дейді қалалық №1 емхананың онколог-маммолог дәрігері Наталья Белякова
Адам жанының арашасысы дәрігерлердің қоғамда алатын орны маңызды. Әсіресе, қазіргі әлем бойынша тарап жатқан қауіпті дерт коронавирус ақ халатты абзал жандардың өмірімізде қаншалықты қажет екенін айқын көрсетіп тастады.
Бір кездері денсаулық саласы халық тарапынан үлкен талқыға түсіп, дәрігерлердің кәсібилігіне күмандана қараған сәттеріміз де болды емес пе. Бірақ басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса бірден ақ халатты жандардың алдына келетініміз белгілі.
Әрине, әр кәсіптің өзінің майталман білгірі болады. Дәрігердің де кәсіби шеберлері бар. Олар әрине, көп жыл бойы бір орында тапжылмай еңбек етіп, бай тәжірибе жинағандар болса керек.
Бірақ мен соңғы жылдары 9 жыл қатарынан медициналық білім алып, қызметтеріне кірісіп жатқан жас дәрігерлерді де осал деп айта алмаймын. Өйткені, қазір жастардың білімге, кәсібилікке ерекше мән беретін уақыты. Былай алып қарасақ, 9 жыл медициналық оқу орнында білімсіз жанның оқуы мүмкін емес сияқты. Мұндай жоғары оқу орнын бітіріп, дипломды маман атанудың өзі оның білімді екенін көрсетсе керек.
Осы ретте қаламыздағы ауырып ем іздеген жандардың ішкі жан дүниесін айтпай-ақ ұғынатын жас дәрігерлердің бірі №1 қалалық емхананың онколог-маммологы Наталья Беляковамен арнайы жолыққан болатынмын.
Наталья Денисов ауданына қарасты Жалтыркөл деп аталатын ауылда 1991 жылы дүниеге келген. Осында мектеп бітіріп, болашақта дәрігер боламын деп шешеді. Оның себебі, білім ордасының қабырғасында жүрген зерек оқушы Натальяға химия, биология пәндер жеңіл болады.
Бұл сабақ түрлерінен еш қиналмағанын айтады. Осы пәндерден сабақ берген ұстазы да сен болашақта дәрігер болсаң қайтеді деп ақыл-кеңес береді.
Кейін мектеп бітіріп, ҰБТ тапсыратын кезде таңдамалы пән ретін биология мен химияны таңдап, жоғары бал жинап, Қарағанды медициналық университетіне мемелекеттік грантпен оқуға түседі. Сабақ үлгірімі жақсы, зейінді жас бұл оқу орнындағы бағдарламаны да тез меңгеріп кетеді.
Қарағанды шаһарында 9 жыл бойы дәрігер мамандығын меңгеріп, 2018 жылы өзінің туған өлкесіне келеді. Жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маманды Қостанай қаласындағы №1 емхананың ұжымы қуана-қуана қарсы алады. Өйткені, өңірімізде әлі де дәрігер мамандығының тапшылығы бар екені жасырын емес. Соның ішінде онколог-маммолог мамандығы жетіспей жатады.
Натальяның анасы Алена тарих пәнінің мұғалімі, әкесі Николай болса, бір шаруа қожалығында жұмыс істейді. Наталья үйінің жалғыз баласы. Сондықтан да ата-анасына өзі қамқоршы, өзі қолқанат болуға тырысады.
Жауапкершілігі мен қиындығы қоса жүретін дәрігер мамандығы оңай емес. Қаламыздағы емханада жұмыс істеген 3 жыл ішінде Наталья мамандығының қыр-сырын бір кісідей меңгерген. Алдына ауырып ем іздеп келгендердің көңілін аулау да дәрігердің жұмысының бір бөлшегі деп санайды.
– Мен қазіргі қоғамның үлкен індетіне айналып отырған қатерлі ісік ауруының дәрігерімін. Өкінішке орай, бұл қатерлі дертке шалдығатындардың жасы жыл санап жасарып келеді. Осы жағдай мені қатты алаңдатады. Бізге қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін деген қорқынышпен күнде көптеген адам келеді.
Оларды бірінші толық тексерістен өткіземіз. Оның тапсырған сараптамалары, түсірген снимкаларына қарап мен бірден қатерлі ісіктің барын не жоғын білемін. Кейін оның сараптамаларының қорытындысын айтарды өзімді салмақты, сабырлы, сенімді ұстаймын. Тек осылай ғана ол кісілерді емді тияқты қабылдаса, бұл дерттен жазылып кетуіне болатынына сендіре аламын.
Мен дәрігер ретінде ешқашан адамдарды шошытып, өздеріне деген сенімдерінен айырмауым керек. Осы жылдар ішінде ауырған жандардың психологиясын жақсы түсінетін болдым. Олармен әңгіме барысында, салмақты болып, қорқынышты ештеңе жоқ екеніне сендіремін. Менімен әңгімелескеннен кейін олар өздерінің бұл дерттен жазылып кететініне сенімдері арта бастайды.
