Біздің Қостанай

Қарты бар елдің – қазынасы бар

Үйіңдегі қария жазғып қойған хатпен тең

«Қарты бар елдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаса керек. Қария үйіміздегі жазылып тұрған хатпен тең емес пе. Ол кісілердің көкейі шежіреге толы. Көпті көрген көрегенді қариялар жастарға тура жол сілтеп, ақты ақ деп қараны қара деп ақыл айтып отыратыны анық. Бүгінде саны ағаштағы күзгі жапырақтай сиреп бара жатқан қариялардың өнегесін тыңдаған жан бақытты.

Бүгінде Қостанай қаласында өнегелі, көпті көрген, елге сыйлы қариялар қаншама. Осындай құрметті жандардың бірі де бірегейі Закария Балшықбаев десем қателеспеген болармын.

Закария Исабекұлы 1940 жылдың 25-ші қаңтарында Қамысты ауданына қарасты Бестөбе совхозының Қоянда деп аталатын ауылында дүниеге келген. Ол небәрі 1,5 жаста болғанда әкесі Исабек Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыста қан кешіп, Ленинград қаласын басып кірген неміс жауынгерлерімен күресу жолында ерлікпен қаза табады. Ауылда емшектегі баламен жалғыз қалған анасы Жамал, сәбиін беліне байлап, мал бағып, сиыр сауып күнелткен екен.

Иә, соғыс жылдары отағасынан айрылған жесірге де, баласынан айрылған анаға да оңай болмады ғой. Елде қалған белі қатпаған балалар мен қыз-келіншектер ауыр жұмысқа жегілді емес пе. Анасына қолғабыс етіп жүріп, бір жағынан білім алуға да ден қойған Закария Исабекұлы Бестөбедегі 7 сыныптық мектепті бітіреді. Білім оржасынан алған сапалы білімі оның болашақта беделді қызмет атқаруына үлкен пайдасын тигізеді.

Осындай қиындықпен келген жеңістің аяғы тың игерумен жалғасты. Анасы күні-түні еңбек етіп, өсірген Закария Исабекұлы 1955 жылы тылда жұмыскер болады. Сөйтіп жүріп 1958 жылы көлік жүргізуді меңгереді. Сол Бестөбедегі автобазада көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. 1961-1963 жылдар аралығында бригадир болады. Ал 1963 жылдың басынан Бестөбедегі №3 бөлімшенің басқарушысы қызметін атқарады. 1957 жылы 17 жасында Бестөбе совхозының Эливан деп аталатын ауылының Клара есімді аруымен шаңырақ көтереді. Түсіністік пен сыйластық тоғысқан бақытты отбасында 4 ұл мен 3 қыз дүниеге келеді. Бүгінде Закария ақсақан өсіп-өнген әулеттің иесі 16 немересі, 20 шөбересі бар.

– Мен өмірдің ащысын да, тәттісін де көрген адаммын. Ес білмей жатып әкеден айрылып, анамның белінде малшаруашылығының ортасында өстім. Белім қатаймай жатып, тыл жұмыстарына жегілдім. Сонда да ешкімге шағымданып көрген емеспін. Алла басыма түскен қиындықтардан кейін маған бақытты шақтарын сыйлады. Бестөбе совхозының №3 бөлімін басқарып жүрген кезде елдің қамын йлап, көптеген игі істердің бастауында тұрдым. Бір отбасыға қуаныш сыйласам өзімді бақытты сезіндім. Сол кісілердің шынайы алғыстарымен, таза ниеттерінің арқасында отбасымнан бақыт таптым. Бүгінде балаларымның, немере, шөберелерімнің ортасында шат-шадыман өмір сүріп отырмын. Шөберемнің алды 14 жаста. Балаларым да алысқа кеткен жоқ, осы қала тұрады. Бір балам ғана өзіміз туып өскен Қамысты ауданында ғұмыр кешіп жатыр. Жарым Клара екеуіміз өміріміздің мәні ұл, қыздарымызға қолымыздан келгенше тәлімді тәрбие бердік. Оқытып, өмірден өз орындарын табуларына көмектестік. Әке мен ананың шексіз махаббаты мен мейірімін сезініп өскен ұрпағымыз саналы да тәрбиелі болып қалыптасты. Өкінішке орай, 1 қызым мен бір ұлым дүниеден өтті. Қалғандары көзімнің қуанышы болып жүргеніне қуанамын. Ата-анаға баласынан айрылу үлкен қайғы ғой. Балаларым дүниеден өткенде қатты қиналдым. Өзіме келуім де оңай болмады. Сол кездері ержетіп, бойжетіп қалған ұлдарым мен қыздарым барынша қолдап, денсаулығымды қадағалап, қомқорлықтарын танытты. Бірақ баладан айрылғандағы қайғы жүректе сақталып қалады екен. Өмір болған соң бұдан қашып құтыла алмайсың. Алланың жазғанына көнесің, оған да көндім, көз қуанышым балаларым, немере, шөберелерімнің ортасында қауқылдап жүрген жайым бар, – дейді бір әулеттің кемеңгері Закария ата.

