Социум

Қазақтың тілі – қазақтың жаны

Тіл мәселесі мемлекет басшысының жіті назарында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ғылым-біліммен бірге мемлекеттік тіл туралы айтқан пікірі – тіл мәселесінің мемлекет басшысының жіті назарында екенінің айқын дәлелі.

Президент «Мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруымыз керек. Бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудару қажет. Олар тіл үйрету барысында негізінен оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді» деді.

Бұл – мемлекеттік тілді оқыту курсын ұйымдастырумен айналысатын тіл орталықтарының жұмысына да тың серпін береді деген ойдамыз. Қостанай облысында тілдерді оқыту инфрақұрылымы жасалған. Бүгінгі күні облыс бойынша заманауи оқытудың әдістемелік және техникалық құралдарымен қамтылған 20 тілдерді оқыту орталығы бар.

Мемлекет басшысы бұған дейін «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан Халқына Жолдауында әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі білім беру сапасын жетілдірумен тығыз байланысты екенін атап көрсеткен болатын. Еуропалық білім кеңістігінде педагогиканың бір саласы болып табылатын «андрагогика» термині «ересектерді оқыту», оларға «үздіксіз білім беру» мағынасында қолданылып жүр. Қазіргі таңда адамның үздіксіз білім алуында ересектерге білім беруді ұйымдастыру – жаһандық деңгейдегі құбылыс болып тұр. Сондықтан да ересек білім алушыларға қазақ тілін үйрету – мемлекеттік және қоғамдық құрылысты қалыптастыруда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейте түседі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тіліне айналып, қоғамдық келісімді нығайтудың негізі бола бастайды.

«Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беру керек. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді».

Тіл саясаты комитетін Білім және ғылым министрлігіне беру – бірқатар мәселелердің оң шешілуіне тікелей ықпал етеді. Айталық, қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу мен үйрету ісіне қатысты жұмыстарды да бір орталыққа шоғырландыру арқылы мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіруге қол жеткіземіз. Мысалы, мемлекеттік тілді ересектерге салалық тұрғыда меңгертудің іскерлік, кәсіби бағыттағы тетіктерін дамытуда Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп тиімді оқу бағдарламалары жасалып, сапалы оқу-әдістемелік құралдар қолданысқа енеді.

Сондай-ақ, ересектерге тілдерді оқыту орталықтарының ұйымдық-құқықтық нысанын, құрылымын, қызметтік мәнін, функционалдық міндеттерін қайта қарап, тілдерді оқыту орталықтарында жұмыс істейтін оқытушылардың да білім беру ұйымдарының мұғалімдерімен тең дәрежеде қарастырылуы, сонымен қатар біліктілік талаптары бойынша республикалық деңгейдегі типтік ережелерді бекіту мәселелерін шешуге өз септігін тигізеді деп ойлаймыз.

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде». Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде Президент айтпақшы «тіл – үлкен саясаттың құралы» екенін ескере отырып мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде салтанат құруы үшін жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.

Мемлекет басшысының жоғарыдағы мәлімдемесі алдағы уақытта орталықтардың жұмысын жаңаша бағытта үйлестіруде тың серпін беріп ілгерілете түседі деген ойдамыз.

Гүлжан Мендекинова,
Қостанай облысы әкімдігінің
тілдерді дамыту басқармасының басшысы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77