады. Ең құндысы – біз майдандағы шынайы оқиғаларды қарияның өз аузынан естіп жүрміз. Біз үшін Қасымқан Алдабергенұлы – соғыс ардагері ғана емес, шағын ортамызды біріктіріп отырған рухани тірегіміз. Ол кісінің шаңырағында әр буын өкілдері бас қосып, атайдың ғибратты әңгімелерін тыңдайды. Мұндай басқосулар әсіресе жастар үшін тәрбиелік мәнге ие, өйткені олар үлкеннің сөзінен өздеріне өмірлік сабақ алары сөзсіз, – дейді осы үйдің тұрғыны Рсалды Әбдірахманова.
Жасы жүзге жетсе де, Қасымқан ата әлі де тың, ойы сергек, зердесі айқын. Заман көшінен қалмай, әлемде, елде болып жатқан жаңалықтардан әр кез хабардар. Күн сайын әжей екеуі сыртқа шығып, таза ауада серуендейді. Есік алдында ойнап жүрген балалардың жүгіріп барып сәлем беріп жатқанын жиі көруге болады. Бұл – қарияға деген құрметтің, ұрпақ бойындағы ізеттіліктің жарқын көрінісіндей.
Былтыр бір ғасырлық мерейтойымен құттықтап барғанымызда, компьютер алдында көзілдіріксіз жаңалықтар оқып отырғанын көріп таң қалған едім. Ол кісінің өмірге деген құштарлығы мен қажыр-қайратының өзі өнеге. Осындай жанның көршісі болып, дастарқанынан дәм татқанымыздың өзі үлкен бақыт, – деп толықтырды Рсалды Болатқызы.
Батаменен ел көгерер
Қасымқан Алдабергенов – тек өткеннің куәгері емес, бүгінгі күннің де ұйытқысы. Айналасына адамдарды топтастырып, татулық пен сыйластықтың үлгісін көрсетіп отырған абыз қария. Сондықтан да тұрғынлар бұл үйге асығады, қарт кісінің шақыртуын ешкім жерге тастамайды. Бірі – ақсақалдың батасын алуға, бірі – мағыналы әңгімесін тыңдауға келеді.

Жүздің кешіп дариясын,
Өмірдің шырқап ариясын,
Жетіңдер менің жасыма!
Қасымқан ата кей сәттерде осылай жүректен шыққан жыр жолдарын төгіп, батасын өлеңмен өрнектейді. Қарияның тағы бір ерекше қыры – оның суырыпсалмалыққа жақын ақындық қасиеті. Ғасыр құрдасы атанған атамыздың әлі күнге дейін қолынан қаламы түскен емес.
Мәселен, қарияның жиі айтатын баталарының бірі:
Төріңнен қонақ кетпесін,
Шайыңа қанып, ет жесін.
Несібесін мейманның,
Құдайым өзі септесін.
Қорада малың,
Құшағыңда жарың,
Бесікте балаң.
Өркеніп өсіп көктесін!
Бұл үйге 5 жыл бұрын қоныстандық. Қасымқан атаның отбасы да сол кезде көшіп келді. Біз ол кісінің немересінен де кішіміз, шөбересіндей боп келеміз. ҰОС соғысы ардагерімен көрші болатынымызды біліп, қатты қуандық. Бүгінде жай көрші емес, туысқандай араласып кеттік. Әр мейрамда қария кісілеріміздің аман-саулығын біліп, көңілдерін аулап, құттықтауға тырысамыз. Олардың ақ батасын алу – біз үшін үлкен мәртебе, осындай қариямыздың ортамызда жүргенінің өзі үлкен қазына, – дейді көршілерінің бірі Дархан Мырзахметов.
Қасымқан атаның соғыстағы ерлігі жайлы талай жазылды. Бірақ біз үшін оның бүгінгі өмірдегі орны ерекше. Шолпан әжеміз екеуі бүгінде бала-шағаның ортасында, немере-шөберенің қызығына бөленіп, берекелі ғұмыр кешуде. Осындай өнегелі қариялар барда ұрпақ сабақтастығы үзілмей, сыйластық пен татулықтың тамыры тереңдей берері сөзсіз.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді мақала кейіпкерлері ұсынды