Закария атаның жасы 80-ге келсе де әлі тың. Үйде қол қусырып отыруды ұнатпайды. Үлкен кісі бір уақыт далаға шығып, есік алдынан әңгіме-дүкен құратын қасында жүретін жолдас іздейтіні белгілі ғой. Көп қабатты тас үйлерде қариялар жетімсіреп, сол баяғы ауылдың кең көшесін кезіп, қасына туыс-туғанды, дос-жаранды жинап алып, арқа-жарқа отыруды армандайды. Көбісі қаладан осындай өзіне жақын жан таба алмай құсада кетіп те жатады ғой.

Бұл ретте Закария атамыздың жолы болыпты. Ол өткен жылы өзі ғұмыр кешіп жатқан «Алтын арман» шағын ауданда тұратын ақсақалдардың басын қосып, бір шағын клубты ашуды қолға алады. Осы мақсатта қала әкімі Қайрат Ахметовпен жолығып, Н.Назарбаев даңғылында орналасқан 215 үйдОсы мақсатта қала әкімі Қайрат Ахметовпен жолығып, Н.Назарбаев даңғылында орналасқан 215 үйдің жөртөлесін сұрай барады. Басында бұл мәселе бірден шешіле қоймайды. Өйткені, ол жертөлені қарияларға арналған клуб ретінде жабдықтау үшін бірнеше құжаттардың керектігі айтылады. Ол үшін сол көп қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің иелерінің рұқсаты қажет болады. Аталмыш көп қабатты үйде барлығы 231 пәтер бар екен. Ендігі жұмыс осы пәтерлердің иелерінен астындағы жертөлені қарттарға арналған клуб ретінде пайдалануға беруге еш қарсылығы жоқ деген құжатқа қолын қойдыру болады.

– Мен күнделікті есік алдына серуендеуге шығып жүрдім. Қарасам, бұл шағын ауданда өзім сияқты қарттардың қарасы көп екен. Кездесіп, даладағы орындықта әңгіме-дүкен құрып, сөзіміз жарасып, әзілдесіп, араласып-құраласып кеттік. Бірақ қыс мезгілінде әңгіме айтып, далада көп отыра алмайсың ғой. Ол уақытта да үйде отырып, жалығасың. Сөйтіп, менің ойыма бір жөртөлені қарияларға арналған клуб ретінде пайдалансам қалай болады деген ой келді. Сөйтіп, осы оймен қала әкіміне жолығып, келген мәселемді айттым. Сөйтіп, қала әкімі Қайрат Жұмашұлы бірден қарсы болмады. Алдағы уақытта көре жатармыз деді. Сөйтіп, уақыт өте осы үйдің жертөлесін алу мақсатында үйдегі пәтерлердің иелерінің «қарсылығым жоқ» деген қолдарын жинай бастадық, – дейді ақсақал.

Сөйтіп, 1 жыл ішінде небәрі 165 пәтер иесінің қарсылығым жоқ деген жауабын алады. Бұл жертөлеге клуб ашу үшін жеткіліксіз болғандықтан Закария атамыз қасына сол ауданда тұратын екі ақсақалды қасына ертіп, қала әкімінің қабылдауына тағы кіреді. Оған әлі бір жөртөлені ала алмай жүргенін айтып, көмектесуін өтінеді.