Бұл жерде қатерлі ісікке шалдыққандарды анықтап, барлық сараптамаларымен облыстық онкология ауруханасына жолдама беремін. Олар сол жерде ем қабылдай бастайды.
Бүгінде сүт безі мен асқазанда қатерлі ісіктің табылуы көп кездеседі. Мысалы, әйел адамның сүт безіндегі қатерлі ісік енді басталып келе жатқанда яғни бірінші сатысында анықталып, бірден емдеу жұмысы жүргізілсе, ол кісінің толық емделіп шығуына жүз пайыз мүмкіндігі бар.
Оны емдеу жолдарына тоқталсақ, бірінші ол химия терапиясын алады. Сосын ісік пайда болған сүт безіне ота жасалады. Содан кейін қайтадан химия терапиясынан өтеді. Осыдан кейін горманалдық терапия яғни дәрі ішеді. Бұл дәрілердің көмегі өте зор. Оны үзбей уақытында ішіп отыру қажет. Осы емдерді жақсы көңіл-күймен қабылдаса ұзық жыл ғұмыр кешіп, өмірдің бар шаттығын сезіне алады.
Аурудан толық емделіп шығу үшін адамның өзінің ойы да жақсы болуы керек. Мен бұл жайында бекер айтып отырған жоқпын. Ол «мен толық жазыламен, осы дертті жеңімін» деп өзінің санасын жақсылыққа бағыттауы қажет. Егер адам «мен қауіпті дертке шалдықтым, енді өлемін» деп өзіне жаман ойды қалыптастырса, онда ол өзін-өзі іштей жеп, жағдайы төмендеп кетуі мүмкін. Сондай-ақ мұндай кездері адамның жанындағы жақындарының да қамқорлығы өте маңызды. Олар да мен сияқты тек жақсылыққа үміттеніңіз, болашақта жазылып кетесіз деп көңіліне сенім орнатуы қажет. Отбасының да оған ерекше қамқорлығы, жылы лебізі керек,-дейді дәрігер.
Иә, қазір қоғамда осы қатерлі ісікке шалдығып жатқандардың көбейіп келе жатқаны белгілі. Көп жылдар қатарынан осы дертпен күресіп ғұмыр кешіп жатқандар қаншама. «Ауру айтып келмейді» одан толық сақтанудың да жолы жоқ. Сондықтан ауруды асқындырмай дер кезінде емдеп, әрдайым дәрігердің бақылауында болған жөн.
Осы жерде онколог және момолог дәрігердің кеңесі, екер нәзік жандылар сүт безінің ауырсынуы немесе қолтық жағынан сүт безінен бір түйінді және сүт безінен сары немесе қанаралас сұйықтықтың бөлінгенін байқасы міндетті түрде дәрігерге жүгініп, толық тексерістен өтулері маңызды. Осындай белгілер байқалған жағдайда уақытты көп созбаған жөн.
– Біз облыс орталығында тұратын 40-70 жас аралығындағы әйелдерді 2 жыл сайын скринингтен өткізіп тұрамыз. Олардың тексерістен өтетін уақыттары келген кезде учаскелік дәрігерлер үйлерін аралап, скринингтен өтетін уақыты келгенін жеткізеді. Содан кейін олар жаппай тексерістен өтеді. Сол тексерістің нәтижесі бойынша жұмыс істей бастаймыз. Кейбіреулерінде қауіпті ісіктің белгісі табылып жатады. Ондай кездері оларды тізімге алып, уақытында ем алып, ауруын асқындырып алмауын қадағалаймыз.
Қай ауруды болмасын алғашқы сатысында емдеген абзал әрине. Осыны қала тұрғындары дұрыс түсінсе екен дейімін. Дәрігер ретінде жұмыс бастылыққа салынбай, бір уақыт өз денсаулығына ден қойған дұрыс деген кеңес беремін. Жалды алатын бір ай демалысты бірінші кезекте денсаулығын тексеруден бастағаны дұрыс. Қай жері ауырады сол жерін тексертіп, дертінің қаншалықты қауіпті екенін білгені маңызды. Содан кейін дәрігердің нұсқаулығы бойынша дәрі-дәрмек ішіп емделу қажет. Жазғы демалыста қыдырған да жақсы әрине. Бірақ денің сау ештеңеге алаңдамай жүргенге не жетсін, – дейді онколог- маммолог Наталья Белякова.
Әрине, еш жеріңіз ауырып, мазаңызды алмаса да, жылына бір рет медициналық тексерістен өтіп, денсаулығыңыздың жақсы екеніне көз жеткізіп, өзіңізді сенімді сезінуіңіздің өзі бір бақыт емес пе.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77