Тұрғындардың қолымен жасалған әсемдік алыстан көз тартады
Әсем де түрлі-түсті гүлдер сұлулықтың белгісі. Әдемі гүлді ұнатпайтын жан жоқ шығар сірә. Жайқалып өсіп тұрған гүл кез-келген жанға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Аспанмен таласқан жаңадан тұрғызылған көп қабатты тұрғын үйлері бар «Аэрапорт» шағын ауданы жылдан жылға үлкейіп, көркейіп келеді. Мұндағы түп-түзу жолдар, балаларға арналған ойын алаңдары еріксіз көзге түседі.
Міне, осындай әсемдікті өзінше толықтырып тұрған осы шағын аудандағы №24-ші үйдің ауласы десем қателеспеген болармын. Бұл әсемдік осы үйдің тұрғындарының қолымен жасалған екен. Бұл жаңадан салынған үйдің кілті 2018 қала тұрғындарына табыс етілген. Екі жылдай осында тұрып жатқан тұрғындар подездерінің алдына түрлі-түсті әсем гүлдерді отырғызуға бел буыпты.
Бұл жайында осы үйдің тұрғыны, арбада би билеу бойынша халықаралық спорт шебері Малика Мұхтарованың әжесі Ұлболған Аяғанованы сөзге тартқанымызда:
– Мен Боровской ауданының тумасымын. Көп жылдар қатарынан Харьков ауылында тұрдым. Қалаға немерем Маликаға жаңа пәтердің кілті берілген соң қасында болу үшін көшіп келгенмін. Жаңадан тұрғызылған үйдің ауласында гүл болмайды ғой. Сондықтан ауламызды көркейту үшін гүл отырғызайын деп шештім. Гүлге бала кезімнен құштармын. Оны отырғызу, күтіп-бағы менің сүйікті ісім. Ауылда тұрған кездерімде үйімнің алдында гүл өте көп болатын. Сол ауылдың балалары 1 қыркүйекте мектепке баратын кезде қолдарына ұстайтын гүлді менен алатын еді. Міне, қалада да тереземнің алдында гүлдің жайқалып өсіп тұрғанын қаладым. Өзім бірінші қабатта тұратындықтан күнде есік алдына шығып, гүлдерді баптау еш қиындық тудырмайды. Керісінше бір уақыт таза ауада сүйікті ісіммен айналысамын, – дейді.
Аталмыш шағын аудағыдағы №24 үйдің №2 подезінің алдындағы жайқалған гүлдер бір адамның ғана еңбегі емес. Бұл әсемдікке сол подездің барлық тұрғындары дерлік атсалысқан десек артық болмас. Мәселен, мұндағы бір тұрғын гүл отырғызу үшін аса қажетті құнарлы топырақ әкеліп берсе, қалғадары ақшалай жиналып, әсем гүлдердің көшеттерін сатып алған.
Гүл отырғызу науқанының бел ортасында жүрген осы үйдің тағы бір тұрғыны, зейнеткер Светлана Моисеева.
– Гүл әрдайым сұлулықтың символы болып қала береді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қолымыз бос. Күнделікті бір уақыт гүл суарып, таза ауамен тыныстап отырамыз. Гүлді ауа райы қатты ыстық болған кездері күнде суарып тұрамыз. Арасында өсіп кеткен арам шөптерін де жұламыз. Өзім гүл еккенді, оны күтіп баптауды жақсы көремін. Ауламыздағы осы өзіміз отырғызған гүлдер алыстан көз тартып, жайқалып өсіп тұр. Үйдің қасынан өткен жандардың бір уақыт осында тоқтап, гүлдерге зер салып тұратынын байқаймын. Шыныда да мұндағы гүлдер көздің жауын алады, – дейді.
Аулада өсіп тұрған гүлдердің түрі өте көп. Оның ішінде фиалка, лилия, веселые ребята, петуния, петуния кружевница, флоксы, львиный зев және басқа да әсем гүлдердің түрлерін көруге болады. Олардың арасында тіпті құмырада өсіп тұрған гүлдер де бар. Қайсысын алып қарасаңызда өте әдемі, жайқалып тұр.
– Гүл алыстан көз тартады ғой. Біз осыдан екі жыл бұрын жаңа пәтердің кілтіне ие болып көшіп келгенде аулада ештеңе болмап еді. Енді міне өзіміздің қолымызбен әсем аула жасап алдық. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін адамның бос уақыты көп болады ғой. Көрішлерімнің қосылып, аулаға гүл отырғызғалы жатқандарын естіп мен де атсалысуды ұйғардым.Мұндағы гүлдердің түрлері өте әдемі. Өзіме петуния, фиалка гүлдері қатты ұнайды. Сондықтан бірден гүлдердің осы түрлерін отырғызуды ұсындым, – дейді осы подездің белсенді тұрғындарының бірі Гүлия Биева.
Түкті кілемдей жайқалып тұрған түрлі-түсті гүлдер өте керемет. Ауланың алды алыстан көзге түседі. Онда сұлулыққа жаны құмар, еңбекқор жандардың тұратынын бірден аңғарасың. Әр адам өзінің ғұмыр кешетін ортасын осындай әсемдікке бөлей білсе, шаһарымызда әдемі де сұлу жерлер көбейе түспей ме. Қаламыздың ажарлана түсуі бірінші кезекте онда ғұмыр кешіп жатқан біздерге байланысты емес пе.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77