– Бұл шаруаның шешімі ұзап кеткеннен кейін қала әкіміне тағыда кіріп едім, Қайрат Жұмашұлы сіздің жұмысыңызды қолға аламын, бүгін түсте сол көп қабатты тұрғын үйге келемін деді. Сөйтіп, айтқан сөзінде тұрып, сол күні түсте менің клуб ретінде пайданалғым келіп жүрген жертөлеге шағын ауданның жекеменшік кооперативінің басшысымен арнайы келді де, қабырғасы сыланбаған, едені жасалмаған жертөлені бізге ыңғайлы етіп жасап беруін тапсырды. Міне, сол күннен бастап жертөледе жөндеу жұмыстары басталып, қасымдағы қариялар осында бәріміз басқоса бастадық. Мұнда басында бізге толық жағдай жасалмаған еді. Кейін уақыт өте «СарыарқаАвтопром» ЖШС басшысы Сырым Семейбаев бір топ ардагерлерге экскурсия ұйымдастырды. Солардың арасында біздің шағын ауданнан үш тыл ардагерлері болдық. Сол кездесуде мен Сырым Сайранбайұлынан осы жертөлені қарияларға арналған клуб ретінде алғанымды айтып, мұндағы жөндеу жұмыстарына көмектесе аласыз ба деп сұрады. Ол кісі ойласып көрейін деді. Сөйтіп, көп ұзамай біздің клубымызға құрылысшылар келіп, кішкентай жертөлемізді аз куақыттың ішінде едендеп, ақтап, сырлап, әжетхана орнатып, жылы да жарық бөлме жасап берді. Кейін осынау жаны жомарт жанға ақсақалдар тарапынан Алғыс хат табыстап, өзіміздің шынайы ризашылығымызды білдірдік, – дейді Закария ақсақал.

Бүгінде бұл клубтың іші толған қазыналы қария. Олар ертемен тұрып, үйлерінен оразаларын ашқан соң осы клубта жиналады. Мұнда бильярд, шахмат, дойбы ойнайды. Қауқылдасып отырып, шай ішеді. Өткен жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай, қариялар арасында үш күндік чемпионат ұйымдастырылыпты. 16 желтоқсанда ақсақалдар бильярдтан, 17-де шахматтан, 18 күні дойбыдан бақ сынап, әр спорт түрінен үш-үштен жүлдегерлерді анықтап, мақтау қағаздары мен медальдар және ақшалай сыйлықтар табыс еткен.

Қариялар күнделікті жиналатын клубтың құрамында 60 адам бар. Олар пайдаланған су мен электр энергиясын бірігіп төлейді. Клуб таңертеңгі 10:00-де ашылады. Түскі үзіліс 13:00-ден 15:00-ге дейін. Түстен кейін 15:00-ден 18:00-ге дейін ашық болады. Осы уақыт аралығында қариялар осында басқосып, уақыттарын қызықты да пайдалы өткізеді.

– Осы клубтың ашылуымен уақытымызды тиімді де пайдалы өткізіп келеміз. Спорттық ойдар ойнап, көңіліміз бір сергіп қалады. Шай қойып, әңгіме-дүкен құрамыз. Мұнда келетін ақсақалдар шахматты, дойбыны, бильярдты өте жақсы ойнайды. Басында кейбіреуі білмейтін еді. Бірақ қазір үйреніп алды. Кейбір спорт шеберлерін де жеңіп кетіп жатады. Ең бастысы уақытымыз көңілді өтіп жатыр. Қыс уақытында да бұл жер жылы. Түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырып отырамыз, – дейді қария.

«Кәрілік деген – шаруадан гөрі демалуға көп уақыт кететін кезең» деп бекер айтылмаса керек. Шынында да, өмірдің қиыншылығана төзіп, дүниеге ұрпақ әкеліп, оны өсіріп, солардың қызығын көретін қариялық шақ демалып, балаларының ортасында бақытты ғұмыр кешетін кез емес пе. Осындай бір әулеттің баға жетпес қазынасына айналып отырған ақсақалды қарттарымыз аман болсын.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77