Біздің Қостанай

Қазақша ән салған – Денис Яковлев

Тіл мен өнерді бір арнаға тоғыстырған жерлесіміз биік белестерді бағындыруда

Көңілі дархан даласындай кең қазақ елі өзге ұлт өкілдерін жатсынбай бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Сонымен қатар, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артып келетіндігін де анық аңғаруға болады. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысуға зор мүмкіндік алып отыр. Сол сияқты олардың күнделікті өмірі мен қызметіне де қазақ тілінің көп көмегі тиіп, жетістікке жетуге жол ашқанына куә болып келеміз. Осы орайда «Біздің Қостанай» газеті мемлекеттік тілді жетік меңгергіп, сол арқылы арман мақсаттарына қол жеткізіп, бүгінгі таңда ел игілігіне қызмет етіп жүрген өзге ұлт өкілдері жайлы баяндалатын «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты жобасын ұсынады.

Біздің жобамыздың шымылдығын түргелі отырған кейіпкеріміздің есімі Денис Яковлев. Ол Қостанай жерінің тумасы. Оның тілге деген қызығушылығы мен құрметі қазақ әнінен бастау алған десек қателеспейміз. Мектеп жасынан ән айтуды жанына серік еткен ол әсіресе «Отан Ана» әнін ерекше ықыласпен орындайды. Жастайынан аймақтық байқауларға қатысып жүрген Денис Викторович музыкант емес теміржолшы оқуына түседі. Әскер қатарына барып келгеннен кейін де оның қазақ әніне деген құштарлығы қайта оралады. Кейін ол Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің қазақ бөліміне оқуға түсіп, домбыра сыныбын аяқтайды.

Қазақ тілінде ән айту үшін әннің мағынасын түсіну маңызды дейді ол. Денис Яковлев мектепте оқып жұрген кезден бастап қазақ тілін жақсы меңгерген көрінеді. Оған достарымның, қоршаған тілдік ортаның септігі мол дейді.

«Егер сіз әнді сезбесеңіз, оны жеткізе алмайсыз, көрермен бірден жалғандықты түсінеді», – деп түсіндіреді ол.

«Менің әнді қазақ тілінде таза орындауым бәріне ұнайды. Халық арасынан сенің дауысың жақсы, сен Димаш сияқты стадиондарды жинайсың, сен үлкен сахнаға шығуың керек деп айтып жатады», – дейді Денис Яковлев.

Ол бір уақытта әскери және музыкант болуды үйренді. Денис бүгінде Ұлттық гвардияның ән және би ансамблінде қызмет етеді. Республикалық және халықаралық түрлі ән байқауларының жеңімпазы, мемлекеттік наградалардың иегері сондай ақ тіл жанашыры, жалынды жас Денис отбасында жолдасы екеуі өрімдей екі қыз бен бір батырды тәрбиелеп отыр. Балаларының да мемлекеттік тілді біліп ер жетулеріне күш жұмсау үстінде.

– Біз бұл байқауда да қазақ халық әндерін орындадық. Жалпы мақсатым қазақтың мәдениетін, музыкасын терең меңгеріп оны жастар арасында насихаттау. Бүгінде менің репертуарымда «Ақ бақай», «Екі жирен» сияқты тамаша шығармалар бар. Осы ән арқылы мен қазақ тілін меңгеруге деген құштарлығым ашылды. Қазақ тілінде сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе. Тіл білу ұлтты тану деп білемін. Осы тілдің арқасында халықаралық телевизиялық «Топжарған» байқауына да қатысып финалист атандым. Өмірдегі барлық жетістіктерім мемлекеттік тілдің және еңбектің арқасы деп білемін, – дейді Денис.

Біз хабарласқан сәтте Денис Викторович Халықаралық «Жұбанов әуені» байқауына қатысып бақ сынап жатқандығын айтқан болатын. Бұл байқауда да Денис қатысқан ерлер хоры Гран-приді қанжығаларына байлағанын естіп қуанып қалдық.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет кейіпкерден
алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77